Кремльдің «жұмсақ күші» Қазақстанға бағытталды...

Ресей президенті әкімшілігіндегі соңғы кадрлық ауыс-түйістер Мәскеудің аймақтық геосаяси ойын ережесін қайта құрып жатқанын айқын көрсетеді. Бұл туралы ertenmedia.kz сайты жазды.
Украинамен соғысты қолдамаған Дмитрий Козак өз еркімен қызметінен кеткеннен кейін, ішкі-сыртқы саясатқа «дирежерлік» етуді Сергей Кириенко толықтай өз қолына алғандай… Ол Кремльдің «жұмсақ күш» пайдаланып, ТМД кеңістігіндегі электоралдық процестерге ықпал етуді көздеп отыр.
Кириенконың саяси биографиясы дағдарысты басқару мен құрылымдық лоббилерді үйлестірудің хрестоматиялық үлгісі десек болады. 1998 жылғы қысқа мерзімді премьерліктен кейін ол «Росатомда» корпоративтік басқару мәдениетін орнықтырып, кейін Президент әкімшілігінің бірінші орынбасары ретінде Ресейдің ішкі саясатын «жобалық офис» логикасына көшіргенін білеміз.
Соңғы жылдары ол оккупацияланған аумақтарды «институционализациялау» жобаларына куратор болып, «сайлау өткізу», «әкімшілік интеграция», «ақпараттық фонды» қалыптастыруда көп «еңбек» сіңірді. Енді дәл осы іс-тәжірибені ТМД-ға мүше елдер аумағында проекцияламақшы.
Бүгінде Кремль үшін «сыртқы ішкі саясат» ұғымы қалыпты нәрсеге айналған. Алдағы уақытта көрші елдердің тәуелсіз ішкі процестері Мәскеудегі саяси технологиялардың нысанасына айналуы бек мүмкін.
Соңғы апталардағы сигналдардан мұны анық аңғаруға болады. Ресей СІМ өкілдерінің Молдовадағы сайлауды бағалауға асығып, ішкі саяси таңдауларды сырттан «калибрлеуге» тырысуы ақпараттық-психологиялық операцияның классикалық штрихы екені анық.
Сол сияқты БҰҰ Бас Ассамблеясы алаңында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Украина лидері Владимир Зеленскиймен еркін ағылшын тілінде тілдесуі көрші елдің «патриоттық» ортасында шамадан тыс дүрлігіс тудырғанын байқадық. Осылайша олар қалыпты дипломатиялық этикетті «сатқындық» етіп көрсетіп, өздерінің нарративтерін тықпалауда.
Кириенконың командасы осындай делегитимация техникасын жүйелі қолданудың шебері екенін білеміз. Олар керек жерде тролль-фермалар мен сарапшылар пулын іске қосып, кез келген жағдайды саясиландыруға әуес.
Орыс тіліндегі ашық зерттеулерде («Центр Досье» және өзге де тергеуші топтардың материалдарында) Ресейдің әскери-барлау ресурстары мен саяси технологтар желісінің Орталық Азияда ықпал каналдарын кеңейтуге талпынғаны бұрыннан айтылып келеді.
Олар түрлі медиажобалар, қоғамдық пікірдің көшбасшыларын өзіне тартып және гранттық тректер арқылы Кремльдің сойылын соғатын топтар құруды көздейді. Мұндайда латентті ықпалға ие топтар электоралды науқан кезінде сыртқы саяси дау-дамайда пәрменді рычагқа айналуы әбден мүмкін.
Кириенко Кремльдің саяси-инженерлік мектебін бірнеше қабатпен жұмыс істеуге машықтандырған.
Бірінші – дискурстық қабат. Олар әлеуметтік желі, телеграм-эко-жүйесі арқылы нарратив қалыптастыру. Мақсат – көпвекторлы сыртқы саясатты «екіжүзділік» ретінде көрсету, ұлттық реформаларды «сыртқы қысымның өнімі» деп бұрмалау, қорқыныш пен шаршау эмоциясына сүйеніп, өз ойларын жүзеге асыруға тырысады.
Екінші – институционалдық қабат. Мұнда диаспора, мәдени орталықтар, гуманитарлық жобалар мен білім бағдарламалары арқылы «жұмсақ ықпалдың» тұрақты инфрақұрылымын орнықтыруға күш салады.
Ал үшінші тактикалық қабатта электоралдық циклдер кезінде «бейтарап сарапшылар» тілінде сөйлейтін техникалық штабтар, сайлау алдындағы әлеуметтік-экономикалық тақырыптарды радикалдандыру, «сыбайлас жемқорлықпен күрес», «әлеуметтік әділет» ұранын жамылған, бірақ сыртқы тапсырысты орындайтын ситуативтік альянстар құруды көздейді.
Қысым архитектурасы деп аталатын төртінші қабат арқылы энергетикалық тәуелділікті, логистикалық тығындар мен еңбек көші-қонды және санкциялық айналып өту арналарын геосаяси саудаға салатынын жақсы білеміз.
Осы ретте Қазақстан контекстінде мұндай сценарийлердің ықтимал белгілері қандай деген сұрақ туындайды? Біздіңше, мұндай жағдайда олар тіл саясаты, тарих, қауіпсіздік сияқты сезімтал тақырыптармен ойнауы мүмкін. Бұдан басқа азаматтық секторды фрагментациялап, шынайы жергілікті бастамаларды сыртқы ықпалдың күші ретінде көрсетіп, қоғамның өзіне деген сенімін шайқауға күш салатыны белгілі.
Кириенко мектебінің басты артықшылықтарының бірі тактикалық бейімделгіштігінде жатыр. Бірақ дәл осы қасиет оның әлсіз жағы да болуы мүмкін. Өйткені орта мерзімде нәтиже бермеген жобаларды тез «жауып», жаңа нарративке ауысады.
Демек, бізге ұзақ циклді, институционалдық жауап қана орнықты қалқан бола алады. Сонымен қатар эмоцияға ермей, құқық үстемдігін, экономикалық әртараптандыруды және ақпараттық ашықтықты күн тәртібінің өзегіне айналдырудың маңызы зор. Сол кезде сырттан келген инженерия ішкі легитимдік пен сенім капиталының қабырғасына соғылып, беті қайтады.
Нұрлан Жұмахан
Abai.kz