Ислам мен тәңіршілдікті үйлестіру мүмкін бе?

Тәңіршілдік пен исламға арналған мақалалар топтамасының өткен сандарында бұл екі ағымның пайда болу тарихы, оларды нығайту жолдары, араларындағы қайшылықтардың себептері тәрізді өзекті мәселелер көтерілген еді. Бұл қорытынды мақалада оларды үйлестірудің маңызы туралы сөз болады.
Бүгінгі күндері қазақ халқы өзінің бұрынғы көркем мінездерінен айырылып, «қой мінезді» бейшара халге түсті деген сөздер айтыла бастады. Бұл сөздердің да жаны бар. Бүгінгі қоғам өмірінде бұған дәлелдер жеткілікті деуге болады. Бұл өзгерістің себебі – ұлттық болмыстың өзгеруі.
Көшпенді дәуірден отырықшы өмірге өткеннен кейін ұлттық құндылықтарды сақтайтын салттарымыз ұмытылып, ғасырлар бойы қалыптасқан болмысымыз өзгере бастады. Әрине, бұл айтылған сөз «Бұрынғы ұлттық болмысты қалпына келтіру үшін қайтадан көшпенді өмірге көшу керек» дегенді білдірмейді. Ол мүмкін емес. Тарих кейін қарай жүрмейді. Уақыт өтіп, заман өзгерді. Басқа жол керек. Ұлттық болмысымызды нығайтып, бұрынғы көркем қалпына келтіру үшін жаңа өмірге бейімделе білу керек.
Бұл жол -- ислам мен тәңіршілдікті үйлестіру жолы болса керек. Осылай рухани және заттық болмысымызды жетілдіріп, жаңа деңгейге көтерілуге болады. Әубаста бұлар Болмысты толығымен қамтыған бір құбылысқа негізделді. Өкінішке орай, заманның өзгеруіне байланысты уақыт ықпалымен ислам Болмыстың рухани бөлігіне баса көңіл аударса, ал тәңіршілдік материалдық бөлігіне көңіл аударып, арасы алшақтап кетті. Осылай бұл екі ағымның арасында айырмашылық пайда болып, қазіргі уақытта шешімі қиын алауыздық туып отыр.
Енді олардың ортақ құндылықтарын тауып, үйлестіре білу керек. Бұлар бір Болмыстың екі құндылықтарын береді. Ислам рухани құндылықты берсе, ал тәңіршілдік – заттық құндылықты береді. Рухани және заттық құндылықтар үйлесімді болғанда ғана адам бақытты бола алады.
Бұл ойдың дәлелін Абайдың «Ақыл, қайратты, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек» деген ғибраты мен он жетінші сөзінен таба аламыз. Он жетінші сөзінде «Ақыл, қайрат, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп, ғылымға жүгініпті» дейді. Бұл үшеуінің екеуі «ақыл мен қайрат» заттық болмысты көрсетеді. Ал жүрек рухани болмысты білдіреді. Себебі, жүректе жан орналасқан. Ал ғылым Алланың бір көрінісі. Бұл туралы данышпан Абай отыз сегізінші сөзінде «Ғылым -- Алланың бір сипатыы, ол -- Хақиқат» дейді.
Осылай, болмыстың рухани және заттық бөліктері Аллаға келіп жүгінеді. Әрі қарай «Осы үшеуің басыңды қос, бәрін жүрекке билет, -- деп ұқтырып айтушының аты ғылым екен.
Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам -- сол. Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, Құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы, -- депті» дейді. Абай осылай Болмыстың рухани (жүрек) және заттық (ақыл мен қайрат) бөліктерін біріктірудің маңызын түсіндіреді.
Абай осылай рухани және заттық құндылықтарды біріктіру қоғамның, оның әрбір мүшесінің кемелденіп жетілу кепілі екенін түсіндіреді. Данышпан бабамыз еліміздегі күрделі мәселенің шешімін көрсетіп қана қоймай, оны жетілудің құралына айналдыру жолын көрсетіп отыр. Ол жол – тәңіршілдік пен исламды біріктіру болып табылады. Себебі, тәңіршілдік болмыстың заттық бөлігін қамтыса, ал ислам рухани бөлігін қамтиды. Жалпы алғанда, қоғамдағы қандай қиыншылық болса да, бірлік бұзылып, Болмыстың үйлесімділігінің бұзылуынан туындайды. Қоғам бірлігі оның екі қанаты болып табылатын рухани және материалдық болмыстарының үйлесімділігіне байланысты, бірде құлдырап, бірде жоғарылап отырады. Сондықтан, өркениеттің екі қанаты болып табылатын бұл екеуін бірдей жетілдіріп, оларды үйлестіріп отырса, сонда ғана үйлесімді қоғам орнайды. Яғни, материалдық және рухани құндылықтарды бірдей ескеріп, олардың бірлігін сақтай білу керек.
Біздің қоғамда тәңіршілдік табиғат көріністерін зерттеп ғылыми-техникалық өркениетті дамытуға мүмкіндік берсе, ал ислам оның рухани тірегі болып, адамның рухын Алланың Нұрымен байланыстырады. Адам баласы бүкіл Болмыспен үйлесімді болуға мүмкіндік алады.
Тәңіршілдіктің алғашқы мәні -- иманы жоғары адамдарға арналған Аллаға тура жол еді. Бірақ көпшілік қауымның иманы бұндай жоғары деңгейде болмағандықтан, бүгінгі күндері тәңіршілдік Болмыстың материалдық бөлігін қамтитын дүниетанымға айналып отыр. Олар Болмыстың әлемдік көрінісімен бірігіп, заттық болмыстарымен қоршаған орта арқылы өмірдің ләззатын алғысы келеді.
Осылай, бүгінгі күндері Болмыстың әлемдік көрінісіне бағытталған тәңіршілдік пайда болып отыр. Тәңіршілдер табиғатпен үйлесіп, онымен бірігуге ұмтылады. Табиғатпен бірігу ғылымды, өнерді, ой өрісті кеңейтеді. Осылай Болмыстың әлемдік көрінісіне көңіл бөлініп, қоғамның материалдық құндылықтарын жетілдіруге мүмкіндік туады. Бұлар танымды өсіреді.
Адамның санасы өсіп, ой өрісі кеңейген сайын ол бұл дүниенің мән-мәнісін, болып жатқан құбылыстардың өзара байланысын түсініп, олардың түпкі себебіне үңіле бастайды. Ол бүкіл болмыстың түпкі мәнін түсініп, тіпті шексіз әлемдегі өзінің алатын орны мен міндетін түсіну деңгейіне жетуі мүмкін. Бірақ, заттық әлемнің ықпалында болғандықтан, олар Абай көрсеткен өмірдің негізгі мақсаты болып табылатын Түп Иеге қайта алмайды.
Өмірдің негізгі мақсатына ислам ғана жеткізеді. Себебі, ислам адамның рухын Алланың Нұрымен байланысуға жол ашады.
Осылай тағдырдың берген екі құндылығын үйлестірудің маңызы зор екенін көреміз. Олар біріксе, алауыздықтың орнына рухани және материалдық байлықтарды өсіріп елімізді жоғары деңгейге көтеретін негізгі қуатқа айналар еді.
Досым Омаров,
Абайтанушы, философия ғылымдарының докторы, теолог.
Abai.kz