Жұма, 26 Қыркүйек 2025
46 - сөз 116 0 пікір 26 Қыркүйек, 2025 сағат 13:45

Мәхір - қазақ дүниетанымын бұрмалау!

Сурет: Stan.kz сайтынан алынды

Осы күні некелесу кезінде мәхір сұрау деген үрдіс өріс алып барады. Қазақ салтында жоқ бұл көрініс шариғат заңы бойынша әйелдің құқын қорғау үшін ойластырылған шарт дейді. Мәхір әйелдің бөліске түспейтін жеке меншігі көрінеді. Өзі табыс таппайтын мұсылман әйелдері зайыбынан ажыраса қалған күнде мәхірге алған мүлігін өзімен ала кетеді екен.

Әйел еркіндігі шектелмеген қазіргі заманда бұл қаншалықты өзекті? Тек жаман пиғылға, ашкөздікке жол ашпай ма?

Қазақ отау құрудың мәні сыйластық пен ынтымақ, өзара сүйіспеншілік, ұрпақ өрбіту деп ұққан. Үйлену - екі жастың бақытына жол ашатын қуаныш. Ал мәхірді желеу етіп, қалыңдықтың артық-ауыс сыйлық талап етуі белең алып барады. Кейбір қыздар мен ата-аналар мәхірді әлеуметтік мәртебе мен байлықтың өлшеміне айналдырып жіберуде. Мәселен пәлен мың доллар, қымбат көлік, алтын әшекей дегендей. Осылайша қалыңдық ертеңгі күннің бақытсыздығынан алдын-ала сақтанғандай ой тудыратынын өздері де байқамайтын болулары керек.

Мәхір күйеу жігітке артық материалдық салмақ түсіреді.

Жас отбасының алғашқы қадамы қарыз, қиындық, өкпе-назбен басталуы мүмкін.

Қалыңдықтың "дүниеқұмар" деген жаман аты шығып, абыройына нұқсан келеді.

Некенің рухани мәні әлсіреп, саудаға ұқсап кетеді.

Қазаққы дүниетаным бойынша отбасының бақыты дүние-мүлікте емес, татулықта. Мәхір - қазақ дүниетанымын бұрмалау ғана емес, жас отаудың іргесіне сызат түсіретін қауіпті үрдіс. Шаңырақтың рухани тұтастығын шайқалтатын әрекет.

Гүлмәрия Барманбекова

Abai.kz

 

0 пікір