Сәрсенбі, 24 Қыркүйек 2025
Ақмылтық 124 0 пікір 24 Қыркүйек, 2025 сағат 14:04

БҰҰ жиыны: Трамп, Ердоған мен Тоқаев не дейді?

Коллаж: Abai.kz / Суреттер: Ақорда сайты және Неміс толқыны сайты.

Нью-Йорк. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының мінберінен әлемдік көшбасшылар жаһандық мәселелерге байланысты өз ойларын ортаға салды.

АҚШ президенті Дональд Трамп 55 минуттық баяндамасында ұлтшылдықты күшейтуге шақырып, БҰҰ-ны тиімсіз ұйым деп сынады. Ол көші-қон мен жаңартылатын энергияны «еркін әлемге төнген ең үлкен қауіп» деп атап, Украина мәселесіне қатысты ұстанымын өзгерткенін жариялады.

«Енді мен Киев өз жерін әскери жолмен қайтарып ала алады деп сенемін», – деді Трамп. Оның бұл сөзі Еуропа елдері мен Украина тарапынан қолдау тапты.

Дегенмен, Трамп сөз сөйлеместен бұрын орын алған қызықты жайт та назардан тыс қалмады: Ол мен жұбайы Мелания мінген эскалатор кенеттен тоқтап қалып, Ақ үй бұл оқиғаға байланысты тексеріс жүргізуді талап етті.

Ал БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш өз баяндамасында Газа қақтығысын «мен қызметте болған жылдардағы ең қанды соғыс» деп атады. «Ұйымның жұмыс істеу мүмкіндігі қысқарып барады», – деп алаңдаушылық білдірді ол.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Ассамблея мінберінде Газаға қатысты аса өткір мәлімдеме жасады. Ол Израильдің әрекеттерін «геноцид» деп атап: «Бір сағатта бір баланың қаза табуы – тек статистика емес, бұл – адамзаттың ең төменгі сәті», – деді. Сөз соңында Түркия басшысы «Газаға дереу атысты тоқтату қажет» деп әлем елдерін үн қатуға шақырды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жасаған мәлімдемеде БҰҰ-ны реформалау қажеттілігі ерекше атап өтілді. «Халықаралық құқықты өрескел бұзушылықтар қалыпты жағдайға айналды. Сондықтан БҰҰ-ны жаңғырту – стратегиялық міндет», – делінді. Қазақстан АИ (жасанды интеллект) дамуы мүмкіндіктерімен қатар тәуекелдерге де назар аударып, оны адамзат игілігіне бағыттауды ұсынды.

«Бүгінгі тарихи кездесу – әмбебап және баламасы жоқ Ұйымның іргелі қағидаттары мен мақсаттарына қаншалықты бейіл екенімізді дәлелдейтін орайлы мүмкіндік. Әйтсе де біз көпжақты институттарға деген сенімнің дағдарысқа ұшырағанын айтпай кете алмаймыз. Халықаралықтың құқықты өрескел бұзу «қалыпты жағдайға» айналды. Соның салдарынан әлемдегі тұрақтылыққа нұқсан келіп, халықтардың, саяси көшбасшылар мен мемлекеттердің бір-біріне сенімі әлсірей түсті.

Қазіргідей алмағайып кезеңде бәріміз БҰҰ позициясының нығаюына ықпал етіп, Ұйымның құбылмалы заманға бейімделуіне қолғабыс етуіміз қажет. Өзара түсіністік пен ынтымақтастық рухы соғыс өртін тұтандырудан басым болуға тиіс. Мемлекеттер басшылары бейбітшілікке ұмтылу жолында жауапкершілік арқалайды.

Қазіргі буын көшбасшыларының әрекетсіздік танытуға еш құқығы жоқ. Өйткені оның зардабын келесі ұрпақ тартады. Осы орайда Бірікккен Ұлттар ұйымын жан-жақты реформалау толассыз талқыланатын тақырып емес, нағыз стратегиялық қажеттілік екеніне назар аударғым келеді. Бізге БҰҰ-ны реформалау жөнінде нақты ұсыныс әзірлейтін жоғары кәсіби және оны еш ойланбастан алға жылжытатын пікірлестер тобын құру қажет. Ұйым бүгінгі сын-қатерлерге және ертеңгі міндеттерге сай болуы керек. Әйтпесе, БҰҰ үнемі мәселенің салдарымен күресуден көз ашпайды. Ал проблеманың түпкі себептері үсті-үстіне көбейе береді. Біз бұл үдерісті дәл бүгіннен бастай аламыз. Ол үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына бейіл екенімізді тағы да растауымыз қажет. Егемендік, аумақтық тұтастық және кез келген дауды бейбіт жолмен шешу қағидаттарының бәрі мүлтіксіз сақталуға тиіс. Ұйым Жарғысын қолайына қарай қолдану оның беделіне нұқсан келтіреді. Әлем сенімге, ашықтыққа және ортақ жауапкершілікке арқа сүйейтін жаңа консенсусқа зәру», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, Қазақстан Украинадағы дағдарысқа байланысты екіжақты және көпжақты дипломатиялық қадамдарды жалғастыруды, ал аймақтағы қақтығыстарды тек өзара ұстамдылық арқылы шешуді құп көретінін жеткізді. «Біз соғыс емес, бейбітшілік жолын таңдаймыз», – деп мәлімделді ел атынан.

Abai.kz

0 пікір