Тарихқа қиянат жасамайық: «Созақ көтерілісі» хақында

Қазір менің алдымда, Алаш халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы Өтеш Қырғызбаевтың 2021 жылы Алматы қаласында жарық көрген «Созақ қасіреті» атты кітабы жатыр.
Осы кітапқа белгілі тарихшы Талас Омарбековтің «29-30 жылдардағы халық көтерілістері» кітабынан ықшамдап алынған «Созақ көтерілісі» атты мақаласы басылыпты. Мақала авторы профессор Талас Омарбеков: «Сонымен қатар, мынаны да айта кету парыз. Созақ көтерілісінің басшылары да, ұйытқысы да осы өңірдегі Тама руынан шыққан азаматтар екендігін жоғарыда ескерттік. Алайда, мынаны да ұмытуға болмас: біз жариялап отырған тізім және қосымша мұрағат деректері Созақ көтерілісінде Тамалардан басқа рулар, тіптен басқа ұлт өкілдері де қолданғанын байқатады (Ө.Қырғызбаев. Созақ қасіреті. 21-бет. Алматы-2021. Меніңше, стилистикалық қате. Сөйлем түсініксіз. Сөйлемдегі «Тамаларды» «Тамалардан», «қолданғанын» деген сөзді «қатысқанын» деп оқу керек шығар. Сонда, «Созақ көтерілісіне» Тамалардан басқа рулар, тіптен басқа ұлт өкілдері де қатысқанын байқатады, - деген сөйлем шығады. Н.Махан)
дей келіп: «Социалистік құрылыс» деген жаттанды таптаурын ұранды жамылудан, оның үстіне малдан да, материалдық игіліктерден де жұрдай ете бастаған имансыз да құдайсыз, сталиндік-галощекиндік тәртіптен о бастан-ақ Созақ көтерілісшілері іргелерін аулақ салды. Жаппай ұжымдастырудан туындаған, шолақ белсенділер май құйып, маздата түскен әртүрлі асыра сілтеушіліктер: байларға орташаларды қосып кәмпескелеу, бас көтерген жеке алымдар алуға құнығу, ет, мақта және жүн даярлау деген науқандардың арандарының ашыла түсуі, колхозға зорлап, қамшымен ат астына алып, сабап кіргізу, колхоздан қашқан кедейді – кулак, орта шаруаны – бай қатарына жатқызу, ұлттық және діни дәстүрлерді кемсітіп қорлау, аяқ асты ету – міне, осылардың бәрі жергілікті халықтың зығырданын қайнатып, өзара шоғырлана түсуге, Созақ көтерілісіне іштартып, көтірісшілердің төңірегіне топтасуға өзінен-өзі итермеледі», - дейді. (Ө. Қырғызбаев. «Созақ қасіреті» 21-бет, 13-14 беттер. Алматы: 2021.)
Зерттеу еңбектің авторы Созақ көтерілісінің негізгі «объективті» шарттарының біразын атап өткен. «Біразын атап өткен» деп жазып отырған себебіміз, Созақ көтерілісінің себептерін зерттеген автор өз мақаласында «Қызыл отау» мен Арқадан келген Тамалар мен Тарақтылар туралы айтпай кетіпті.
«Қызыл отау» – 1918 жылы Лениннің «Жаппай сауатсыздықты жою туралы» қаулысына сәйкес, Кеңес өкіметі атқарған келелі іс-шараларының бірі болғаны анық. Тарихтың сол кезеңінде жалпы халықтың тоқсан пайызына жуығы сауатсыз болатын. Сауатсыз халықпен мықты, іргелі мемлекет құра алмасымыз белгілі еді. Сондықтан да, Қазақстандағы Кеңес өкіметі әлі отырықшылыққа көше қоймаған қазақ халқының тұрмыс-жағдайына бейімдеп, ауыл ортасынан сауат ашатын кигіз үй тігіп, ол үйді «Қызыл отау» деп атады. Ауылға сауат ашу үшін мұғалім жіберді. Әлгі мұғалім 18-60 жас арасындағы ересектерді жинап, оларға әріп үйретіп, халықты оқу-жазуға үйретіп, сауаттандыра бастады. Мақсат – халықтың жаппай сауатын ашып, оларды өздігінен жазып, оқи алатын дәрежеге жеткізу болатын. Бұл – халықтың болашағына тигізер ықпал-әсері мол тамаша бастама еді. Бірақ, өздері сауатсыз һәм білімсіз Кеңестік шолақ белсенділер «сауат ашамыз» деген сылтаумен «Қызыл отауды» оңаша жерге тіктіртіп, бағлан қозы сойдырып, ел ішіндегі ірткі сұлу қыз-келіншектерді «Қызыл отауға» жинап, ойына келгендерін жасап, зорлық-зомбылық пен бассыздыққа жол берді. Бұл – әйел затын құрметтеп, қыз балаға төрден орын беретін қазақ халқының ар-намысына тиетін үлкен қиянат, озбыр іс болатын.
