Жұма, 10 Қазан 2025
Жаңалықтар 1087 0 пікір 10 Қазан, 2025 сағат 17:53

Қазақстанның өңдеу секторы жаңа мүмкіндіктер кезеңіне қадам басуда

Сурет: asia24.media сайтынан алынды.

Қазір жаһандық мұнай-химия саласы құлдырау кезеңін өткеріп жатыр. Артық өндірістік қуаттар, пайда деңгейінің төмендеуі, қарыз алудың қымбаттауы мен геосаяси тұрақсыздық – бәрі бірігіп, тіпті алып корпорациялар үшін жаңа жобаларға қаржы құюдың тартымдылығы азайды.

Мұндай жағдайда тек ең тиімді жобалар ғана өміршең болады. Шығын құрылымында жоғары тиімділік көрсеткен компаниялар ақша ағынын сақтап, табыстылығын жоғалтпай отыр. Ал тиімсіз жобалар тоқтап, не белгісіз мерзімге шегерілуде.

Дегенмен дәл осы қиын ахуал тұрақты ресурстық базасы бар, әрі полимерге сұранысы жылдан жылға артып келе жатқан елдер үшін жаңа мүмкіндіктер терезесін ашты.

Осы санатқа Қазақстан да кіреді. Қазір еліміз Атырау облысында ірі газ-химия кешені – «Силлено» полиэтилен зауытының құрылысын жүргізіп жатыр. Құны 7 миллиард долларға жуық бұл жоба «ҚазМұнайГаз», ресейлік СИБУР және қытайлық Sinopec компанияларының бірлескен бастамасы. Зауытты 2028 жылы іске қосу жоспарланып отыр. Жобаның қуаты жылына 1,25 миллион тонна полиэтилен өндіруге жетеді. Бұл отандық сұраныстың 90%-ын қамтып, сыртқы нарыққа да жол ашады.

Жобаның басты артықшылығы – шикізат қауіпсіздігі. 2024 жылдың желтоқсанында «ҚазМұнайГаз» бен «Теңізшевройл» компаниялары арасында жаңартылған келісім жасалып, жыл сайын 9 миллиард текше метр құрғақ газ жеткізу кепілдендірілді. Осы газдан этан бөлініп алынып, полиэтилен өндіруге қолданылады. Бұл – саланың ең үлкен тәуекелінің бірі саналатын шикізат тұрақсыздығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

Кешенде құрылыс, машина жасау және орама өндірісіне арналған жоғары сапалы 22 түрлі полиэтилен маркасы шығарылады. АҚШ өндірушілері арзан этан ресурсына арқа сүйесе, Қазақстанның бұл жобасы – кепілдендірілген жеткізілім, ішкі сұраныстың өсуі және экспорттық әлеуеттің үйлесіміне негізделген ұлттық үлгідегі модель.

«Силлено» жобасындағы халықаралық әріптестік те айрықша рөл атқарады. Қатысушы компаниялардың әрқайсысы күрделі химиялық кешендерді іске асыруда мол тәжірибе жинақтаған. Бұл жобаны уақытылы аяқтап, заманауи технологияларды енгізіп, өндірілген өнімді сәтті коммерциялау мүмкіндігін арттырады.

Алайда мұндай бастамалардың табысты болуы тек шикізатпен не серіктестермен ғана шектелмейді. Ең маңыздысы – мемлекеттік деңгейдегі ұзақ мерзімді саясат. Жуырдағы Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңдеу өнеркәсібіне жаңа серпін беру қажеттігін айтты. Соңғы бес жылда бұл салада өндірілген жалпы өнім көлемі екі есеге өсіп, 17 триллион теңгеден асты. Алайда Президент бұл салада нақты жүйе қалыптаспағанын да атап өтті.

Мемлекеттің жаңа өнеркәсіптік саясаты енді күш пен қаражатты нақты ірі жобаларға бағыттауды көздейді. Солардың бірі – «Силлено» зауыты. Бұл жай ғана өндіріс орны емес, елдің тұрақсыз экономикалық жағдайға қарамастан, күрделі стратегиялық жобаларды жүзеге асыра алатын қабілетін көрсететін маңызды бастама.

Әрине, бұл жолда тәуекелдер бар: өндіріс қуатының артықтығы, бағаның құбылуы, қаржы тартудың қиындығы сияқты мәселелер шешім күтеді. Бірақ сонымен қатар, бұл жоба Қазақстанға импортқа тәуелділікті азайту, сыртқы нарыққа шығу және өңдеу саласын нығайту сияқты мүмкіндіктерге жол ашады.

Уақыт өте келе әлемдік нарық қалпына келгенде, ең үлкен пайда дәл осындай қиын кезеңде тәуекелге барып, әрекет еткен елдерге бұйырады. «Силлено» – Қазақстанның келешегіне бағытталған батыл шешім. Нақты кепіл болмаса да, бұл жоба ел экономикасының болашақ бейнесін түбегейлі өзгерте алатын тарихи мүмкіндікке айналуы мүмкін.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 802
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 9853