ШҚО-дағы экологиялық акция: жастар жартастардың сұлулығын қайтарады

Самар ауданында «Нағыз патриот» атты экологиялық акция өтті. Жастар ресурстық орталығының мамандары Лайлы су қоймасы маңындағы тастардың бетінен вандалдар қалдырған 35 жазудың бесеуін өшіріп, табиғи келбетін қалпына келтірді.
Бұл игі бастама Өскемен қаласының тұрғыны Вячеслав Орловтың еңбегін жалғастырды. Ол бұған дейін отбасы мүшелерімен бірге тастардың бір бөлігін өз күшімен тазалап, үлгі көрсеткен болатын.
Акцияның мақсаты – ауданның табиғи әрі мәдени мұрасын қорғау, сондай-ақ жастар мен тұрғындарды табиғатқа құрметпен қарауға тәрбиелеу.
— Табиғи байлықтарымызды көздің қарашығындай сақтау – бәріміздің міндетіміз. Артымызда тек тазалық пен жағымды әсер қалдыруымыз қажет, — деді шараға қатысушылар.
Алдағы уақытта вандалдық жазуларды толықтай жою үшін тазалау жұмыстары жалғасын табады. Айта кетерлігі, бұл бастама республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында челлендж түрінде жалғасын тапты.
Abai.kz