Бейсенбі, 4 Қыркүйек 2025
«Соқыр» Фемида 208 0 пікір 4 Қыркүйек, 2025 сағат 14:23

"Рухани жеңімпаздық" - тойшыл қоғамға тән дерт!

Сурет: Қармақшы таңы сайтынан алынды

Асаба-басқарушы, ұйымдастырушы, жүргізуші мағынасында болып әр ұлтта бар. Бүгінгі күні қазақ қоғамында асабалық кәсіп ретінде қалыптасты. Әрі өте жақсы ақша табатын кәсіптердің біріне айналды. Әрине бұл қазақтың той бизнесінің қазіргі хал-харекетіне төте байланысты. Сондықтан асабалықтың хал-қадірін сараптау үшін алдымен қазақтың тойы туралы толғану қажет.

Той туралы айтқанда қазақтың бұрынғы той мәдениеті мен қазіргі қазақтың той мәдениетін бөліп қарастыру керек. Той мәдениеті әр ұлттың салт-дәстүрінде айрықша орынға ие. Қазақтың бұрынғы тойы көшпелі тірліктегі рудың, ұлыстың, тіпті ұлттың береке-бірлігінің, беделінің белгісі, қоғамның бірлігін қалыптастыратын факторлардың бірі болған. Рухани байлық алға шығатын, мәдениет алмасатын, жасалатын тәрбие құндылықтары таратылатын мектеп һәм мәдениет жәрмеңкесі болған. Қазақтың негізгі тойы-қыз ұзату тойы мен келін түсіру тойы. Бұл тойлардың түпкі мәні екі жастың бас құрағандығын ел-жұртқа жария ету. Рулық жүйеде өмір сүрген отбасы үшін бұл тойға рудың қуанышы, беделі, көшпенді тірліктегі қоғамның сұранысы қосылатын. Сондықтан да той қазақтардың  санасында өте маңызды орында болған.

Ұлт феодалдық қоғамда қалыптасқан. Капиталистік қоғамда дамыды. Адамзат қоғамына орасан зор өзгеріс әкелудің басы болған, адамзатты капиталистік қоғамға аяқ бастырған өнеркәсіп төңкерісі мен нарықтық қоғам ұлттың дамуына өте үлкен сұрақтар қойды. Капиталистік қоғамға алдымен аяқ басқан батыстағы ұлттар өз мәдениетін нарықтық қоғамның талабына сай реформалап, бүгінгі дамыған ұлт санатын қалыптастырды.

Адамзаттың рухани даму барысын зерттеген 18 ғасырдағы атақты француз ғалымы Герим:«қайсы бір ұлт алдымен ақын, соңынан ойшыл болмаған?»  деген сұрақты қойған. Орыстың әйгілі философы, назарияшысы Г. У. Плеханов (1856-1918) бұл сұраққа тоқтала келіп былай деген:«Ол (Герим) бір ұлттың поэзиясының гүлденіп көркеюі сол ұлттың балалық жастық дәуірімен тұстас келеді. Ал философияда белгілі табысқа жету – сол ұлттың есейген дәуірінде ғана жүзеге асады» деген көзқарасты алға қойған.

Қазақ ұлты капиталистік қоғамға аяқ басып, нарықтық қоғамға бетпе-бет келгеніне отыз неше жыл болды. Ұлтымыз ақын ұлт болудан ойшыл ұлт болуға бұрылыс жасаудың тарихи кезеңінде тұр. Бұл бұрылыс ұлт ретінде қазақтың, мемлекет ретінде Қазақстанның тағдыры байланған бұрылыс. Бірақ қазір біздің поэзиялық ойлау формамыздағы сезімге берілгіштік, ар-ұждан ұяты нормалары, қазіргі нарықтық қоғамның талабына сай ұлт ретінде философиялық деңгейдегі ойшылдық пен сыни ойлаудың қалыптасуына бөгет болуда.

