Шархан ҚАЗЫҒҰЛ. ТІРШІЛІК ТУРАЛЫ ТОЛҒАНЫС
1. Құлқыныңа құрық салып көрдің бе?
Жұмыр басты пенденің бәрі бір сенімге жүгініп тіршілік кешеді. Талас жоқ, нанымсыз өмір сүру мүмкін емес. Мектепте оқып жүрген кезімізде қоғамтану пәнінің мұғалімі «Құдай бар ма, жоқ па, оны бір құдайдың өзі біледі» дейтін, жарықтық! Социализм дәуірінде бұдан артық қалай айтуға болатын еді! Бір партиялық функционердің де сандырақтағаны әлі күнге дейін есімде: «Слава Богу, я - атеист». Құдайды мойындағысы келмейтін байғұстың аузымен де өзінің Хақ екенін білдіртіп тұратын Жаратқанның жазуы - жазу-ақ.
Өлерінен біраз бұрын ислам дінін қабылдаған Лев Толстой өзінің осы қадамына қарсылық білдіріп, шу-шу еткен орыс интеллигенциясына былай басу айтқан екен: «мырзалар, менің жазғандарымды дүниедегі барлық адам оқымайды. Оқығандары екінші қайтара беттей қоюы екіталай. Құранды дүние жүзінде бір жарым миллиардқа жуық адам күніне бес рет оқиды. Тәулік тастамай! Бұдан кейін сендерге тағы қандай әңгіме керек?!».
1. Құлқыныңа құрық салып көрдің бе?
Жұмыр басты пенденің бәрі бір сенімге жүгініп тіршілік кешеді. Талас жоқ, нанымсыз өмір сүру мүмкін емес. Мектепте оқып жүрген кезімізде қоғамтану пәнінің мұғалімі «Құдай бар ма, жоқ па, оны бір құдайдың өзі біледі» дейтін, жарықтық! Социализм дәуірінде бұдан артық қалай айтуға болатын еді! Бір партиялық функционердің де сандырақтағаны әлі күнге дейін есімде: «Слава Богу, я - атеист». Құдайды мойындағысы келмейтін байғұстың аузымен де өзінің Хақ екенін білдіртіп тұратын Жаратқанның жазуы - жазу-ақ.
Өлерінен біраз бұрын ислам дінін қабылдаған Лев Толстой өзінің осы қадамына қарсылық білдіріп, шу-шу еткен орыс интеллигенциясына былай басу айтқан екен: «мырзалар, менің жазғандарымды дүниедегі барлық адам оқымайды. Оқығандары екінші қайтара беттей қоюы екіталай. Құранды дүние жүзінде бір жарым миллиардқа жуық адам күніне бес рет оқиды. Тәулік тастамай! Бұдан кейін сендерге тағы қандай әңгіме керек?!».
Мен намазын қаза қылмайтындардың қатарында жоқпын. Дей тұра, жас келген сайын барлық құбылысты Аллаһтың жіберген әңгімелерімен байланыстыратын болдық. Жер басып жүргендердің бәрін Жаратқан иеміз сынаққа жібергеніне көз жете бастағандай. Құдайға иман етумен, тәуекел етумен қатар Жаратқанның барын және қу жанымыздың қай бір күні қаза болатынын бір сәтке де естен шығармай жүруді имандылық деп санасақ; біреуге жасаған жақсылығымыз бен біреуден көрген теперішімізді сол сәтінде ұмытып кетіп отырсақ, мұсылмандықтың ауылына жақындай түскеніміз де!
Тіршілік иелерін былай қойғанда, ауа сияқты ілкі сәтте абстрактілілеу көрінетін заттың өзі планетаға қаншалықты қажет болса, адам баласы да сол жер бетінде міндетті түрде өмірбақи жүруін Аллаһ о басында реттеп қойғандай. Рахымжан Отарбаевтың бір кейіпкерінің айтқанына амалсыз бас шұлғисың: «Дүние - жалған емес, адам - жалған» .
Құдайдың жаратқан дүниесі - мәңгілік. Пірім Аллаһтың заңы солай негізделгендей. Жаратқан тек адамдарды ауыстырып отыратынын түйсінесің. Құлқыны ырықсыз кеткен адам баласын мәңгілік ету опа бермесін Тәңіріміз алдын ала ойластырғанына шүбә келтірмейсің. Сынға түсірген құлдарын ең алдымен осы параметр бойынша өлшеуді де жөн көрген секілді.
