Бейсенбі, 18 Қыркүйек 2025
Жаңалықтар 1353 0 пікір 18 Қыркүйек, 2025 сағат 15:31

Алматы облысында 19 жастағы сарбаз көз жұмды

Сурет: Азаттық радиосы сайтынан алынды

Алматы облысы Мәтібұлақтағы әскери бөлімде 19 жастағы сарбаз Дінмұхамед Шынарбек көз жұмды. Құрлық әскердің баспасөз қызметі сарбаздың өз-өзіне қол жұмсағанын айтса, туыстары күмән келтіреді.

Сарбаздың әпкесі Еңлік Қалтаеваның сөзінше, оның бауыры Даниял Шынарбек 2024 жылы күзде әскерге кеткен. Көктемде оның артынан егіз-бауыры Дінмұхамед Шынарбек те әскерге аттанған.

"Олар әскери борышын бірге өтеп жүрген, алайда әскери ант бергеннен кейін Дінмұхамедті Мәтібұлақтағы 01098 әскери бөліміне ауыстырды. Егіздерді айыруға болмаса да, оны бауырынан айырған. Дәл сол жерде қайғылы оқиға болды. Бүгін Дінмұхамед Шынарбек өзіне қол жұмсағанын хабарлады" деп жазды 17 қыркүйекте сарбаздың әпкесі Instagram желісінде.

Сарбаздың жақындары қайғыдан қан жұтып отырғандарын, сарбаз өз-өзіне қол жұмсағанына сене алмайтындықтарын да жеткізген.

Олар президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайырылып, сарбаздың өліміне қатысты істі жеке бақылауына алуды өтінген.

"Неге бейбіт уақытта жас жігіттер өліп жатыр? Бізге ақиқат пен әділдік керек" деп жазды Еңлік Қалтаева.

Қазақстан құрлық әскерінің баспасөз қызметі бейсенбі күні сарбаздың қазасына қатысты хабарлама таратты. Оның хабарламасын Orda сайты жариялады.

"17 қыркүйекте гвардиялық гарнизонның әскери бөлімдерінің бірінде жедел қызметтің әскери қызметкері өз-өзіне қол жұмсады. Қылмыстық іс қозғалды. Құрлық әскерінің бас қолбасшысы мән-жайды анықтау үшін арнайы комиссия жіберді" деп жазылған хабарламада.

Кейінгі кезде Қазақстанда қатардағы жауынгерлер мен курсанттар арасында өлім-жітім мен суицид жиілеп барады. Бұған дейін қорғаныс министрлігі кейінгі үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қаза болды деп мәлімдеген.

Марқұмдардың туыстары да, қоғам да негізінен әскер мен оның басшыларына кінә артады. Қатардағы жауынгерлердің қазасына әлімжеттік те себеп екені жиі айтылады. Ал ресми ақпаратқа сәйкес, олардың өліміне көп жағдайда ауру, жол апаты мен суицид себеп болған.

Былтыр әскердегі сарбаз өлімі жиілеген тұста ePetition.kz порталында міндетті әскери қызметті алып тастау туралы петиция жарияланған. Қазақстанның қорғаныс министрлігі "бұл бастаманы елдің қорғаныс қабілетіне нұқсан келтіру" деп атап, "елдің қорғаныс мәселесі петицияға негіз бола алмайды" деп мәлімдеген.

Abai.kz

 

0 пікір