Тама еліндегі «Қара Ноғай» есімді млисаның «Қызыл отауға» жасаған қиянат істері күллі халықтың ашу-ызасын тудырды. Ең соңында, ақ Бәйсейіт секілді халық намысының қорғаны болған Таманың жігіттері Қара Ноғайды өлтіріп, мойнына тас байлап, Шу өзеніне батырып жібереді.
Ежелден Арқаны мекендеген Тамалар 7 болыс, Тарақтылар 2 болыс ел болды деген сөз бар. 7 болыс Тама, 2 болыс Тарақты жер жапсарының ыңғайына қарай, жазда Арқаның Жетіқоңырынан ары барып, қыс қыстауы Көкшенің құмы мен Мойынқұм болып, қыста Әулиеата, Шымкент уездеріне, жазда Ақмола уезіне қарап, «шалқайғаным – Шыңғыс, еңкейгенім – Ертіс» дегендей, сол тұстағы қазақтың өзге ру –тайпаларына қарағанда, «ұзын-арқан, кең-тұсау» еркін тұрмыстағы көшпелі ел болған.
ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасыр басында «Столыпин рефомасы» арқылы қазақ жерін түпкілікті отарлап ала бастаған орыс отаршылдары, Сарыарқаның шөлейтті аймағы мен Бетпақдала шөлін мекендегендіктен болар, олар Тама мен Тарақты жерлеріне ауыз сала қоймады. Орыс отаршылдары тарапынан анау айтқандай қан-шеңгелді қысым көрмегендіктен де жеті болыс Тама мен екі болыс Тарақты, кең даланы еркін мекендеген бұла ел болатын.
1928 жылы ірі байларды кәмпескелеп, Арқа жерінде ашаршылыққа ұшырай бастаған Тамалар, 1928 жылдың екінші жартысынан бастап, қазіргі Созақ, Сарысу аудандарының территориясына жаппай шұбырыншылықпен қоныс аударып,алды Өзбстанға өтіп кетеді. Бұл – Тамалардың Өзбекстанға қарай жаппай қоныс аударуының бірінші кезеңі болатын. Тамалардың арқадан Бетбақдала арқылы қазіргі Созақ, Сарысу аудандарының территориясына жаппай қоныс аударуы өте қиын жағдайда жүзеге асады. Көз көрген қариялардың куәлік беруі бойынша Арқадан шыққан он адамның – алты, жетеуі шөлден, аштықтан тағы сол секілді түрлі себептерге байланысты жолда өлген. Он адамның жетеуі жолда өліп, жақындарынан айрылып, жол-жөнекей көп қиыншылық көрген Тама мен Тарақты елін бұл жақта да ешкім құшақ жая қарсы алмаған.
Нұрсейіт көкемнің әйелі Жұпар апам айтатын: «Жеті-сегіздегі кезім. Арқадан көшіп келе жатып, Созаққа жақындап қалғанымызда алдымыздан белсенділер шығып, біздің кім екенімізді, қайдан келе жатқанымызды тергей бастады. Бір кезде шағын көшті аралап келе жатқан белсенділердің бірінің көзі менің құлағымдағы сырғама түсіп, ат үстінен көтеріліп, түйеге артылған жүктің ортасында отырған менің құлағымдағы алтын сырғаны жұлып алғанда, құлағымнан қан судай болып ақты. Шешем: жылама, әкең естімесін. Ол шу шығарса, мыналар әкеңді атып тастайды - деді. Қан аққан құлағымды орамалмен басқан анам, мені бауырына басып, үнсіз егіліп жылай берді. Мен анама ілесіп, әкеме білдірмей, жүріп келе жатқан түйе үстінде қаны сорғалаған құлағымды орамалмен басып, ұзақ жыладым», - дейтін. Сол кезден қалған белгі деп, бізге Жұпар апам жыртылған құлағының ізін талай рет көрсеткен. Жеті-сегіз жасар сәбидің құлағынан қанын сорғалатып тұрып, сырғасын жұлып алған қаныпезер белсенділер кімді аясын?!