Шынында да адам өмірінің бағасын берудің ең тиімді тәсілі осында екенін келе-келе түсінесің! «Шыдамы шексіз Аллатағаладан ешкім шебер емес» деген сөзді есі бар кісілердің көп айтатыны да бекер емес. Қарап отырсаңыз, қу тіршілікте пенде біткенді құлқын құртып жатқанын көзі бар кісі күнде көріп жүр.
«Бәрі өтеді де кетеді. Бұл да!» деген өзінің аталы сөзін жүзігіне ойып жаздырған Соломон патша ақылсыз ба?! Қарапайым шындықты екі ауыз сөздің қауызына сыйдырып қойған! Айтары жоқ ақиқат, кез келген нәрсе бара-бара санадан сызылады. Мына жалған өмірді айтпағанда, әрбір қолдан жасалған «қуанышыңның» өзі бір аптадан кейін көңіліңнен ғайып болады.
Қарапайым мысал. Битіңе дейін қосып жүріп алған темір, тақтай немесе қағаз формасындағы наградаңның өзін бес-алты сағат ғана «жуасың». Сол атақты иеленгеніңді екі күннен кейін айналаң ұмыта бастайды. Бір айдан кейін өзіңнің де ыстық-суығың басылады. Бірақ, ең үлкен трагедия - енді келесі атаққа кезекке тұрасың. Құлқын деген осы!
Дүниені жаулап алған Македонияның Александры да соңғы демі бітердің алдында уәзірлеріне табыттан екі қолын шығарып жерлеуді өсиет еткені де түсінген адамға біз айтып отырған пәлсапаны меңзесе керек: «Мені құртқан - тойымсыз құлқын. Төрткүл дүние менің мәңгі қол астымда болатындай көргенмін. Олай емес екен. Енді түсіндім. Мен жоғалдым. Ал, дүние қалды. Мен оны ана жаққа алып кете алмаймын. Екі қолым бос барады. Мәнсіз тірлікпен айналысқаныма өкінемін!».
Әр мың жылда 43 ұрпақ ауысып отырады. Жауынгер-патша Ескендір өмірден өткелі қанша ұрпақ дүниеге келіп, қанша ұрпақ кері қайтқанын өзіңіз санай беріңіз. Десек те, солардың барлығына тән өзгермейтін бір құбылыс бар. Ол - құлқын! Аллатағаланың адамды сұраққа алардағы ең басты критерийін өзгерту ешкімнің қолынан келмейді! Олай дейтініміз, адамдар баяғы қалпынан өзгерген емес. Дәстүр сабақтастығына қайран қаласың! Қазір де таяқ лақтырсаң, құлқынын ойлаған пендеге тиеді. Кейде күпіршілікке барасың: «Жаратқан шеберлігінің ең апогейі осы ма екен?!».
Менің үлкен креслода отырған танысым бір жүздескенімізде «Жоғары лауазым да Алланың берген сыйы ғой» деп қалды. Сыйы болса, сыйы шығар. Мейірімі мол Жаратқанның қолынан бәрі келеді. Дегенмен, менің түсінгенім, Аллаһтың бір сыны жақсы болады, бір сыны қатал болады. Мансап - оның сыйы ғана емес, сыны да деп түсінген жөн, тегінде. Құдайдың сол сынынан да сүрінбей өтуді көп «кісі» түнде түсінде, күндіз өңінде ойлап жүр деп айту қиын, әрине.
Санасында сүзгіден өткізіп жүрсе, қарамағындағы адамдардан өзін жоғары қою, оларды басыну, жоқ жерден жекіру және сол сияқты келеңсіздіктерден неге әлі күнге дейін көз ашпай келеміз?! Басшы адам сыйды сын деп ұққан болса, халықтың қазынасындағы қаржыға қол сұққанын қашан қояды?!
Бұрын «Тіл комитетінде бастық жейтін ақша бар» деп кім ойлаған?! «Бақсам, бақа екен» дегендей, бар болып шықты ғой. Бар болғанда да қандай! Енді сол болар-болмас мекеменің толар-толмас бастығы 35 миллиондап қарбытса, басқаларының не бүлдіріп жатқанын бір құдай біледі! Дәл осы жерде Аллатағала сыйының сүйкімін құрып кеткір құлқын күлталқан етіп жатқанына жаның ауырады. Осыдан кейін құлқын құдайдың әр адамға орнатып қойған баға қоятын барометрі деп қалай айтпайсыз!