Поэзиялық ойлау формамызға өзгеріс жасай алмауымыздың ең басты себебі біз той мәдениетімізге өзгеріс жасай алмадық. Той туралы қарапайым халық әлі де бұрынғыдай «той – халықтың қазынасы», «той дегенде қу бас домалайды» деген түсінікте болып отыр. Нарықтық экономикадағы бәсеке санасы тойды заттық байлықтың, авторитеттің бәсекесіне айналдырып жіберді. Сонымен қазіргі қазақтың басты тіршілігі той болды. Тойқұмарлық сананың күшеюі адамды алаңдататын жағдайға жетті. Жақында әнші Сәкен Майғазиев келін түсіріп той жасады. Тойдың дүбірі мен сән-салтанатын айтпай-ақ қойсақ та тойдағы мына жайт шошытты. Сәкенге «тойыңа қатысуға мүмкіндік берсең болды, тойыңда тегін қызмет өтеуге даярмыз» деп 100 дей адам жекелігіне хабарласқан. Тойға баруға соншама зәру болған бұлар қандай адамдар? Бұл нені түсіндіреді? Бұл біздің қоғамда тойқұмарлық сананың қаншалықты күшті екендігін көрсетеді. Сәкен Майғазиевтің бұл тойы туралы «Ұлы той ма, тобырлық сананың көрінісі ме?» деген мақала жазылды. Оқылды. Бірақ талқыланбады. Ешкім той мәселесін талқылауға ықыласты емес. Белгілі айтыс ақыны Жандарбек Бұлғақов:«Біз тірлікте екі нәрсені қатты қиындастырып алғанбыз. Бірі өлім жөнелту. Екіншісі неке тойы. Неге шабылмай қарапайым жасамасқа»-дейді. Сонымен бірге «Бұл пікірімді көп кісілерге айтам. Олар айтқаның дұрыс дейді. Бірақ ешқайсысы нақтылы әрекетке бармайды» - дейді. Бізге белгілі Жандарбек жай адамдарға айтып жүрген жоқ. Бұл бүгінгі тойдың қандай тұлғалардың санасын қаншалықты жаулап алғандығын көрсетеді.

Бүгіндер біз ұлт болып той деп жінігіп алғанбыз. Жінігіп алған адам сөз тыңдамайды. Той деп тыраштанып алғанбыз. Тыраштанған санада ес болмайды. Той қуаныш пен шаттанған көңілден тұрады. Бұндай рухани хәлде адамдардың санасы ақылды керек қылмайды. Сосын да халқымыз тойда ой болмайды деген сөз қалдырған.

Той қазақтың уақытын ұрлап, заттық байлығын босқа шашып, жініктіріп, тыраштандырып қоймай ең қатерлісі қазақты рухани жеңімпаздық дертіне шалдықтырды. Бұл дерт бір ұлт үшін айтқанда барлық былық пен шылықтан да қатерлі дерт.

