Бейсенбі, 9 Қазан 2025
Жаңалықтар 161 0 пікір 9 Қазан, 2025 сағат 15:13

ҚР Ұлттық кітапханасына – 115 жыл!

Сурет: madeniportal.kz сайтынан алынды.

Цифрландыру дәуірінде ақпарат көз ілеспес жылдамдықпен жаңарып жатқанда, кітапханалар қайтадан ерекше маңызға ие бола бастады. Олар – ұжымдық жад пен ұлттық болмыстың сақтаушысы, мәдени бірегейліктің кеңістігі. Қазақстанның Ұлттық кітапханасы – мұның айқын дәлелі. Бұл мекеме өткенді ғана емес, болашақты да қалыптастырып отырған мәдениет ошағы. Ол – үнсіз архив емес, дәстүр мен жаңашылдық, білім мен шабыт тоғысқан тірі рухани кеңістік. Ұлттың даму тарихын бейнелейтін бұл орда бүгінде елдің мәдени санасына және халықаралық бейнесіне ықпал ететін рухани институтқа айналды.

Биыл Ұлттық кітапхана 115 жылдық мерейтойын атап өтуде. Бұл – жай ғана дата емес, бірнеше дәуір мен түрлі идеология кезеңдерін еңсерген, ел тарихының даму жолын айшықтайтын тағылымды белес.

1910 жылы Верный қаласында кітапхана-оқу залы ретінде құрылған бұл шағын орталық сол заманда ағартушылықтың ұйытқысына айналды. 1931 жылы Қазақ АКСР Мемлекеттік көпшілік кітапханасы мәртебесін алып, ұлттық кітап қорының қызметін атқарды. Ал 1991 жылы тәуелсіздік алған соң оған Ұлттық мәртебе беріліп, 2020 жылы бұл мәртебе Президент Жарлығымен заңдық тұрғыда бекітілді.

Қазіргі таңда кітапхана қорында әлемнің 122 тілінде сақталған 7 миллионнан астам кітап пен құжат бар. Бұл – көне қолжазбалар мен сирек басылымдардан бастап, заманауи цифрлық дерекқорларға дейінгі бай мұра. Ол – Орталық Азиядағы ең ірі білім ордасы әрі ұлттық және жаһандық мәдениетті жалғап тұрған рухани көпір.

Сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры – кітапхананың жүрегі. Мұнда 40 мыңнан астам бірегей жәдігер сақталған. Олар адамзаттың ой-санасы мен сенімін, ғылым мен поэзияның даму жолын айғақтайды.

Қордың інжу-маржандарының қатарында – XII ғасырда куфалық жазумен жазылған Құран, Қожа Ахмет Ясауи әулетінің шежіресі «Насабнама» және Сүлеймен Бақырғанидың «Хикмат Хазірет Сұлтан әл-Ғарифин» атты сирек қолжазбасы бар. Бұл – бүгінге дейін толық нұсқасы сақталған жалғыз «Бақырған кітабы».

Сонымен бірге мұнда шығыс ойшылдарының еңбектері, Әлішер Науаидің қолжазбалары, Фирдоусидің «Шахнама» эпосының көне түркі тіліндегі аудармалары, сондай-ақ XVI–XVII ғасырлардағы еуропалық басылымдар — Галилейдің «Әлемнің екі негізгі жүйесі туралы сұхбат» мен Эразм Роттердамдықтың «Ақымақтықты мадақтау» кітабы сақталған.

Осы бай мұралар кітапхананы өркениеттер тоғысқан рухани кеңістікке айналдырып, Шығыс пен Батысты бір мәдени арнада табыстырады.

Кітапхананың маңызды бағыттарының бірі – «Казахстаника» қоры, яғни ұлттың деректі шежіресі. Мұнда Абай, Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов және басқа да ағартушылар мен ойшылдардың алғашқы басылымдары топтастырылған. Олардың еңбектері қазақ философиялық ойының іргетасын қалаған.

«Қазақ», «Айқап», «Еңбекші қазақ» газеттері мен «Абай», «Шолпан» журналдарында басылған дүниелер – ұлттық сананың ояну, қоғамның қалыптасу үдерісін бейнелейтін айғақтар. Бұлар – жай тарихи дерек емес, дәуірдің рухын, тіл мен әдебиет арқылы халықтың өзін-өзі тану жолын көрсететін мәдени айна.

Ұлттық кітапхананың директоры Ғазиза Нұрғалиеваның айтуынша, мұндағы қорлар қазақ сөз өнерінің тұтас дамуын қамтиды – батырлық эпостардан бастап заманауи философиялық прозаға дейін. Егер ауыз әдебиеті дала рухын жеткізсе, XX–XXI ғасыр әдебиеті Қазақстан мен әлем арасындағы рухани көпірге айналды.

Абай, Әуезов, Есенберлин, Уәлиханов сынды тұлғалардың еңбектері – ұлттың мәдени ойлау кодының көрінісі. Олар адамзатқа ортақ құндылықтар – ізгілік, ақыл, тағдыр мен рух туралы ойларды паш етеді.

Зерттеушілердің пікірінше, «Қара сөздер» мен «Абай жолы» секілді шығармалар Қазақстанды терең гуманистік ой иесі, адамгершілік пен еркіндік, өмірдің мәні туралы толғанатын ел ретінде танытады.

Қазіргі қазақ әдебиеті де жаһандық мәдени кеңістікке белсенді еніп келеді. Дулат Исабеков, Роллан Сейсенбаев, Айгүл Кемелбаева, Бақытгүл Сармекова және өзге де қаламгерлердің шығармалары шетел тілдеріне аударылып, Еуропа мен Азияның әдеби фестивальдерінде таныстырылуда.

Мамандар мұны тек әдеби құбылыс емес, «жұмсақ күш» – мәдени дипломатияның жаңа түрі деп бағалайды. Бұл – сөздің өзара түсіністік пен мәдени ықпалдастық құралына айналғанының айғағы.

Өз кезегінде Ұлттық кітапхана осы мәдени диалогтың орталығына айналып, аударма ісін, халықаралық серіктестікті және ұлттық контенттің жаһандық айналымда сақталуын қамтамасыз етіп отыр.

115 жылдық тарих – бұл тек өткен жолдың куәсі емес, жаңара білудің, заман талабына сай өзгерудің көрсеткіші. Бүгінгі Ұлттық кітапхана – цифрлық технология мен дәстүр сабақтастығын үйлестірген заманауи гуманитарлық орталық. Мұнда білім мен ақпарат баршаға қолжетімді ашық ресурсқа айналып келеді.

Мамандардың айтуынша, кітапхананың ең басты құндылығы – оның бай мұрасында ғана емес, жас ұрпаққа шабыт беріп, рухани тәрбие дарыта білу қабілетінде.

Сирек қолжазбаны немесе көне кітапты парақтаған әр адам тарихпен тірі диалогқа түседі. Бұл диалог бір ғасырдан астам уақыт бойы үзілмей жалғасып келеді және жыл өткен сайын әлемдік мәдени кеңістікте жаңа үнмен жаңғырып отыр.

Дереккөзі: qazaqculture.com

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 767
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 9763