Бұл бір ғана мысал. Мұндай мысалдардың жүзін, тіптен мыңын келтіруге болады. Халық көрген осындай зорлық-зомбылықтың үстіне оларға аямай салынған түрлі салықтарды қосыңыз. Көтеріліс басталатын 1930 жылдың январь, февраль айларында жүн салығы салынған. Жүн жоқ дегендерге қыстың күні қойын қырықтырып, жүнін алған. Қыстың күні жүні қырқылған байғұс қой, көп ұзамай қыстың көзі қырауда әппақ болып серейіп өлген. Салықтың бұл түрі халық арасында «ақ қой» салығы деп аталған.
Көшпелі тұрмыста мал шаруашылығымен күн көрген Тама елі – егінші ел емес. Олар жер өңдеу жағдайын білмеген. Ал, Қаратау баурайын мекендеген Қоңырат елі – ежелден жер емшегін еміп өскен дихан ел. Олар да Кеңес өкіметі мен оның шолақ белсенділерінің түрлі қысымға толы озбырлықтарын көрді. Адам тұрмысқа бейімделеді. Өкімет алып қояды деп, еккен бидайы мен тарысын тыққан олар малын ерте күзде сойып, Қаратаудың қиын шатқалдарындағы салқын үңгірлерге сойылған малдарының етін жайып, кептіріп, тығып тастаған жергілікті халық, Кеңес қысымшылығына қарсы өздерінше осындай әрекет жасап дайындалған.
Ал, Арқадан келген Тамалар мен Тарақтыларда бұл дайындықтың бірде-бірі жоқ еді. Олар ашаршылыққа ұшырай бастаған. Біз қазір «көтеріліске шықты» деп оп-оңай айта саламыз. Негізінде, басты өлімге тігіп, көтеріліске шығу қай заманда да оңай шаруа болмаған. Кеңес өкіметі тарапынан сүйекке таңба болатындай түрлі қорлық көріп, өздері ашаршылыққа ұшырай бастаған, Арқадан келген Тамалар мен Тарақтыларда көтеріліске шығудан басқа амал қалмаған-ды. Бұл – Тамалар мен Тарақтылардың көтеріліске шығуының ең негізгі басты себебі болатын.
Ал, көтерілістің қосалқы себептерінің ең бастылары мыналар:
Біріншіден, Арқаны мекендеген Тамалар мен Тарақтыларға ар жағы Қарөткелдің, бер жағы Шымкент мен Әулиеата уездері билік орындарының қолы еркін жетпегендіктен, олар ежелден өздерінің ру ішілік ішкі заңдарына ғана бағынып, «заң», «өкімет» деген күштеуші, отаршылдық ұғымдағы сөздерді жете түсініп, қабылдай қоймаған кең даланың еркін елі болатын. Оның үстіне, Сырым Датұлы, Исатай-Махамабет, Жанғожа, Арынғазы, Қаратай, Кенесары көтерілістерінің бел ортасында болып, Арқадағы қалың Найман мен Арғынның ортасында жер-су, өріс-жайылым үшін күнде қақтығысып үйреніп қалған Арқа Тамалары – соғыс-қақтығыстан беті қайтып көрмеген тентектеу ел болғанына мысалдар өте көп.
Шын мәніне келгенде, Кеңес өкіметінен көрген зәбір-жапа мен қорлықты, Тама елі Николай патша заманында да ешкімнен көрмеген еді.
Шолаққорғанда тұрған кезімізде Ізбала, Әуелбек, Сақ көкелеріміздің, кейіннен Жуантөбеге көшіп келген соң, Шу бойының ескі құлақ шежіреші шалдары, «Аллахуға» қатысқан Мақаш қария, Сарбас, Қошқарбай көкелеріміздің көзін көрдік, әңгімелерін естідік. Бұл кісілер 1970 жылдардың соңына қарай қайтыс болды. Солардың аяғын алып жүрген Қуанышбай, Қуандық, Молдағали, Сатай, Ақшал, Шеке ақсақалдардың әңгімелерін тыңдап өстік. Бұл кісілердің біразы менің әкемнен үлкен, біразы қатар, әкемнің замандастары еді. Бұл кісілердің ұрпақтары күні бүгінге дейін Шу бойы, Тасты, Жуантөбе, Степнойда мекен етеді. Ең қызығы, Таманың шалдарының басы қосылса болды, әңгімелері міндетті түрде «Аллахуға» бір соғатын. Олар «Созақ көтерілісін» – «Аллаху» деп атайтын. Тіптен, беріге дейін шетте жүрген Таманың кейбір жігіттерінің лақап есімі «Аллаху» болды. Өзіміз де кекесін мағынасында, «бұлар аллаху ғой» деген сөзді талай естідік. Бір сөзбен айтқанда біз «Созақ көтерілісіне қатысып, «Аллахуды» көрген кісілердің әңгімесін кішкентайымыздан естіп өстік.
