Қазақстанда кімдердің қарызы кешірілді?

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов жеке тұлғалар банкроттығы бойынша тілшілер сұрағына жауап берді.
– Қазіргі таңда 45 200 адам банкрот деп танылды. Олардың қарыз сомасы 180 млрд теңге болатын. Соның барлығы кешірілді деуге болады. Соның ішінде 13 мыңнан астам адам – бес жылдан астам төлем жасай алмаған азаматтар, көптен қарыз болғандар. Қосымша айта кетсек, 2,5 мың азамат – әлеуметтік тіркеуде тұрған, жағдайы қиын жанұялар. Солардың қарызы кешірілді. Осы заң аясында жеке тұлғалардың жалпы сомасы 180 млрд теңге жеке міндеттемелерін шештік. Заң жақсы жұмыс істеп жатыр. Қандай да бір адами факторлар бұған әсер етпейді. Соттан тыс банкроттық процестері автоматтандырылған, – деді Е.Біржанов Үкімет үйінде өткен брифингте.
Заң бойынша, соттан тыс банкроттыққа арыз берушінің атында ешбір мүлік болмауы керек, қарызы көптен төленбеген, төлей алмаған жағдайлар ғана қарастырылады.
– Ал қазір талап қойып, арыз жазғандардың көбінде жеке автокөлігі мен пәтері бар. Ол азаматтар банкрот деп танылмайды, – деп түсіндірді Қаржы вице-министрі.
Айта кетейік, елімізде 2023 жылы 3 наурыздан банкроттыққа өтінім қабылдау басталады.
Биылғы мамыр айында соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану жеңілдетілді.
Abai.kz