Тоқаев пен Трамп кездесуі: Қандай мәселе талқыланды?

Мемлекет басшысы Тоқаев АҚШ-қа БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясына қатысып, жалпы дебатта сөз сөйлегенін білеміз.
Сол сапар барысында президент Тоқаев АҚШ президенті Трамппен де жеке жолыққаны мәлім болды. Осы орайда тағы бір айта кетер жайт: Орталық Азия басшыларының Нью-Йоркке сапары кезінде Трамп Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёевпен де жүздесіп, бұл туралы Threads желісінде арнайы пікір білдірген еді. Америкалық саясаткер Тәшкент тарапы жасаған ұсыныстарды «аса маңызды әрі ірі мәміле» деп бағалаған еді. Бірақ Қазақстан басшысымен кездесу сәл дүдәмалдау күйде қалғандығы жасырын еместін.
Енді біз сөз еткен ақтаңдықтың орны толып, БҰҰ-да болған Тоқаев-Трамп диалогының жария болмаған детальдары отандық БАҚ беттерінде жария бола бастады. Бұлай дейтініміз Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Қасым-Жомарт Тоқаев пен АҚШ президенті Дональд Трамптың Нью-Йорктегі кездесуінен фото жариялап, қазақ жұртына мәлім болмаған жайттардың шет пұшпағын шығарды.
Мәселенің мәнісіне тереңдей түсетін болсақ, Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай суретті өзінің Telegram-арнасына жүктеп, астына «Нью-Йорк, АҚШ, 2025 жыл» деп жазған еді. Осы жариялаған суреттерде Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге Дональд және Мелания Трамп та бар.
Бұған дейін бізге белгілісі екі президенттің әңгімелескені туралы Ақорда қысқа хабарлама таратқан еді. Ал, онда орын алды дейтін кездесудің форматы бетпе-бет пе, әлде телефон арқылы ма, нақты айтылмағандықтан отандық кейбір сарапшылар толыққанды кездесу болмаған деп болжам жасағаны да жасырын емес.
Ең бастысы дәл қазір қолда бар кейбір дереккөздердің мәліметінше кездесу барысында Трамп Украина мәселесін көтерген. Трамптың өзіне артқан үмітін президент Тоқаев АҚШ-тан оралған соң бірден Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөз жүргізіп, оған АҚШ-тың үшбу сәлемін жеткізген болуы мүмкін.
Abai.kz