«Қыз мұнарасы»
(әңгіме)
Екі иығы қушиған, жағына пышақ жанығандай арық, жар қабақ, қалың қасты, шүңгіл көк көз, шоқша сақал, сары шал арқалы орындықта шалқайып, Теңіздің жағасында қармақ салып отыр. Наурыз айы ортасынан ауған шақ. Күн бұлтты, ылғалды ызғырық өңменіңнен өтеді. Шалдың басында күн қақтаған ескі қалпақ, үстінде қара жолақты ақ жамылғы. Жел шайқаған шұп-шұбар, қаракөк теңіз суынан, теңіз суы емес-ау қармағының қалтқымасынан көз айырмайды. Ақ бауыр, сары тұмсық, қара сұр қанатты шағалалар зәу биіктен теңізге құлдилай келіп басымен суға күмп береді де, балдыр ма, шабақ па бірдемені іліп алып, көз ілестірмей аспанға тік атылады.
Шал менің аяқ дыбысымды естісе де, естімегенсіп, мелшиіп отыра берді. Екі көзі теңізде.
Нан толы шарбағын төбесіне көтерген қарасирақ, күс табан бозбала «ыстық нан алыңыздар!» деп қасымызға жақындады. Нанның иісі мұрынды жарады. Шал арқасындағы жамылғысын көтеріп, күміс бауыры жарқ етіп, тұмсығымыздың ұшынан оқтай зымырап өте шыққан шағалаға қарап ызалана кіжінді:
– Ой, сұмырай! Ой, оңбаған-ай!... Қанатым болса, қазір қуып жетіп, мойныңнан қылқындырып ұстап тұрып қауырсыныңды бір талдан жұлар ем!
Құс атасы – Шегірбаянның жепіс жеті бабасын жездей қақтады.
– Міне, бұлар – нағыз жауыздар! Тасбауырлар! Айдың күні аманында басқа құстың жұмыртқасын ұрлап жеп қоятындар ...
Мен үндемедім. Сұқ саусағын шошайтып, одан сайын долданды шал:
– Оны қойшы, жетесіз немелер өздерінің жұмыртқасын өздері жеп қоятынын қайтерсің!!!
Шалдың жынына тиіп, мазасын алатын мыңдаған шағала жүр. Оның бәрімен жағаласып, жауласса, не жаны қалады байғұстың! Менен мыңқ еткен дыбыс шықпағасын шал ұзын мойнын бұрды:
– Кәріссің бе?, Қытайсың ба?
– Қазақпын.
– Қазақ!?
Шал өмірінде бірінші рет қазақ көріп тұрғандай басымнан бақайыма дейін тініте қарады, дауысы да қатты шықты.
– Қазақстаннан келдің бе? Аллаға шүкір, сендер де ел боп қалдыңдар-ау, тәңір тілеулеріңді берсін!
Тап-таза қазақша сөйлегеніне таңырқадым. Менің де даусым жер жарды:
– Сіз де қазақсыз ба?!
– Жоқ, Түрікпін. Ұлы Осман империясының азаматымын!
Қуанышымда шек болмады. Мынадай алып шаһардан өз тіліңді түсінетін бір кісі табылса, неге қуанбасқа! Туғанымды тапқандай екі езуім екі жақта, шалға бір табан жақындадым.
Теңіздің жар қабағының асты құжынаған жұрт. Аяқ алып жүргісіз жағалау. Сапырылысқан саудагер. Үзіліп жеткен азанның дауысы. Алып кемелер бірінен соң бірі жүйткіп барады. Балықшылардың моторлы қайықтары да қыр соңдарынан қалмайды. Көрер көзге бозаң далада жосылып бара жатқан құлынды биелер елестейді.
Теңіздің бетін ақ кіреуке-тұман басты, судың түсі ал-қара реңге боялды.
– Пенденің тірлігі осы ...