Көтерілісті көрген кісілердің айтуы бойынша, «Аллахуды» бастаған Арқадан келген екі болыс Тамалар. Іштерінде Тарақтылар және аз үйлі Алшындар болған. Дүниесінен, бар малынан айрылған Тамалар, орта жүз Қаратау баурайындағы басқа рулардың да ақсақалдарын шақырып, өкіметке қарсы көтеріліс жасауға уағдаласады. Жиында Түркістан, Ташкент, күллі Қазақстан бір күнде көтеріледі, жақында Кеңес өкіметін құлатамыз, – деген әңгіме айтылады. Сол жерде «Хан кеңесі» құрылады да, орталарынан Сұлтанбекті хан сайлайды. Сұлтанбектің көзін көрген шалдардың куәлік сөзі бойынша, Сұлтанбек Шалақов көпті көрген, өз заманының сауатты кісісі болғанға ұқсайды.
Хан сайладық қарадан
Аз ғана үй Тамадан,
– деген сөздің шығатын уақыты осы кез болса керек.
Көтеріліс басшысы Сұлтанбек ханның оң қолы болып, Тарақты Шілмәмбет бидің үлкен баласы Сағындық сайланады. Ту көтеруші болып, Бұзау Тама, соның алдында ғана кәмпескеленіп, Түркістанда атылған, Әліпбайдың баласы Иманбек сайланады. Кейін көтеріліс басылған соң, Арқада қашып жүрген жерінен ұсталған Иманбек Созақтың шетіндегі «Тастақта» атылады да, онымен бірге қолға түскен Салықбай мерген он жылға сотталып, «Беломор-каналға» жер аударылады.
«Хан кеңесінің» алғашқы шешімі бойынша, көтеріліске Созақ ауданының барлық ауылдары түгел қатысуға тиіс екен. Кейіннен көпшілігі өкіметтен сескеніп, көтеріліске қатысудан бас тартқан секілді. Ішер ас, киер киім жоқ, бар малдан айрылып, түрлі салықтардан сансыраған Арқадан келген Тама жұрты мен Тарақтылар ғана өздері ұйымдастырған көтерілістің басынан аяғына дейін қатысуға мәжбүр болған.
Тарихқа – тарихтың көзімен қарау керек. Қай заманда да, басты өлімге тігіп, көтеріліске шығу оңай шаруа болмаған.
Шалдар айтатын: үлкен үй-жайы, қор-қопсысы бар, жүн жинайтын Алшынның Ахмет деген дәулетті кісісі көтерілісшілерге үй-жай, қора-қопсы, әйел, бала-шағасын тастап, өзі жүн-тері жинаймын деген сылтаумен түйеге мініп, Түркістанға қашып кеткен.
Тамалардың өздерінің ішінде де, көтерілісті қолдамаған адамдар көп болған. Нұрсейіт көкемнің әйелі Жұпар апам Өтеміс Таманың белгілі адамы Кәтіш деген кісінің қызы болатын. Сол Жұпар апам айтатын: «9-10-дардағы кезім, бесін ауып бара жатқан шақ. Үйдің қасында ойнап жүргем. Ауыл сыртына 30-40 шамалы аттылар келіп үймелеп тұрды да, ішінен бір кісі бөлініп, біздің үйді бетке алып, атын жәй бастырып келе жатты. Әкемнің қолында дәрет алып жүретін құманы бар, ол да қора айналып үйге қарай беттеп келе жатыр. Мен көріп тұрмын, үйге жақындап қалған екеуі сәлемдескен жоқ, бір-біріне үнсіз қарап тұрды. Сәлден соң аттылы кісі:
- Кәтіш, шаруа болды? деп сұрады. Әкем:
- Ей, Сұлтанбек! Мына тұрған қырқың жабылып, - қолындағы дәрет алатын қара құманын көтеріп, – мынандай қара құман соғатын өнерлерің жоқ. 300 жыл ел билеген Неколайды жеңген Сәбетті жеңем деп тұрсың ба? Елді босқа қырасың ғой, – деді. Аттылы кісі зілді, ызбарлы дауыспен:
- Ей, Кәтіш! Албасты да жарғабаққа қарай баспайтын. Көрмеймісің, Айдарлыңды құл ғылды, тұлымдыңды тұл ғылды, қызыңды – қатын, қатыныңды – отын етті. Тірі қаламын демеймін. Қой екеш қой да, бауыздалар алдында тұяқ серпетін. Қош, ақыретте кездесерміз, – деп жалт бұрылды. Елтірі тымақты, шапанының белін буған, сақал-мұрты бар, орта бойлы, қып-қызыл өткір көзі алақандай, қызыл шырайлы кісі екен. Қасымнан өтіп бара жатқан әкем күбірлеп:
