Сейсенбі, 9 Қыркүйек 2025
Жаңалықтар 240 0 пікір 9 Қыркүйек, 2025 сағат 14:51

Әлем чемпионаты: Ел намысын кімдер қорғайды?

Сурет: olympic.kz сайтынан алынды.

13-21 қыркүйек аралығында Хорватияның Загреб қаласында күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтеді. Байрақты додада Қазақстан құрамасы да жүлде үшін таласады. Турнир және отандастарымыздың мүмкіндіктері жайлы толығырақ Olympic.kz материалында.

Биыл өтетін әлем біріншілігі 2024 жылғы Париж Олимпиадасынан кейінгі ірі халықаралық турнир болмақ. Бұл додада 900-ден астам балуан бақ сынайды. Бұл көрсеткіш әлем чемпионатының тартысты өтетіне сөзсіз дәлел бола алады.

Жарыс бағдарламасына еркін күрес, грек-рим күресі және әйелдер күресі енген. Қазақстан құрамасы осы үш бағыттың барлығында да жүлде үшін сынға түседі. Төменде әлем біріншілігінде күресетін балуандардың тізімі көрсетілген:

Еркін күрес:

57 келі: Әділет Әлмұхамедов

61 келі: Асылжан Есенгелді

65 келі: Начын Куулар

70 келі: Нұрқожа Қайпанов

74 келі: Әлібек Әбдіқасым

79 келі: Болат Сақаев

86 келі: Азамат Дәулетбеков

92 келі: Камил Куруглиев

97 келі: Ризабек Айтмұхан

125 келі: Әлішер Ерғали

Грек-рим күресі:

55 келі: Марлен Мұқашев

60 келі: Айдос Сұлтанғали

63 келі: Ержет Жарлықасын

67 келі: Дін-Мұхамед Қошқар

72 келі: Мерей Мәулетқанов

77 келі: Демеу Жадраев

82 келі: Альмир Төлебаев

87 келі: Ислам Евлоев

97 келі: Рахат Бержанов

130 келі: Әлімхан Сыздықов

Әйелдер күресі:

50 келі: Светлана Анкичева

53 келі: Зейнеп Баянова

55 келі: Зульфия Яхьярова

57 келі: Лаура Алмағанбетова

59 келі: Виктория Хусаинова

62 келі: Тыныс Дүбек

68 келі: Бейбіт Сейдуалы

72 келі: Жәмилә Бақбергенова

76 келі: Эльмира Сыздықова

Егер құрамға назар аударсақ, онда Олимпиада мен Азия ойындарының жүлдегерлерімен қатар, жас буын өкілдері де бар екенін көреміз. Әсіресе грек-рим күресінде жасару үдерісі байқалады. Бұл қатарда Айдос Сұлтанғали, Дін-Мұхамед Қошқар, Рахат Бержанов, Альмир Төлебаев пен Марлен Мұқашев сияқты болашағынан үміт күттіретін балуандарды атап өтуге болады.

Ұлттық құрама сапы 17-20 шілде аралығында Будапештте (Венгрия) өткен турнирдің қорытындысы бойынша жасақталды. Бұл туралы ұлттық құраманың бас бапкері Қонысбек Кәрімұлы мәлімдеген болатын.

Айта кетейік, Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу Жадраев жаңа маусымды сәтті бастады. Ол Германияда өткен халықаралық Гран-при турнирінде топ жарған болатын. Сондықтан Загребтегі бәсекеде де медаль үшін күресуге дайын.

Еркін күрестен Нұрқожа Қайпанов 70 келі салмақтағы басты фавориттердің бірі саналады. Сонымен қатар жапониялық балуан Есиносукэ Аояги дәл осы салмақта чемпиондық атақ үшін бақ сынайды. Өткен жылы Қайпанов финалда Аоягиден басым түсіп, алтын жүлдені жеңіп алған еді. Аояги биыл Budapest Ranking Series турнирінде жеңіске жетіп, бабында екенін көрсетті, алайда ендігі тартыс Загребте өтпек.

Қайпанов Азия чемпионатында 74 келіге дейінгі салмақта алтын медальға ие болған еді. Алайда қазір 70 келіге қайта оралып, әлем чемпионы атағын қорғауды мақсат етіп отыр.

86 келіге дейінгі салмақта Азамат Дәулетбеков бозкілемге шығады. Әрине бұл салмақта екі дүркін әлем чемпионы Камран Гасемпур (Иран) басты фаворит саналады. Дегенмен сарапшылардың пікірінше Азамат Дәулетбеков күтпеген нәтиже көрсетуге қауқарлы.

Ал 97 келіде сынға түсетін Ризабек Айтмұханның өнерін жанкүйерлер асыға күтуде. Бұл салмақтағы бәсеке аса шиеленісті болмақ. Аталмыш салмақта кіл мықтылар жиналған десек те қателеспейміз. Бұл туралы осы сілтеме арқылы оқи аласыз.

Одан бөлек, биыл өтетін байрақты бәсекеде Олимпиада ойындары, әлем чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері өнер көрсетеді. Атап айтсақ, Ахмед Тажудинов (Бахрейн), Гиви Мачарашвили (Грузия), Кайл Снайдер (АҚШ), Магомедхан Магомедов (Әзірбайжан), Амир Али Азарпира (Иран), Араш Иошида (Жапония), Абдулрашид Садулаев (Ресей), Мириан Майсурадзе (Грузия), Батырбек Цакулов (Словакия), Магомедхабиб Кадимагомедов (Ресей).

Одан бөлек, Заурбек Сидаков (Ресей), Спенсер Ли (АҚШ), Гуломжон Абдуллаев (Өзбекстан), Сехрават Аман (Үндістан), Рахман Амузад (Иран), Котаро Киеока (Жапония), Таймураз Салказанов (Словакия), Чермен Валиев (Албания), Ахсарбек Гулаев (Словакия) өз салмақтарының басты фавориттері саналады.

Грек-рим күресінен Нао Кусака (Жапония), Мохаммадхади Сарави (Иран), Саид Эсмаили (Иран) сынды 2024 Олимпиадасының жеңімпаздары бар.

Жалпы, әлем біріншілігі Қазақстан құрамасы үшін сынақ алаңына айналмақ. Бірі тәжірибе жинақтап, шеберлігін арттыруды мақсат етсе, бірі жүлде үшін таласады…

Abai.kz

0 пікір