Назарбаевтар ісі: Талапты күшейту қажет!

Қазақстанда «Әділетті Қазақстан» атты ұстаным айтыла бастағаннан бері халықтың сот және прокуратура, полиция қызметкерлеріне деген талабы күшейе түсті: халық күштік құрылымдардан әділеттілікті, яғни, заңды қатаң сақтауды таклап ете бастады. Бұл қызмет прокурор немесе соттың өз қалауынша шешім қабылдай салатын орын емес екенін ашық ескерте бастады. Ондай көрініс Мәжілісте де қанат жайып келеді...
Мәжілістің кезекті отырысында депутат Ермұрат Бапи дабыл қақты. Ол: «Прокуратура Назарбаевтардың дегенін орындаған», ‑ деп, өте ауыр сөздер айтты. Мәселенің төркіні – елімізде авторитарлық, шын мәнісінде, жартылай диктаторлық жүйе орнатқан Назарбаевтар әулетінің екінші буыны өкілі, Болат Назарбаевтың үлкен ұлы Нұрбол Назарбаевқа қатысты туындаған.
Осының алдында ғана, депутат Ринат Зайытов та осы мәселені көтеріп: «Нұрбол Болатұлы Назарбаевтың қазынаға қайтарған 57 млрд теңгесі (не деген байлық десеңші!) көзге көрінер шыңның басы ғана, одан өзге активтерді қайтаруға прокуратура асығар емес» деп сынаған болатын. Енді, оған Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи жаңа деректерді қосып, Бас прокурор Берік Асыловтың атына тағы бір резонансты депутаттық сауал жолдады.
Ол «Әділетті Қазақстан» құру жолында әділетсіздік пен заңсыздықтарға көз жұма қарауға болмайтынын айтты. Олай етсек, ол ‑ «Әділетті Қазақстанға» қарсы қастық болады» деп, сөздің шынына көшті.
Одан әрі, депутат нақты деректерді келтіре отырып, қазіргі прокуратура жүйесінде әлі де «ескі Қазақстаннан» қалған құқық қорғау, ал, нақтысында «құқық қорғамау» үрдісі сақталып отырғанына алаңдаушылық танытты. Депутат, кей жағдайларда прокурорлар Назарбаев әулетінің «заңсыз өтінішін» мүлтіксіз орындап, сол үшін жекелеген азаматтардың «заңды құқын» бұзып отырғанын жеткізді.
Мәселен, оның айтуынша, Нұрбол Назарбаев 9 мың гектардан астам жекешелендірілген жер үлесін заңсыз иемденіп, яғни, ашығын айтқанда – тартып алған. Прокурорлар оның Алматы облысы Қарасай ауданындағы бұрынғы Каменское мал асылдандыру зауытының жұмысшылары атынан бірнеше мәрте депутаттық сауал жолдағанына қарамастан, бұған назар аудармай келеді екен.
Одан өзге, қарағандылық кәсіпкер Қуат Ерментаев «PORUS» ЖШС-дегі үлесін рейдерлік жолмен тартып алынғаны, кәсіпкердің бар мүлкінен айырылғаны ерекше атап өтілді. Бұл да сол Назарбаев әулетімен байланысты болып шыққан...
Депутат сөзінің тобықтай түйіні – «Прокурорлар енді бұрынғы президенттің емес, оның үрім‑бұтағының да «өтініштерін» Заңнан жоғары қоюды жалғастырып келе жатыр» деген ойға келіп тірелді.
Иә, мұндай жағдайда «Әділетті Қазақстанның» ауылы алыстай түсетіні анық. Өкінішті‑ақ, себебі, тарихтың бізге мұндай мүмкіндікті қайталап бере бермейтінін, баршамыздың ұрпағымыз «Әділетті Қазақстанда» өмір сүрсе деген арманның мәнін ұқпаған сыңайлымыз...
Abai.kz