Шал айдынға қарамаса да, бәрін ойша біліп отырған сыңайда. Сол қолымен шоқша сақалын саумалап, қасындағы балықтың жемі салынған шелекті аяғының ұшымен өзіне таман жылжытып қойды.
– Бірінші рет келуің бе, ұлым?
– Иә.
– Қай жерде тұрасың, ұлым?
– Алматыда.
Сүйегі ырсиған тарамыс қолымен судың ортасындағы еңселі мұнараны көрсетті:
– Әнеу мұнараға шықтың ба, ұлым?
– Жоқ.
– Оны «Қыз күлесі», сендерше «Қыз мұнарасы» дейді, ұлым.
– Естігем.
«Ұлым» дегенді қоспаса сөзінің дәмі келмейтін сыңайлы. Шал ұзақ әңгіме бастайтындай жөткірінді.
– Шай ішесің бе, ұлым, кофе ме?
«Үйіне шақырып отыр-ау» деп жорыдым да, «үйіңіз алыс па?» деп қарсы сұрақ қойдым.
– Алыс емес, ұлым, желке тұста.
Оң жақ қапталдағы дәмханаға бұрылып, сұқ саусағын шошайтты. Даяшы қыз жүгіріп жетті. Қыздың үстіндегі жеңіл де, ашық түсті хиджабы өзіне құп жарасқан. Екі көзі мөлдіреп, қараторы жүзінен қан ойнап, әдемі жымиып «не бұйырасыз» деп үзіліп тұрды. Шал көкпеңкөк жанарын менің жанарыма тіке қадап: «Бір шай, бір кофе» деді қысқа қайырып. Шыңыраудың түбінде жатқан өткір көк көз өңменімнен өтіп кетті.
– Бала-шағаңыз көп пе?
– Құдайға тәуба, жетеді, ұлым...
Ауыр күрсінді. Аузынан ақ жалын атылып шыққандай болды. Шалдың жанды жеріне тиіп кеттім-ау деп қатты қысылдым. Бақсам, онша кейіген, мұңайған сыңай танытпады. Тұңғиық ойға шомып, астыңғы ернін сәл жымқырып, басын шайқап-шайқап жіберді де:
– Шіркін, сенің жасыңды Құдай маған бір жұмаға берсе ғой, ұлым, тек бір-ақ жұмаға... – деді жымың-жымың етіп.
Түкке түсінбедім. Менің жиырма бестегі жасыма несіне қызығып отырғанын тек бір Алла біледі, қолымнан келсе жиырма бесті шалдан аяп нем бар, шалдың орнында мен-ақ отырар едім теңіздің жағасында қармағымды суға матырып қойып.
– Мына теңіздің аты – «Қара теңіз», – деді шал теңізді көзімен нұсқап, – неге екенін білмеймін Гректер оны «Мейірбан Теңіз» деп атапты. Түріктер осы өңірге табан тірегенге дейін теңіздің екі, үш жүздей атауы болған көрінеді. Сырттан келген жұрттың бәрі «Қара теңіздің суы қап-қара түсті ме?» деп сұрайды. Теңіздің суының бәрі көк түсті болатынын білесің, ұлым. «Қара теңіз» аталатынының себебі – суға тастаған зәкір тез-ақ қарайып кетеді, сонысына қарап теңізшілер осындай ат қойған болу керек деп ойлаймын, ұлым. Ал, сен тұрған жерді Босфор бұғазы дейді. «Қыз мұнарасы» туралы біздің Түріктер қиыннан қиыстырып мыңдаған аңыз айтады. Аңыздың аты – аңыз, оның қайсысы шын, қайсысы өтірік екенін ит білсін! Оқығаным мен естігенім бойынша мына бір әңгіменің қисыны келеді-ау деп ойлаймын, ұлым.
