Түркі елдері: Мәдени бауырластықтан жаңа күш орталығына дейін...

Жуырда Әзірбайжанның Габала қаласында Түркі мемлекеттері ұйымы басшыларының кезекті саммиті өтті. Онда ұйым жұмысын қуаттандыру және жаһандық беделді ойыншыға айналдыру жайлы бірқатар бастамалар көтерілді. Ұйымға мүше мемлекеттердің өзара интеграциясын тереңдету, экономика, саясат, ғылым-білім, жаңа технологиялар, қаржы және әскери секторларда өзара әріптестікті нығайту үшін жаңа жобалар ұсынылды.
Біз осы ретте «Түркі мемлекеттері ұйымының саяси болашағы қандай» деген сауалға жауап іздеп, саясаттанушы Жанат Момынқұловты әңгімеге тарттық...
ТМҰ+ ФОРМАТЫ – ТҮРКІ ҚАУІПСІЗДІК БЕЛДЕУІ!
– Габаладағы Түркі мемлекеттер ұйымының саммиті қандай күтпеген жаңалықтар әкелді?
– Басты жаңалық басымдықтың қауіпсіздік бағытына ауысуын білдіреді. Бұған дейін ТМҰ мәдениет пен экономикаға көбірек мән беріп келген болса, Габала саммиті ұйымды алғаш рет геосаясат пен аймақтық қауіпсіздік деңгейіне көтерді. «Өңірлік бейбітшілік пен қауіпсіздік» тақырыбы түркі елдерінің тек сауда мен логистикада емес, стратегиялық саясатта да үйлесімділікке ұмтылатынын көрсетті. Бұл «НАТО да емес, ҰҚШҰ да емес» үлгісіндегі түркі қауіпсіздік белдеуінің бастамасы.
Болашақтағы ТМҰ+ форматы НАТО мен ҰҚШҰ арасындағы қайшылықтарды жұмсартып, тіпті АҚШ пен Қытай арасындағы Орталық Азиядағы шиеленісті бәсеңдетуі мүмкін. Ердоған: «Түркі әлемі өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтауда анағұрлым тиімді рөл атқара алады», - деп мәлімдеді. Ал Әлиевтің 2026 жылы ТМҰ елдерінің бірлескен әскери жаттығулар өткізуі жөніндегі мәлімдемесі ерекше назар аударды. Саммитте қорғаныс өнеркәсібі, арнайы ақпарат алмасу, киберқауіпсіздік, цифрландыру, гуманитарлық миссияларды үйлестіру және дағдарысқа тосқауыл қою тетіктері жөнінде ірі бастамалар ұсынылды. Бұл символизмнен институционалдық кезеңге өту қадамы деп ойлаймын.
ОРТА ДӘЛІЗ ҺӘМ АҚШ
– ТМҰ-ды жаһандық саясаттағы ықпалды ұйымға айналды деп айтуға бола ма?
– Иә, ақырындап ТМҰ күн тәртібі әлемдік үрдістердің ықпалымен нақты әрі жаһандық сипатқа ие бола бастады. Ердоған, Әлиев, Тоқаев, Мирзиёев бұл жолы «мәдени бірліктен» гөрі, түркі өркениетін әлемдік саясаттағы дербес күш ретінде көрсетуге тырысты. Ресейдің әскери және экономикалық әлсіреуімен ТМҰ жаңа мазмұндағы зайырлы түркі-мұсылман елдерінің этикасына сүйенген жаңа еуразиялық идеяға және стратегиялық дербестік ұстанымына негізделген аймақтық және өркениеттік жобаның рөлін атқара бастады. ТМҰ+ форматы Тәжікстан, Грузия, Пәкістан, Ауғанстан, Катар, Сирия сияқты серіктес мемлекеттермен ынтымақтастықты қарастырады. Бұл ұйымды ашық әрі стратегиялық тұрғыдан икемді етеді. Осылайша ТМҰ жаңа мини-альянстардың, транзиттік тізбектердің және жаһандық сауда ағындарының қалыптасуына ықпал ете алады. Орта дәліз және АҚШ-тың осы жобаға қатысуы түркі елдерінің геосаяси сенімділігін арттырып, олардың автономиясын күшейтеді.
ҚАЗАҚСТАН ПРАГМАТИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ ИНТЕГРАЦИЯНЫҢ ЖАҚТАСЫ!
– Қай елдер терең интеграцияға көбірек мүдделі?
– Түркия мен Әзербайжан тандемі – ұйымның «қатты өзегі» ретінде қауіпсіздік күн тәртібінің қозғаушы күшін қалыптастырып отыр. Анкара саяси бағытты айқындаса, Баку энергетикалық және көлік көпірін қамтамасыз етеді. Түркия ТМҰ-ды жұмсақ күш, экономика және әскери ықпал кеңейту құралы ретінде көреді. Әзербайжан Қарабақтағы жеңістен кейін Кавказды түркі ынтымақтастығының және Еуропа мен Азияны жалғайтын логистикалық орталыққа айналдыруды көздейді. Қазақстан мен Өзбекстан – прагматикалық және интеллектуалды интеграцияның жақтастары. Олар экономикалық және цифрлық өзара байланыстарды дамыта отырып, әскери салада байып пен сақтықпен қадамдар жасайды.