Қытай елі тарихта өздерін аспан астындағы ең күшті елміз басқа елдер бізге бағынышты, құрметпен қарау керек деп санайтын сосын да өздерін "аспан асты елі" деп атаған. Басқа елдерге тіпті дипломатиялық құрмет жасауды да түсінбейтін (19 ғасырда қытай патшасы батыстағы бір елдің елшісін қабылдамақ болады. Елшіге орда салты бойынша патшаға тізерлеп жүгініп, бас ұрып құрмет көрсету талабы қойылады. Елші келіспейді. Кездесу жүзеге аспай қалады). 19 ғасырдың соңында батыс елдері Қытай қақпасын зеңбіректің оғымен ашты. Сегіз ел бірлескен әскері Қытай елін таран-таражға салды. Қытайды "Азияның дымкәстері" деп масқаралады. Бейжиңдегі Ихиуән бақшасын басып алған шетелдіктер бақша қақпасына «Ит пен Қытайдың бақшаға кіруіне болмайды» деген ескерту тақтайшасын асып, Қытай ұлтын қорлады. Бірақ өздерін зор санап үйренген халық оянбады. Шындықты мойындамады. Өздерін жеңімпазбыз, мықтымыз, шетелдіктер бізге ештеңе істей алмайды деп санады. Қытайдың төңкерісшіл ұлы жазушысы Лушүн (1881-1936) Қытай халқының бұл санасынан қатты түршікті. Ол уәкілдік шығармаларының бірегейі саналатын «Акюдің ресми өмірбаяны»  атты шығармасы арқылы бұл құбылысты терең талдап, әшкереледі. Аталмыш әңгімеде бас кейіпкер Акю емтиханнан өте алмай, ұлық болу жолы кесілген оқымысты-сымақ. Бірақ ол өмірбойы өзін елге оқымысты етіп көрсетуден қайтпайды. Сол дәуірде оқымыстылықтың белгісі болған ұзын шапанын қаншама тозса да, кірлесе де үстінен тастамайды. Оқымыстылар баратын шарапханаға барады. Оқымыстыларша шарап ішеді. Тірлікте тығырыққа тіреліп, қайыршылық халге түсіп, елдің қорлауымен масқаралауына ұшыраса да оқымыстылық әлпеттен уаз кешпейді. Өзін қарапайым елден жоғары тұратын оқымыстымын деп өмірден өтеді. Бұл қаншама масқарасы шығып жатса да шындықты мойындамайтын өзін-өзі мақтап, жеңімпаз санайтын рухани хал — рухани жеңімпаздық еді. Қытай оқымыстылары бүгін де: «Кезінде Лушүн Нобель әдебиет сыйлығына ұсыну бастамасы көтерілгенде, егер менің Нобель сыйлығына көрсетілгенім жұртқа жария болса, халқымның рухани жеңімпаздық дерті асқынып кетеді деп өз еркімен кандитаттыққа көрсетілуден бас тартқан екен»-деп жүр.

Бүгінгі қазақ ұлты дәл осы рухани жеңімпаздық дерті меңдеткен халде. Абай атамыз: «Адам баласының аз ба, көп пе, мақтаннан аулақ болмауы қиын»-деп айтқан. Қазақтың бойындағы осы пенделік болмыстың тетігін қазақтың тойы дәп басып ашып тұр. Батыр атанғыңыз келсе, авторитетіңіздің барлығын елге дәлелдегіңіз келсе ебін тауып той жасаңыз. Тойда сізге мақтау мен марапаттаудан тау тұрғызылады. Тойға қатысқан халық та шаттықтан басы айналады. Рухани жақта өздеріне тең келетін адам, халық жоқтай мастана хәлде болады. Рухани дүниеңізге бақыт сезімі қонақтап, санаңызды ессіз есіріктеу сезім жаулап алады. Реал нарықтық қоғамда неменеге табан тіреп, мақтануға болатын ащы шындықты ойламайсыз, мойындамайсыз. Міне бұл бүгінгі қазақты меңдеткен аталмыш "Рухани жеңімпаздық" деп аталатын дерт. Қазақтардың бұл күндері: «қазақты тойдан айырмасын»- деп ұрандатуы да осындай рухани жеңімпаздық дерттің есенгіретуінің себебінен. Той арқылы қазақты бұндай рухани дертке шалдықтырған басты фигурант кім? Ол той жасаған адам тойымның мәртебесін асырып бер деп ақша беріп арнаулы жалдап алған, той тізгінін ұстайтын "асаба" деп аталатын тұлғалар. Асаба халықты рухани жақтан тонаушы. Қазақтың тойын рухани жеңімпаздықтың  вирусын тарататын ұяға айналдыруға бірден-бір себепкер болушы. Сондықтан асаба бүгінгі қазақ халқының жауы. Біз тек тілімен жағына сүйеніп, мақтау сөзді сатып ақша табатын мұндай асабалықтан бас тартуымыз керек. Асабалықты жай үйлестіруші, ұйымдастыру қабілеті бар кез-келген адам атқара алатын жұмыс санатына түсіруіміз керек.

Ағыбай Акбар

Abai.kz

0 пікір