...Ерте, ерте, ертеде Византия империясының патшасы Ұлы Константиннің атағы жер жарып тұрған кез екен. Оның ай десе аузы, күн десе көзі бар бір сұлу қызы болыпты. Бір күні патша ордасына жердің бір қиырынан үсті-басы алба-жұлба, аштықтан бұратылып, таяққа сүйенген бір сәуегей кемпір келіпті. «Патшаның өзіне ғана айтатын бұйымтайым бар» деп табалдырықта сіресіп тұрып алыпты кемпір. Сарайдағылар кемпірдің қарнын тойдырып, жуындырып-шайындырып, үстіне біркиерін кигізіп, патшаға алып келіпті. « Жер-жаһанның иесі, аса мәртебелі патшам, Жаратқан ием өте жаманат хабарды сізге жеткізу үшін мені әдейілеп жіберді. Айыпқа бұйыра көрмеңіз!» деп патшаның құлағына бірдемені сыбырлапты. Патшаның жүзі қуарып, ашуға булығып, жендеттерін шақырып, дереу әлгі кемпірдің басын алдыртыпты. Сондағы сәуегей кемпірдің айтқаны мынау екен: «Ханшайым он сегізге толғанда, ажалы қарашұбар жыланнан болады!». Сөйтіп, патшадан күндіз күлкі, түнде ұйқы қашады. Қызы болса он алтыда. Кемпірдің айтқаны келсе, екі-ақ жылдық өмірі қалды. Содан еліндегі шеберлер мен ұсталарды жинап, теңіздің орта тұсына мұнара-сарай тұрғыздыртады. Қызды кәнизактарымен қоса сол мұнараға апартып тастайды. Мұнараға тірі жан жүзіп жете алмайды, тірі жәндік өрмелеп шыға алмайды. Биік мұнараны айналдыра алау жақтырып, қарауыл қойдырады. Патша үш ай сайын бір келіп қызын көріп қайтады екен. Өстіп күн өтіп, ай өтіп, жыл өтіп, ханшайым да он сегізге толыпты. Алланың шеберлігінде шек бар ма, айтқанындай дәл он сегізге толған күні қызды улы жылан шағады! Уақиға былай болыпты: мұнараға азық жеткізетін қайықтағы жеміс-жидектің арасына бір жылан жасырыныпты, оны ешкім байқамаған. Сол жасырынған қарашұбар жылан он екіде бір гүлі ашылмаған аруды шағып өлтіріпті... Жұмыр жердің жартысын уысында ұстаған Константин патша қан жұтып, құсаланғанымен, Алланың ақ бұйрық өліміне қарсы дәрменсіздігін білдіріпті, бармағын тістеп өкінгенімен, қайғының орнын толтыра алмапты. Не десек те баяғы сәуегей кемпірдің айтқаны айдай келіпті...
Шал ит қияннан арқалап әкелген ауыр жүгін жерге түсіргендей, терең тыныстады. Көп сөйлегендікі ме қос өкпесі қысып, демі бітіп қалды. Дегенмен, манағыдай емес жүзі жадырап, неше күн, тіпті неше ай ішіне бүгіп келген лепесін бір ақтаруға әбден бекіген кісідей сөзін жалғады. Адамның сондай бір жарқын кездері болады ғой, шал бүгін іште жиналып қалған әңгіменің бәрін сыртқа ақтарып шығаратынын байқатты.
– «Қыз мұнарасы» дегендер әр елде бар. Бакуде де «Қыз құлаған» деген бір мұнара бар. Ол туралы аңыз өте былапыт, ақылға кірмейтін аңыз болып айтылады. Бүй дейді: ертеде бір патша болыпты, оның нұр дидарлы асқан сұлу әйелі болыпты. Күндердің күнінде патшайым кенеттен дүние салыпты. Патша қайғыдан есеңгіреп, ақылынан адасыпты. Еліндегі сұлулардың ішінен тек өзінің патшайымынан аумайтын әйел іздепті. Таппапты. Сөйтіп жүрсе өзінің туған қызы ғана шешесінен аумайды екен. Патша қызының құрметі үшін теңіздің жағасына әлгі мұнараны соқтырып, ұлан-асыр той жасап, қызына үйленбекші болыпты. Қызы алжыған, әлден шыққан әкесінің қорлығына шыдамай, дәл той өтетін күні биік мұнараның басынан өзін жерге лақтырып, жантәсілім болыпты. Кейін ел мұнараны «Қыз құлаған» атап кетіпті... Бұл аңыз анайылау болса да, Әзербайжанның ежелгі дәуірдегі әміршілерінің әкесі қызына, ағасы қарындасына үйленуіне болады деп жарлық шығарғанын тарихтан оқығанмын. Оқыған құлда жазық жоқ...