Биыл алғаш рет Орталық Азия елдері қауіпсіздік пен киберқауіпсіздік саласында үйлесімділік қажеттігін ашық қолдады. Бұл болып жатқан геосаяси өзгерістердің қысымымен орын алды. Венгрия мен Түрікменстан ұйымға толыққанды мүше болуы ықтимал. Осылайша ұйымның құрылымы көпқабатты бола бастады: «Қатты өзегі» – Түркия мен Әзербайжан; жұмсақ өзегі «экономикалық платформа» түріндегі Орталық Азия елдері; «бақылаушылар мен серіктестер» Венгрия, Солтүстік Кипр, Катар және басқалар. ТМҰ+ форматы ұйымды жабық клуб емес, ашық алаңға айналдырады. Болашақта Грузия, Тәжікстан, Моңғолия, Пәкістан, Ауғанстан, Сирия серіктес бола алады. Бұл тарихи тұрғыда бейнелеп айтсақ, мәмлүк түркілерінің ислам әлемінің қауіпсіздік архитектурасындағы рөлін болашақта қайта жаңғыртатын үрдіс. Тіпті Израиль де, Ресей мен Қытай да алдағы кезеңде ТМҰ-мен өркениетаралық диалог форматында ынтымақтасуға мүдделі болуы мүмкін. Қазақстан түркі бірлігінің түркістандық тұжырымдамасын ілгерілетіп, Орталық Азия мен Әзербайжан арасындағы көпір рөлін күшейтіп отыр. Бұл ретте Астана түрік пантуранизмін, сондай-ақ ресейлік Алтай тұжырымдамасын да өзара ұштастырып келеді.
ҰҚШҰ-НЫҢ ӨЗАРА СЕНІМІ МЕН БЕДЕЛІ ТӨМЕНДЕДІ...
– НАТО мен ҰҚШҰ арасындағы қайшылықтар ОТМ дамуына қалай әсер етеді?
– Бұл екіұшты, бірақ мүмкіндіктер ұсынатын да жағдай. Мүшелердің сыртқы саяси бағыты әртүрлі: Түркия мен Венгрия – НАТО мүшелері, ал Қазақстан мен Қырғызстан – ҰҚШҰ құрамында. Бұл теориялық тұрғыдан әскери интеграцияны шектейтін сияқты. Бірақ 2022 жылғы оқиғалардан соң ҰҚШҰ-ның өзара сенімі мен беделінің төмендеуі және НАТО ішіндегі келіспеушіліктер (әсіресе Түркия мен Венгрияның ұстанымдары) түркі елдеріне өз бетінше қауіпсіздік күн тәртібін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Егер ТМҰ этно-мәдени тұйықтықтан шығып, мүдделес көрші елдерді тарта алса, ол Батысқа да, Ресейге де қарсы емес, бірақ тәуелсіз үшінші еуразиялық қауіпсіздік трегін қалыптастыра алады. Мұндай құрылым Қытай үшін де пайдалы болуы ықтимал.
– Қандай қиындықтар мен сын-қатерлер бар?
– Қазірге дейін ТМҰ мәдени және этникалық элементтерге көбірек сүйеніп, экономикалық мазмұнды толық тереңдете алмады. Кейбір ирандық талдаушылар, ұйымды Анкараның саяси ықпалын кеңейту амалы ретінде бағалайды. Foreign Policy жазғандай, Ердоғанның ТМҰ-ды толыққанды геосаяси блокқа айналдыру жоспары әлі әскери және экономикалық қуатпен нығайтылмаған. Сарапшылар ұйымның табысы институционализация мен басқару құрылымын нығайтуға, НАТО, ЕО және АСЕАН үлгілеріне жақындауға байланысты екенін айтады.
БАТЫС-ЦЕНТРИЗМ МЕН РЕСЕЙЛІК-ПОСТКЕҢЕСТІК ЖҮЙЕГЕ БАЛАМА
– Түркі президенттерінің кешегі риторикасы нені білдіреді?
– Саммитте айтылған сөздер жаңа өңірлік және геосаяси бірегейліктің қалыптасқанын көрсетті. Бұл енді тек мәдени одақ ғана емес, жаңа халықаралық күш орталығының туғандығының белгісі. ТМҰ мәдени бауырластықтан өркениеттік миссиясы бар геосаяси жобаның деңгейіне көтерілуде. Ұйым батыс-центризм мен ресейлік-посткеңестік жүйеге балама болатын жаңа түркі-мұсылман еуразиялық өркениеттік үлгіге айналып келеді.
– Ұйымның келешегі қандай?
– Уақыт өте келе ТМҰ Еуразиядағы маңызды геостратегиялық және экономикалық одаққа айналуы ықтимал. 2035 жылға қарай ол Қытай, Ресей, Үндістан және Еуропалық Одақпен қатар тұратын төртінші күш орталығына айналуы мүмкін. Бұл үшін ұйымға институционалдық нығаю, инвестициялық және инфрақұрылымдық үйлесім, цифрлық саясат және ішкі тепе-теңдік қажет. Қазір ТМҰ – әскери-саяси альянс емес шығар, бірақ болашақта мұндай сипатқа ие болуы да ғажап емес. Габала саммиті – түркі әлемінің саяси жетілуі мен өзіндік сенімінің көрінісі. ТМҰ мәдени символизмнен нақты саясат пен экономикалық стратегияға, жаһандық бірегейлікке өтуде. Бұл – жай ғана «түркі бауырластығы» емес, жаңа еуразиялық күштің қалыптасуының бастауы.
Сұхбаттасқан – Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz