Перуашев: Соңғы сөзді әрқашан халық айтады!

Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев «Енді не істейміз» арнасына берген сұхбатында Қазақстандағы саяси жүйенің болашағы мен алдағы реформаларға қатысты пікір білдірді. Ол 2027 жылғы референдумнан кейін бірпалаталы парламентке көшудің тарихи қадам екенін атап өтті.
«Әлем тарихында мәңгі партия болмаған, болмайды да. Сондықтан кез келген ірі партия үлкен жауапкершілікті сезінуі тиіс», – деді ол. Перуашевтың пайымынша, бүгінгі парламенттегі доминантты партия ерте ме, кеш пе өзінің орнын босатады, бұл – саясаттағы табиғи процесс.
Саясаткер көппартиялық жүйеге бірден жету қиын екенін мойындайды. Дегенмен, оның сөзінше, демократияға қадам басудың өзі уақыт талабы. «Біздің мақсатымыз бірінші немесе екінші орын үшін таласу емес. Біз халықтың сеніміне ие болып, мемлекет басқаруға нақты үлес қосуымыз керек», – деді ол.
Перуашев коалициялық үкіметтердің артықшылықтары мен әлсіз жақтарына да тоқталды. Еуропа елдерінің тәжірибесін мысалға келтіріп, мұндай формат демократияға жол ашқанымен, кейде ұзақ келіссөздерге байланысты мемлекеттік шешімдер кешеуілдеп қалатынын айтты. «Голландия мен Испания сияқты елдерде бюджет бір жылдан аса уақыт талқыланып, тоқтап қалғанын білеміз. Сондықтан коалициялық модельдің өзіне тән қауіптері де бар», – деді ол.
Дегенмен, Перуашевтың пікірінше, басты мәселе – билік үшін күрес емес, халықтың сенімін ақтау. Саясаткер Қазақстанда кәсіби парламент қалыптасуы тиіс екенін айтып, тәжірибелі заң шығарушылармен қатар жастарға да мүмкіндік беру қажеттігін еске салды.
Оның айтуынша, кез келген саяси реформа халықтың қатысуынсыз жүзеге аспайды. «Парламенттің болашағы партиялардың емес, халықтың қолында. Соңғы сөзді әрқашан халық айтады», – деп түйіндеді ол.
Abai.kz