- Өй, бәтшағар. Не деп кетті мына Сұлтанбек – деп, соңынан күн салып ұзақ қарады. Мен де қарадым. Батысқа, Созаққа қарай шауып бара жатқан аттылар, батар күннің шуағына араласып, қып-қызыл күн шапағының арасында көзден ғайып болды. Сөз түсінетін жасқа келіп қалғанбыз ғой. Сұлтанбек пен әкем екеуінің арасындағы сөдің бәрін түсініп тұрмын. Маған олар қып-қызыл қанға батып кеткендей болып көрінді. Сәл үнсіздіктен соң Жұпар апам: Сұлтанбек әкеме өз ауылынан жігіт дайындап қой, – деп, сәлем айтқан екен дейтін. Артынша, көтерілісшілер жеңіліп, жазаланыпты. Сұлтанбектің басын біреулер Созақтың көшесінде теуіп жүріпті деп естідік. Кейбіреулерден, жоқ, ол Сұлтанбектің басы емес, басқа біреудің басы екен деген әңгімені тағы да естідік, – деп Жұпар апам әңгімесін аяқтайтын.
Жұпар апамның әңгімесіне қарағанда, «Созақ көтерілісі – Аллахуға» күн-көріс, тұрмыс-жағдайына қарай Тамалардың өздерінің де пікірі әр түрлі болған. Көтеріліс жайлы осы ойымызды Шәки Асылбекова апамыздың мына естелігі де дәйектей түсетін секілді. Шәки апа: «Ел көтеріліп, дүрлігіп тұрған шақта Салықбай мерген, Өтеміс, Ыбырай бастаған бір топ аттылы кісі біздің үйге келіп, әжемнен бата сұрады. «Созаққа кетіп барамыз, жолымызды құдай оңғарар ма екен, батаңызды беріңіз», – деді әлгілер. Сонда әжем: «Мен сендердің келетіндеріңді он күн бұрын білгенмін. Бұл істеріңнің соңы жақсы емес. Халықты босқа қырғынға ұшыратасыңдар», – деді әжем. Сол кезде Ыбырай: «Бұл сапардан қайтып келмесімді өзім де білемін», – деді кейіп. Олар біздің үйден суыт аттанып кетті», – дейді өз естелігінде. (Ханкелді Әбжанов, ҚР ҰҒА академигі «Созақ көтерілісі: Ұлттық және Әлемдік тарихпен үйлесімі мен үндестігі». Мақала. Ө. Қырғызбаев. «Созақ қасіреті» 31-бет. Алматы: 2021 жыл)
Барлығын ұйымдастырып, көтерілісті бастаймыз деген Тамалардың өздерінің пікірі әр қилы болғанда, Арқадан келген Тамаларға қарағанда, жағдайы дұрыс, тыққан астықтары бар, Қаратаудың қиын шатқалдарында тығып тастаған бірлі-жарым малдары бар, ежелден диханшылықпен айналысатын жергілікті рулардың көтерілістен сырт беруі – тосын емес, қалыпты жағдай. Бұл – бір. Екіншіден, сол кезеңде рулық қарым-қатынаста өмір сүретін қазақ халқы, әр ауыл ру-ру болып бөлек отырған. «У ішсең руыңмен», – дегендей, руыңнан бөлініп, жеке барып көтеріліске қатыса алмайсың. Ауылды ақсақал басқарған. Әлгі ақсақалдың шешімінсіз аяғыңды қия басу мүмкін емес. Әр ауылдың ру-руға бөлініп, жеке-жеке отыруына дәлел – дәл бүгінгі күнге дейін өзіміздің Созақ ауданының өзінде Балдысу, Қарабұлақта – Қоңыр-Жиенбеттер, Абайда – Тамалар, Сызғанда – Саңғылдар, Шағада – Маңғытайлар болып бөлек-бөлек отырған жоқ па? Бүгінгі күннің өзінде Орталық Қазақстан мен Шығыс Қазақстанда орта жүз, Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанның біраз жерінде ұлы жүз, Қызылордадан батысқа қарай түгелдей кіші жүз мекендейді. Тарихи ақиқат сол: қазақ халқы белгілі аймақтарды ғана мекен еткен ежелгі түркілік ру-тайпалардан құралған халық. Ру-тайпалар тарихын білмей, қазақ халқының шынайы ұлттық тарихын түсіну мүмкін емес. Тарихта «Албандар көтерілісі», «Адайлар көтерілісі», «Асандар көтерілісі» деген көтерілістердің болғаны – тарихи шындық. Себебін тағыда қайталаймыз: Қазақ халқы XX ғасырдың бірінші жартысына дейін, тіптен бүгінгі күнде де аймақтық-әкімшілік бөлініс жөнінен ру-руға бөлініп отырған халық. Тарихи жағдайға байланысты, себеп бір болғандықтан, бір жерде шоғырланып отырған тұтас ру бір-ақ көтерілгендіктен де, әлгі көтеріліс – көтеріліске шыққан сол рудың атымен аталған. Қазақ тарихында «Албандар көтерілісі», «Адайлар көтерілісі», «Асандар көтерілісі» болған да, неге «Тамалар көтерілісі» болмайды? Біз қазір ресми түрде «1930 жылғы Созақ көтерілісі» деп атап жүрген көтеріліс – тәуелсіздік алған 1991 жылға дейін халық арасында, тіптен кейбір ресми құжаттарда да, зерттеу мақалалар мен ауыз-екі тілде де «Созақтағы Тамалар көтерілісі» деп аталып келген. Біз қазір қалай атасақ та, 1930 жылғы Созақ көтерілісі ұлт жадында «Созақтағы Тамалар көтерілісі» деп жазылып қалған. Ұлттық жадымызда сақталып қалған тарихи оқиғаға басқа рең бергеннен ұлт тарихы не ұтады? Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асса да, Кеңес өкіметі бойымызға сіңірген үрейден әлі күнге арыла алмай, «рушыл» атанудан қорқып, өз тарихымызға күні бүгінге дейін үрке қарап келеміз.
«Созақ көтерілісі - Аллахуға» 93 жыл болды. Бұдан 93 жыл бұрын қазақ халқында рулық қатынас тіптен күшті болған. Сондықтан да, Тамалар бастаған «Созақ көтерілісі - Аллахуға» Тамалардан өзге ру-тайпалар да қатысты деген пікірдің тарихи шындығы да, ғылыми негізі де өте төмен. Себебі, өзге рулар Арқадан келген екі болыс ел – Тама, біразы Тарақты, бірлі-жарым Алшындар секілді барынан айрылып, ашаршылыққа ұрынардай болған жоқ. Халық ашаршылыққа жаппай 1932 жылы ұрынды. Көтеріліс болатын 1930 жылы, Қаратау баурайында орналасқан рулардың тұрмыс жағдайы Арқадан келген Тамалардан әлдеқайда жоғары болатын.
Жуантөбедегі Әжентайұлы Жолдыбек досымның туған нағашы әжесі Жадыра апа (немерелері ол кісіні «Қызылкөз әже» дейтін) айтатын: «Созаққа қызыл әскер басып кірердің алдында, Көктөбе жақтан Созақтың ортасына қарай әлсін-әлсін зеңбірек атылды. У-шу, қым-қиғаш айқай. Бір кезде сақылдаған пулеметтің даусы естіліп, оқ борап кетті. Біз үйдің бұрыш-бұрышына тығылдық. Төребек деген үлкен бір кісі: «Қолдарыңа ұзын шыбық алып, ұшына қызыл мата байлаңдар да, қызыл әскер көрсеңдер «Ленин баба, Ленин баба» деп отыра кетіңдер, - депті. Бір кезде қызыл әскерлер үйге кіріп келіп, бәрімізді далаға шығарды. Біз «Ленин баба, Ленин баба» деп қолымыздағы шыбыққа байланған қызыл шүберекті жоғары көтеріп, зарлап отырмыз. Бізді көшеге алып шыққанда көрдік, біраз адамдарды үйлерінен алып шығып, көшеге тізіп қойыпты. Оларға да, бізге үйреткенді үйретіп қойған ба, қолдарында қызыл шүберек, бәрі пақсаның түбінде «Ленин баба, Ленин баба» деп тізерлеп зарлап отыр. Әскерше киінген екі орыс, жиналып пақсаның түбінде «Ленин баба, Ленин баба» деп тізерлеп, шулап отырған адамдарды, әйел, бала-шаға демей шетінен атып, қырып келе жатыр. Өлген жерім осы болар деп ойладым. Біраз адамды шетінен атып қырып тастады. Маған да жақындап қалды. Жаным мұрнымың ұшына келгендей болды. Бір кезде бастықтары-ау деймін, біреу келіп ана екеуіне сағатын көрсетіп, тоқтат дегендей белгі берді. Ана екеуі адамдарды шетінен атуын тоқтатып, жиналған адамдар ішінен тек қана 3-4 ер адамды ғана атып тастады. Көшеге дар ағашын орнатып, ертеңіне қолға түскен ер адамдарды сол дар ағашына аса бастады. Тергеп, тексеріп жатқан ешкім жоқ. Бір кезде біреулер, қарақұсы ойылып кеткен бір басты «Сұлтанбектің басы» деп көше-көшені аралап теуіп жүрді. Біздің үйдің айналасының өзінде пәленбай адамның өлігі жатты. Содан екі-үш күн өтіп, жаппай жазалау басылған соң, Созақ пен Көктөбенің ортасына үлкен етіп апан қаздырып, өлген адамдардың мәйіттерін есек арба, түйе арбаға артып әлгі апанға апарып көміп тастады», - деп айтатын. Бұл да «Созақ көтерілісі» хақында айтылмай жүрген бір шындық.
