Бейсенбі, 9 Қазан 2025
Жаңалықтар 154 0 пікір 9 Қазан, 2025 сағат 14:56

Аида Әбікеева: Басты мақсат - қазақтың көк туын желбірету!

Сурет: olympic.kz сайтынан алынды.

Бокстан Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында өткен әлем біріншілігінде Қазақстан тарихи жеңіске қол жеткізді. Ал әйелдер арасында 65 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Аида Әбікеева 2025 жылы екінші мәрте әлем чемпионы атанды. Olympic.kz сайтына берген сұқбатында бұрымды боксшымыз жарыстың есте қалған сәттерімен және алдағы жоспарларымен бөлісті.

- Бір жылда екі мәрте әлем чемпионы атану қандай сезім?

- Бір жылда екі дүркін әлем чемпионы атану - мен үшін үлкен мақтаныш. Жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Қарағанды облысынан қыздар арасында екі дүркін әлем чемпионы болмаған. Сондықтан екі бірдей әлем чемпионатын жеңіп алған бірінші спортшы болып тұрмын.

- Қыркүйек айында өткен әлем біріншілігінің наурыз айында өткен жарысқа қарағанда айырмашылығы бар ма?

- Сербияда қатысушы елдер саны аз болды деп айтуға болады. Ал осы World Boxing ұйымдастырған әлем чемпионаты жоғары деңгейде өтті десем болады. Түрлі елден мықты спортшылар жиналды.

- Қазақстандық жанкүйерлердің қолдауы қалай болды?

- Жанкүйерлердің қолдауы расымен тамаша болды. Әсіресе әлеуметтік желілерде жанкүйерлердің қолдауы сезілді. Күн сайын бізге хабарлама жазып отырды. Айта кетсек, Ливерпульде 150-ден астам жанкүйер бізді қолдау үшін арнайы келген. Олар жарыстың алғашқы күнінен бастап, соңына дейін қолдау көрсетті. Әрине, жанкүйерлердің қолдауы бізді жігерлендіреді.

- Ширек финалда Олимпиада чемпионын жеңдіңіз. Сол жекпе-жек жайлы айтып өтсеңіз.

- Иә, үшінші жекпе-жегімде түркиялық Бусеназ Сурменелимен кездестім. Ол - Олимпиада және үш дүркін әлем чемпионы, тәжірибелі әрі өте мықты қарсылас. Тактикалық жағынан да, физикалық тұрғыдан да жоғары деңгейде дайындалған спортшы. Бұған дейін, үш ай бұрын Әлем кубогында кездесіп, есе жіберген едім. Сол кезде өзіме: «Келесі жолы міндетті түрде есеңді қайтарасың», - деп уәде бергенмін. Мақсат қойып, бапкерлерімізбен бірге физикалық әрі тактикалық тұрғыдан тыңғылықты дайындалдық. Соның нәтижесінде көздеген мақсатымызға жеттік.

- Өткен әлем біріншілігінен есте қалған сәт болды ма?

- Әрине, финалдық кезең ерекше есте қалды. Сол кезде жанкүйерлердің қолдауы ерекше болды. Бұл - ұмытылмас сәт. Финалда қолымды жоғары көтергенде, көк туымыздың көкте желбірегені, әнұранымыздың шырқалған сәті есте қалды.

- Алдағы жоспар, мақсаттарыңыз жайлы айта өтсеңіз.

- Келесі жылы Азия ойындары бар. Сол додада жоғары нәтиже көрсету қажет. Одан бөлек, 2027 жылы бізде әлем чемпионаты бар. Сол жерде Олимпиада жолдамасын жеңіп алу үшін бар күшімізді саламыз. Алда әлі талай оқу-жаттығу жиындары күтіп тұр. Үш жыл ішінде физикалық және тактикалық тұрғыдан барынша дайындаламыз. Басты мақсат - Олимпиадада топ жарып, қазақ елінің көк туын көкте желбірету.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 767
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 9763