Жұма, 26 Қыркүйек 2025
Жаңалықтар 91 0 пікір 26 Қыркүйек, 2025 сағат 13:54

Жаңа ереже: Кімдерге несие берілмейді?

Сурет: Aikyn.kz сайтынан алынды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тұтынушылық несиелендірудің өсуін шектеуді және қазақстандықтардың қарыздық жүктемесін азайтуды көздеп отыр. Осы мақсатта банктерге арналған жаңа ережелерді қамтитын қаулы жобасы әзірленді.

Құжатқа сәйкес, енді кепілсіз несиелер кейбір азаматтарға берілмейді.

Яғни, кепілсіз тұтынушылық қарыздарды берер кезде төмендегі жағдайда несие беруге шектеу енгізіледі:

- банктік қарыздар бойынша күнтізбелік 30 күннен аса және (немесе) микрокредиттер бойынша 1 күннен аса төлем мерзімі өткен кезде;

- 2025 жылғы 1 шілдеден бастап соңғы 36 айда негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша толық кешірілген берешек болған кезде;

- соңғы 12 айда қарыз алушының өз міндеттемелерін тиісінше орындауына ықпал етпеген қайта құрылымдау жүргізілсе.

Жобада соңғы 12 айда 90 күннен аса кешіктірілген қарызы бар қарыз алушылар үшін борыш жүктемесінің коэффициентін (БЖК) 0,5-тен 0,25-ке дейін төмендету көзделеді. Бұл осы қарыз алушылардың артық міндеттемелер алу мүмкіндігін шектеуге және қайта дефолт ықтималдығын азайтуға мүмкіндік береді, - делінген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарламасында.

Бұл дегеніміз – мұндай азаматтың барлық несиелері бойынша ай сайынғы төлемдерінің жиынтық сомасы оның табысының 25%-ынан аспауы тиіс. Бұрын бұл шек 50% болған.

Бұл қарапайым тілмен айтқанда мынадайды білдіреді:

- Банктер проблемалы қарыз алушыларға несие бермейді. Егер несие алушыда бұрын қарызын кешіктіру, кешірілген берешек немесе сәтсіз қайта құрылымдау болған болса, жаңа несие ала алмайды.

- Қарызы бар адамдардың қайта қарыз алу мүмкіндігі азаяды. Егер сізде үлкен кешіктіру болған болса, енді несие тек айлық табысыңыздың 25%-ынан аспайтын жағдайда ғана беріледі. Мысалы, жалақыңыз 200 мың теңге болса, барлық несиелерге ең көп дегенде 50 мың теңге жұмсауға рұқсат.

- Қарызға батып кету қаупі азаяды.

Жаңа ережелер қазақстандықтардың бірінен соң бірін несие алып, ақыры жалақысының жартысынан көбі қарыз төлеуге кететін жағдайға жол бермеуге бағытталған.

Abai.kz

0 пікір