– Иә, сіздердегідей аңыз бізде де бар, – дедім мен, – аңыздың аты – «Алтын қайық». Ертеде «Сарайшық» деген қала болыпты. Алтын Орда ханы Жәнібек Сарайшыққа хан ордасын салғызыпты. Шаһардағы шығыс үлгісіндегі үйлердің, мешіт-медреселердің төбесі көк тіреп, мешіттің күмбезіндегі алтын ай көш жерден жарқырап тұрады дейді. Еуропа мен Азияны тұтастырған керуен жолы осы қаланы басып өтеді екен. Ертеде орыс патшасы Юрий Долгорукий Мәскеудегі қызыл Алаңды салдырғанда Сарайшыққа қарап салдырғанын сіздер біле бермейсіздер.
Шал мырс етті.
– Білгенде қандай, Кремль қорғанының үлгісін де орыстар Бату сарайынан алған. Әрине, мен тарихшы болған соң білемін де. Кешір, шырағым, әңгімеңді бөлгенім үшін...
Мен ұялып қалдым. Сұңғыла шалдың жадының мықтылығына іштей қайран қалдым да, әңгімемді әрмен жалғадым.
– Сарайшықтың байлығы сондай, керуеншілердің пайдасынан түскен ақшаға қаңғыған қайыршы мен адасқан жолаушы, жарлы-жақыбайлардың қарнын тойдырып, иініне киім ілдіріп жібереді екен. Жәнібек хан төңірегіне билер мен шешендерді, жырауларды, өңкей жақсы-жайсаңдарды жинапты. Ну орман, жасыл алқапқа нөкерлерін ертіп алып аң аулап, сауық-сайран құрғанды жаны сүйеді екен. Аққу-қазды жақсы көргенімен, айдынына қонатын шаһарда бір көл болмағаны ханның көңіліне қаяу салады. Мың сан толғана кеп еркек кіндіктіге қайла, күрек ұстатып, көлдің орнын қаздыра бастайды. Қаптаған қалың қол айлап, жылдап әупірімдеп жүріп бітіреді. Содан Жайықтың суын жетелеп әкеп, көлге құйдырады. Тосыннан пайда болған айдынға Аққу-құстар жатырқап қонбаған соң, көлге қырық қап секер төктіріпті, тәттінің аққуды арбайтын құдыреті бар көрінеді. Көл содан «Секер көл» атанады, енді аққулар тобымен топырлап ұшып келе бастайды. Көл содан «Аққу көлі» атанады. Сөйтіп, қала жұрты керемет қызықты тамашалап, мамыражай өмір сүріп жатады. Көлдің даңқы алысқа жетіп, өзге елден де жиһанкездер келе бастапты.
Жәнібек ханның шығарда жаны бір Сүйімбике деген жалғыз қызы болыпты. Сол кезде Сүйімбике он бесте екен. Хан маңдайына біткен сүйікті қызына алтыннан қайық жасатып беріпті. Сүйімбике қасына құрбы- құрдастарын ертіп, алтын қайықпен айына бір-екі рет тек ай жарығында көлде серуендеп жүзіп өтеді екен. Қыздың сұлулығына құмартқан ел көл жағасында қоғадай жапырылып отырады екен. Айлы түнде Сүйімбикенің аппақ дидарынан сәуле шашып, алтын қайығы жарқырап, жұптасқан аққулардың сұлбасы көлге ерекше сән беріп, бейне қараңғы аспандағы жарық жұлдыздардай көзді арбайды екен. Қыз нәзік те әсем даусымен айлы түнді тербелтіп бүй деп ән салады дейді:
Сарайшықтың саздары,
Қаңқылдайды қаздары,
Су сұраса, бал берер
Біздің елдің қыздары...
