Арабтар Путиннен бас тартты ма?

15 қазанға жоспарланған «Ресей-Араб» саммиті Мәскеуде өтпейді. Владимир Путиннің Араб мемлекеттері лигасының (АМЛ) көшбасшыларымен кездесуінен оның негізгі қатысушылары Ресейге сапарлаудан үзілді-кесілді бас тартқаннан кейін, Мәскеудің оны амалсыздан тоқтатуына тура келді.
Арабтардың бұл бас тартуы – ерке баланың қылығы емес, есі дұрыс жандардың стратегиялық пайымдауларының нәтижесі болып табылады.
Мәскеу өзі қоймақшы болған спектакліне сахнаны дайындап жатқанда, араб көшбасшылары Ақ үйдің ығына жығылуды жөн деп тапты. Сыртқы саясаттың өзгермейтін билеушісі болып саналатын АҚШ өзінің қаншалықты салмағы бар екенін тағы да бір мәрте орыстардың көзін бақырайтып қойып дәлелдеді. Парсы шығанағының монархиялары үшін Вашингтон жай ғана серіктес емес, олардың қауіпсіздігінің сәулетшісі және экономикалық тұрақтылықтың кепілі болып қала береді.
Араб көшбасшылары «сойылған түйенің етін үлестіретін отағасының» қайда екенін жақсы түсінеді. 2025 жылдың қазан айында олар өздерінің таңдауларын жасап: дивидендтері түсініксіз, бірақ есі дұрыс жан ұғынатын қыл қиямет тәуекелдері бар Путиннің геосаяси фантасмагорияларының тең авторларынан гөрі, Трамптың кіші серіктесі болғандарын хош көрді.
Abai.kz