Көтеріліс басылған соң, халықты «жуасыту» мақсатында Жадыра апа айтқан оқиғаларға ұқсас оқиғаларды талай адамның аузынан естідік. Көтеріліс жасаған Созақ халқын тәубасына түсіріп, еңсесін басу мақсатында, көтеріліске қатысы жоқ талай адамның тергеусіз атылып, дарға асылғаны – тарихи шындық. Созақ көтерілісінің көз көргендерінің әңгімелерінен біз бұл тарихи шындықты бала күнімізден естіп өстік.
Атылған адамдардың мәйітін көміп тастағаннан соң ғана жаппай тұтқындау мен тергеу басталған. Міне, осы жаппай тұтқындау кезінде, ұрып-соғып, неше-түрлі қинау арқылы «Созақ көтерілісіне» қатысы жоқ адамдардың өздерін де «көтеріліске қатыстым» дегізіп, мойындатып жіберген.
Біз қазір «Созақ көтерілісіне» басқа рулармен бірге өзге ұлт өкілдері де қатысқан. Архивтік деректе солай жазылған деп, «архивтік дерек, архивтік дерек» деп күшенеміз.
Архивтік дерек бойынша Кенесары хан – «бандит,қарақшы», Махамбет – ел тыныштығын бұзған «бүлікшіл». 1937 жылғы Сталиндік репрессия құрбандары – «халық жаулары». Бірақ, бұлар кейіннен мемлекет тарапынан ақталды. Ал, «Созақ көтерілісшілері» әлі күнге мемлекет тарапынан ресми түрде ақталған жоқ. Мұны – бір деп қойыңыз.
Екінші айтпағымыз: 1937 жылғы Сталиндік репрессия құрбандары 1956 жылы КОКП XX сиезінде ресми тұрғыда ақталғаны тарихтан белгілі.
Егер олар мемлекет тарапынан ресми түрде ақталмағанда, Алаш арыстары мен Сәкен, Бейімбет, Ілияс секілді ұлт зиялыларының күні бүгін архивте сақталып тұрған «түпнұсқа», 1937 жылғы тергеу құжаттарымен танысқан адам, ұлт көсемдері Әлихан, Ахметтерден бастап, Сәкен, Бейімбет, Ілиястар түгелімен ағылшын, жапон «тыңшы-шпиондары» болған «халық жаулары» екен ғой, – деген шешімге келері – анық. Себебі, 1937 жылы болған Сталиндік репрессия құрбандары жүз пайыз барлығы дерлік тергеу кезінде НКВД тарапынан болған түрлі хайуандық әрекеттер мен азаптауларға шыдай алмай, мәжбүрлі түрде: «Ағылшын, жапон барлау ұйымдарына қызмет етіп, Кеңес өкіметін құлатуды мақсат еткен «халық жауымын», – деп қол қойып берген. Бұл – тарихи шындық!
