Партияда жоқтардың сайлану құқығы қалай қорғалады?

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың таяуда халыққа арнаған жолдауында алдағы уақытта Парламент Сенаты жойылып, Мәжіліс депутаттары түгелдей партиялық тізім бойынша жасақталатыны туралы айтқаны естеріңізде болар. Осы жерден сұрақ туындайды.
Қазақстан Конституциясының 33-бабының 2-тармағында: «Республика азаматтарының мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысуға құқығы бар» делінген. Яғни біреуді сайлауға немесе өзінің сайлануына қақысы бар деген сөз.
Ал Ата заңның сол бабының 3-тармағында «Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлауға және сайлануға, республикалық референдумға қатысуға құқығы жоқ» дейді. Яғни сотталған немесе ақыл-есі жарымжан адамдар бұл құқықты пайдалана алмайды.
Назарбаев билігі тұсында 2007 жылдан бері депутаттар пропорциональды партиялық тізім бойынша сайланып келген. Тоқаев тұсында 2022 жылы конституциялық реформа жасалып, Парламентке өзін өзі ұсыну тәртібімен әзер дегенде саусақпен санарлық депаутат өткізілген.
Президент сол жылғы жолдауында: «Партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, жергілікті өкілді органдарға да сайлана алмайтын болды. Мұны ашық мойындауымыз керек. Соның салдарынан халықтың сайлау науқанына қызығушылығы күрт төмендеді. …Сайлауды керек қылмайтын адамдардың қатары көбейді. Осындай жағымсыз жайттарды ескере отырып, мен аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынамын. Сол кезде барлық азаматтардың құқығы толық ескеріледі» деген еді.
Енді өз сөзіне өзі қарсы шығып: «Егер бір палаталы Парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын» дейді.
Қазіргі қолданыстағы аралас жүйе шегеріліп, депутаттар корпусын толықтай партиялық тізім бойынша жасақтайтын ескі тәжірибеге ауыссақ онда Тоқаев билігінің Назарбаевтың авторитарлық диктатурасынан не айырмашылығы болады? Онда партияда жоқтардың сотталғандар сияқты еш құқығы еленбей қала береді деген сөз.
Ал Қазақстанда еш партияда жоқ, еш партияны қаламайтын, сотқа, жындыханаға ісі түспеген, 5-6 млн қарапайым азамат бар. Жарайды, сайлауын сәл-пәл түсіндік дейік. Олардың енді сайлану құқығы қалай болмақ?
Назарбаев билігі кезінде мұндай тәжірибе 2007 жылы жүзеге асып, он бес жылдай көп азаматтардың құқығы аяққа тапталған. Ол Ата заңымызға және демократиялық талаптарға қайшы болғандықтан 2022 жылы өзгертілгенін айттық. Енді соны тағы да кері қалпына келтіру әрекеттері конституциялық дамуға емес конституциялық кері кетуге соқтырады. Президенттің абыройын төгетін мұндай дүниелер халықты екіұдай жағдайда қалдырмауға тиіс!
Сірә, президенттің спичрайтерлері тағы бір ағаттыққа жол берген сияқты.
Марат Байділдаұлы Тоқашбаев,
Жазушы-публицист
Abai.kz