Сәрсенбі, 24 Қыркүйек 2025
Жаңалықтар 158 0 пікір 24 Қыркүйек, 2025 сағат 14:09

ҚТЖ Wabtec-пен келісімі туралы түсініктеме берді

Сурет: Kazgazeta.kz сайтынан алынды.

«Қазақстан Теміржолы» ұлттық компаниясы Kazinform сауалына жолдаған жауапта Wabtec компаниясымен арадағы 4,2 млрд доллардың келісімі туралы кеңірек мәлімет берді.

Қазақстан миноритарлық акционерлер қауымдастығының (QAMS) телеграм-арнасы ҚТЖ мен Wabtec компаниясының арасындағы соңғы келісімнің Қазақстан үшін тым қымбатқа түсетінін, әр локомотивтің құны нарықтағы бағадан 2 есе қымбат екені туралы сараптама жариялаған.

- Айта кету керек, әлеуметтік желілерде 4 млрд АҚШ долларына 300 бірлік жаңа локомотив сатып алынатыны туралы ақпарат берілген. 4 млрд АҚШ доллары 300 бірлік локомотив сатып алуды ғана емес, сонымен қатар қолданыстағы сервистік шартты 2058 жылға дейінгі 15 жыл мерзімге 405 бірлік локомотивке ұзартуды, сондай-ақ сатып алынатын 300 бірлік локомотивке 2054 жылға дейінгі 18 жыл мерзімге толық сервистік қызмет көрсетуді ұйымдастыруды қамтиды, - деп жазылған ресми жауапта.

Аталған келісім аясында Wabtec есебінен KinetiX жүйесінің 5 жиынтығын жөндеу көзделген. Нақты айтсақ, жылжымалы құрамды есепке алу, бақылау және диагностикалаудың цифрлық жүйесін жеткізу, үш жыл ішінде 505 бірлік локомотивтің тежегіш цилиндрлері мен компрессорларын күрделі жөндеу жоспарланып отыр.

- Сондай-ақ, коммерциялық және әлеуметтік тұрғыда ҚТЖ үшін үлкен артықшылықтарға қол жеткізілді. Сервистік орталықтары бар шалғай өңірлерде орналасқан қызметкерлер үшін әлеуметтік нысандар салу көзделген, - деп жазады ҚТЖ баспасөз қызметі.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йорк қаласына ресми сапары аясында АҚШ Сауда министрі Говард Латниктің қатысуымен америкалық Wabtec компаниясымен жалпы сомасы 4,2 миллиард доллар болатын келісімге қол қою рәсімі өткен еді.

Abai.kz

0 пікір