Міне, тура сол секілді, «Созақ көтерілісінің шынайы тарихын білмейтін адам, «Созақ көтерілісіне» байланысты қолға түсіп, көшеде ұсталғандардың мемлекеттік мұрағаттағы НКВД тергеушілері мәжбүрлеп жаздырған құжаттарын көріп: «...Е-е-е-е, «Созақ көтерілісіне» түрлі рулар мен ұлт өкілдері қатысыпты ғой», – дері – анық. Себебі, «Созақ көтерілісінің» тарихы – тәуелсіз мамандар тарапынан күні бүгінге дейін зерттелінген жоқ. Ал, «Созақ көтерілісін» зерттегендер: «...мұрағат құжаттарында солай жазылған», – деуден әрі аса алмай жүр.
Сол мұрағат зерттеушілері Созақ көтерілісінен кейін сталиндік билік тарапынан Тама руына жасалынған жаппай репрессиядан Созақ Тамаларының 80-90 пайызынан астамы алды Ауғанстан соңы Қырғыстан, Тәжік, Өзбекстан ауып кеткенін біле ма екен?
Сұрастырып, зерттеп көріңізші, бүгінгі таңда Созақ ауданын мекендеп отырған Тамалардың аталары «Созақ көтерілісінің» дақпырты әбден басылғаннан кейін барып, 1950-60 жылдары ғана елге орала бастаған. Шындап келгенде, Созақ көтерілісі үшін болған қуғын-сүргін – Кеңес өкіметі тарапынан Тамаларға жасалған геноцид болатын. Тамалар көрген жаппай қуғын-сүргінді басқаша қалай бағалауға болады?
«Созақ көтерілісіне» тек Тамалар ғана емес, Созақ өңіріндегі өзге рулар да қатысса, онда неге олар Кеңес өкіметі тарапынан Тамалар секілді жаппай қуғын-сүргінге ұшырамаған?», – деген сұрақ көкейден кетер емес.
1960-70 жылдарға дейін Созақ өңірінде «Тама» деген сөз, «Кеңес өкіметінің жауы», деген сөздің балама ұғымы ретінде қабылданып келгендіктен, Тамадан шыққан бірде-бір адам Кеңес-партия ұйымдарының басшылық орындарына тағайындалмаған. Тамалар 70 жылдардың екінші жартысынан бастап өте сирек, ара-гідік шаруашылық басшылығына ғана сайлана бастады. Шындығына келгенде, бұл жағдай – «Созақ көтерілісі» үшін Кеңес өкіметі тарапынан Тамаларға жасалған жаппай қуғын-сүргіннің жалғасы болатын. Дәл осы тарихи шындықты Созақтың «есті құлақ, көне көз» қариялары түгел біледі. Күні бүгінге дейін Созақ өңірінің Тамалары ел арасында кекесін мен әзіл-шыны аралас «Аллаху» деп аталады.
Осы орайда: «Егер, «Созақ көтерілісіне» өзге рулар да қатысса, неге олар да халық арасында «Аллаху» деп аталып, Кеңес өкіметі тарапынан қуғын-сүргінге ұшырамаған?», – деп, Созақ көтерілісін тек мұрағаттық құжаттар арқылы ғана зерттеп жүрген зерттеушілерден тағы да қайталап сұрағымыз келіп отыр.
Ойымызды қорытындылай келе, түйінсөз ретінде айтпағымыз: «...архивтік дерек, архивтік дерек», – деп шулай бермей, «тарихымыздың тірі мұрағаты болған» – Созақ көтерілісіне қатысқан адамдардың көзін көріп, олардың әңгімесін тыңдағандар арамызда тірі жүргенде, «Созақ көтерлісі – Аллаху» тарихын тәуелсіз тарихшы-зерттеушілер тарапынан басқа деңгейде сараптай отырып, 1930 жылы болған Созақ көтерілісін тарихымыздағы «Албандар көтерілісі», «Адайлар көтерілісі», «Асандар көтерілісі» деген секілді «Созақтағы Тамалар көтерілісі» деп жазуымыз керек. Бұл – рушылдық емес, шынайы тарихымызға деген құрмет!
Тарих – ұлт келешегіне жол сілтер бағдаршам. Сондықтан да, ұлт ретінде өсіп өркендейміз десек, шынайы тарихымызды келер ұрпақ біліп өсуі шарт. Архивтік-мұрағаттық дерек – халық есінде сақталып қалған ұлттық жадыдан мықты емес. Сондықтан да ұлттық жадымызда сақталып қалған халқымыздың басынан өткізген түрлі тарихи оқиғаларды ғылыми негізде сараптап, зерттей отырып, тарих бетіне жазып қалдырғанымыз абзал. Ұлт болашағын ойлаған ел – ата тарихқа қиянат жасамаса керек. Тарих қателікті кешірмейді.
Нұрғали Махан
Abai.kz