Осындай тамашаны бір көруге зар болған қаншама бозбалалар көл жағасын күзетумен болыпты. Күндердің күнінде Сүйімбикенің өкпесіне суық тиіп ауырып, дертінің беті қайтпай, хан әкесінің қос алақанында жатып көз жұмыпты. Хан ең сенімді деген жеті кісіні сарайына шақыртып: «Сүйімбикені алтын қайыққа жатқызып, дүние-мүлкімен қоса тас қараңғы түнде ешкім естімеген, ешкім білмеген жерге жасырын жерлеңдер. Жерлеген жерлеріңнің үстінен үйір-үйір жылқы айдаңдар. Сүйімбикенің қайда жатқанын тірі жан білмейтін болсын!» деп бұйырыпты. Ондағысы қызымның жерленген жерін білсе, қарақшылар байлыққа қызығып, көрін қазып жүрер дегені болса керек. Жетеуі Ханның айтқанын бұлжытпай орындайды. Сол түні таң атқанша жылқы кісінеп, ит ұлып, байғыз сұңқылдап, күн күркіреп, найзағай ойнап, Сарайшықтың елі кірпік ілмей шығыпты. Таң бозында жеті кісі сарайға еніпті, енуі енгенімен, біреуі де кері қайтпапты, себебі, Хан бәрінің басын алдыртыпты деседі...
– Е, балам-ай, «ананы қайдан білесің, мынаны қайдан білесің?» деп қытқуырлап болмадың ғой. Мен сол Сарайшықтан елу шақырым жердегі Атырауда бес жыл тұрғам.
Мәссаған, безгелдек! Көзім шарасынан шыға жаздады. Шал сабырлы қалпынан танбады. Қармағының бауын жинап, құрығын қасына қойды да, қалтасынан темекі алып тұтатты. Көк түтінді құшырлана сорып, өзінше бір рахат тапқандай болды. Бір мезгілде жар қабағының астындағы көк көзін маған тіке қадап, тас мүсіндей меңірейіп қатты да қалды. Темекісінің шоғы қызарып тұр, қыбырламайды, тынысы сезілмейді. Шошып кеттім. Тұла бойымды «жүрегі тоқтап қалған жоқ па екен?» деген үрей меңдеді. Жоқ, тоқтамапты, көзін көзімнен тайдырып, түнерген аспанға қарап отырып сөзін жалғады:
– Құдай куә. Бір аяғым көрде, бір аяғым жерде тұрғанда несін жасырайын, адамнан жасырғанды Алладан жасыра аламысың, балам?! Ата-бабам Орыстың жерінде, осы Қара Теңіздің бойын мекендепті. Қалай десек те біздің тағдырымыз осы Қара Теңізге мәңгіге байланып қалған секілді. Соғыстан кейін бізді «Тың игеру» науқанымен Қазақстанның Ақмола дейтін өңіріне жер аударыпты. Менің енді ғана ес біле бастаған кезім. Қаңғып, азып-тозып келген біздерге қазақтар өздері жарымай отырып жарты күлшесін бөліп беретін. Қысы қатты, аязды жер екен, баспаналарының бір бұрышынан орын берді. Сөйтіп, қан-жынымыз араласып, сіздің елмен туыс-қиыс болып кеттік. Қазақшаға судаймыз, ой, Алла, мұқтаждық деген де қиын ғой, босып келгендердің бала-шағасы тек қазақша сөйлесетінбіз. Бес сыныпты бітірген жылы ішінде мен бар он баланы іріктеп, үкімет қамқорлығына алып оқытады деп Мәскеуге алып кетті. Мәскеуде он жыл оқытты. Не оқытқанын айтпай- ақ қояйын, бізді сықаяқ шпион ғып шығарды. Совет үкіметі дегенің мықты еді ғой, жердің асты мен