Сәрсенбі, 24 Қыркүйек 2025
Әне, көрдің бе? 163 0 пікір 24 Қыркүйек, 2025 сағат 13:39

Путин мен Зеленский кездесуі Қазақстанда өте ме?

Коллаж: tengrinews.kz сайтынан алынды.

БҰҰ-ның кезекті жиналысындағы ең түйткілді екі мәселе – Газа соғысы мен үш жарым жылға жалғасқан Ресей-Украина соғысы екені белгілі.

Нью-Йоркте жүрген Зеленскийдің екі кездесуі ел назарын аударды.

Оның алғашқысы Қазақстан президенті Тоқаевпен кездесуі болды. Ол кездесу «БҰҰ-да қолданылатын 4 тілдің бірі» деп әспеттелетін орыс тілінде емес, ағылшын тілінде өтті. Екеуара әңгімеден Қазақстанның бейбітшілік орнағаннан кейін Украинаны қалпына келтіру үрдісіне қатысатыны мәлім болды.

Артынын Украина президенті Зеленский тағы да көп жайлардың бетін ашты. Атап айтқанда Fox news арнасына берген сұхбатында: «Біз Түркия, Сауд Арабиясы, Катар, Австрия, Швейцария сияқты бейтарап елдерді де ұсындық. Егер қаласаңдар, тіпті Қазақстанда кездесейік дедік. Біз дайынбыз», - деді Зеленский.

Оның алдында Ресей басшысы Владимир Путин Зеленскийді Мәскеуде кездесуге шақырса, одан бас тартқан Зеленский Путинді Киевке шақырған.

Осыған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан араағайын болуға ұмтылмайтынын, бірақ қажет кезде көмектесуге дайын екенін мәлімдеген. Қаңтарда ол АҚШ президенті Дональд Трамппен Украинадағы жағдайды талқылап, келіссөзді қолдайтынын айтқан.

Демек, Путин-Зеленский кездесуі Қазақ елінде өтуі бек мүмкін. Мың жерден қоянбұлтаққа салса да, Путинге келісімге келуден басқа жол қалмай барады. АҚШ президенті Трамп БҰҰ-ның мінберінен сөйлеген сөзінде де, Зеленскиймен кездескеннен кейін де қатаң мәлімдемелер жасады.

Орыс мұнайын сатып алып, Ресейдің соғыс экономикасына дем беріп отырған Қытай мен Үндістанды тағы да айыптады. Ресей мұнайы мен газынан әлі күнге бас тартпай отырған еуропалық әріптестеріне де шүйлікті. Орыстың әскери ұшақтары НАТО елдері аумағына баса-көктеп кірсе, атып түсіруге пәрмен берді. Украинаға әскери көмек беріп жатқан әскери әріптестеріне қару сату көлемін ұлғайтатынын, шектеу қоймайтынын баса айтты. «Украина өз терроториясын қайтарып алуға қауқарлы» деу арқылы бұрынғы Путинді келіссөзге тарту арқылы соғысты тоқтату стратегиясынан бас тартып, Украинаға әскери көмекті күшейту арқылы Кремль басшысын күшпен тізерлету тактикасына көшетінін анық аңғартты.

Зеленскийге керегі де сол еді. Қазақстан жайлы жақсы пікірлері де содан туындаса керек.

Abai.kz

0 пікір