үстіндегі «тырс» еткен тықырды біздер арқылы біліп отыратын. Қара теңіздің бойындағы Украина, Грузия, Болгария, осы Түркия елдерінде менің көп жылдарым өтті. Жансыз дегеннің не істейтінін білмейсің ғой, бала. Менің жүзіме қарашы, орыс десең орыспын, түрік десең түрікпін, қазақ десең қазақпын... айырып көр түрімнен. Кез келген тілді ана тілімнен артық білемін. Қысқасы, от пен судың, өмір мен өлімнің ортасында ғұмыр кештім. Ақырында, туған әкемдей сенген үкіметім бір күнде құлап тынды. Имандай шынымды айтайын: жүрегімді арнаған, адал қызмет еткен, құлай сүйген Отанымның күйрегенін көргенде, егіліп тұрып жылағам, сахараның шетсіз-шексіз шөлінде, елсіз иен аралда жалғыз қалғандай күй кешкем. Тек деген нәрсе адамды жібермейді екен, бір күні «қаным түрік, жаным түрік, дінім мұсылман, қой, онанда Түркияға кетейін» деген ой басыма сап ете түскені. Артыма қарайлайтын бала-шаға, туыс-туған дейтін менде атымен жоқ, ақшам бар, Стамбұлға тарттым да кеттім. Құдайдан несін жасырайын, жүрген елдің бәрінде үйленгем, балалы болғам, Алла өзі кешсін, қанша әйелімнің, қанша перзентімнің болғанын баяғыда ұмытқам. «Жалғыздық Құдайға ғана жарасады» демеуші ме еді, жер бетіндегі ең жексұрын жандардың бірі болғаным үшін Құдайдан кейін маған жарасатын шығар сол жалғыздық. Шыр етіп, жерге түскенде азан шақырып атымды «Әли» деп Мұхаммед пайғамбардың сахабасы, күйеу баласы, төрт халифаның бірі арыстан жүректі Әлидің құрметіне арнап қойыпты. Әкемнің аты – Жәми, шығыстың жеті жұлдызының бірі, ұлы ойшыл Жәми Әбдірахманның есімін иеленген болуы керек. Мен өмір бойы «Мұрат Ислам» немесе «Ислам Мұрат» болып өттім. Ес білгеннен кейін «Әли» деген өз атымды бірде-бір рет қайталап естіген емеспін. Естімейтін де шығармын... Пешенеме жазған кәсібім де, нәсібім де тыңшылық еді, түбіме жеткен де сол атың өшкірдің кеселі! Міне, ақыр аяғында қу тіземді құшақтап, бұ дүниеде жападан-жалғыз отырмын...
Шалқар теңіз қап-қара түске боялды. Суға жақындасам болды Қара Теңіз түпсіз, тұңғиық шыңырауға тартып әкетердей бойымды үрей биледі. Аспанның түсі қабарып, айдынның бетін сұп-сұры тұман басты.
Ғалым Қалибекұлы
Автор туралы ақпарат:
1963 жылы 29 наурызда туған. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Моңғолия Жазушылар одағының «Алтын қалам» сыйлығының лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Әлемдік Өнер және мәдениет академиясының тұрақты мүшесі.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Бүгінгі таңда Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары.
«Шерлі домбыра» (1997 ж.), «Өмір-ай!...» (2003ж.), «Тоқинақ» (2003ж.), «Ақ кербез» (2011ж.), «Үш тоғыс» (2013ж.), «Ақ көке» (2021ж.), «Шеген» (2023 ж.) қатарлы кітаптары жарық көрген.
Abai.kz