Ақтөбеге жақын жердегі бір аудан орталығында менің туған нағашым тұрады. Жылына бір рет барып қайтамын. Шешемнің аруағы риза болсын деп. Нағашымның өзі де сүйкімсіз адам емес. Сыйластығымыз қазақ мақалдап айтқандай да бар. Нағыз тілеулесім екенін ішім сезеді. Жеңешеміз де құдайдан тілеген адам. Екі қыздары тұрмысқа шыққан. Үйленген үлкен ұлының еншісін берген. Сол жерде үкіметтің салған екі қабатты үйінің бір бөлмелі пәтерінде қал-қадірінше өмір сүріп жатыр. Тағы бір үйленген ұлы, келіні, немерелері мен кенже баласы, барлығы төрт бөлмелі қазақы жеке үйде. Нағашым да, қосағы да - зейнеткер. Қолындағы үйленген баласының айлығы - 30 мың теңге. Қашан барсам да ақшаға жарымай отырады.
Бірақ, бұзаулы екі сиыры, үш-төрт қойы мен толып жатқан тауықтары, бау-бақшасының бары қандай жақсы, соның арқасында қашанда дастарханы майысып тұрады. Қант пен сұйық май ғана сатып алады-ау, білуімше. Қалғандары өздерінің қолдарымен жасалған ішім-жем. Үкіметтен алатын ақшалары киім-кешекке, баласының ілініп тұрған машинасының кредитіне кетеді.
Қысқасы, қазақ көп айтуға құмар - кәдімгі қоңыр тіршілік!
Нағашым таңның атысынан күннің батысына дейін тыным көрмейді. Алакеуімнен екі сиырын өріске қарай айдап шығады. Қайтып келіп, екі бұзауын алдына салып, шөбі шүйгіндеу жерге арқандап қайтады. Одан бір шайын шала-пұла іше, 1975 жылы шыққан ПВЗ велосипедіне отырып саяжайына тартады. Картоп түптейді. Төртке таман түннен қалған жылытпасын соғып алады. Айтпақшы, бір сағаттай көзін іліп алатыны бар.
Мал өрістен қайтқанша қораның оны-мұны кеткен жерлерін жөндеп әлекке түседі. Сиырларын әкеледі, бұзауларына барады. Балалардың жеген қарбыз-қауындарының қабығын турайды. Бақтағы шіріп түскен алмаларды бір тегешке жинап, соның бәрін жемге бөктіріп, сиырларына береді. Сонымен қас қараяды. Күн сайын осы көріністер айна-қатесіз қайталанады да отырады. Мен нағашымды аяп кетемін: «ойбай-ау, мынау нағыз тотанақ ғой. Не қызық? Мұндай өмірдің қандай мәні бар?».
Сөйтсем, нағашым Аристотельден асып кеткен философ: «Әй, жарығым-ау, сен оқығаның болмаса, менен артық не білесің?! Есіңде болсын, мынаның бәрі - боқ дүние. Менің өмірімнің мәні - мана жұмыстарына кеткен жүгірмектер мен мына шапқылап жүрген «жердің құрттары». Ертең мен өлейін деп жатқанда бүйірімді тесіп шыққан бес балам мен солардан туған немерелерім айнала қоршап тұрмай ма?! Осындай суретті көз алдыңа елестетіп көрші! Міне, соған жететін ештеңе жоқ. Өлмейтін пенде бар ма?! Ешкім құдайға қылыш алып жүгірмейді. Бәріміздің баратын жеріміз - бір жер. Бірақ, адам артына қарамай өлу керек.
Мен «бақыт» сияқты үлкен ұғымдарды түсіне бермейтін қасқамын. Пайғамбардың жасына келгенше соны қолыммен ұстап, жүрегіммен сезінген емеспін. Менің түсінігімде адам өмірінде тек бақытты сәттер болады. Үйлену, балалы болу, келін түсіру, немере сүю деген сияқты. Ал, әлгі айтқан өлер кездегі көз алдымдағы сурет ең сүйкімді сәт болатын шығар деп ойлаймын! Солардың алдында кеткеннен артық қандай бақыт керек саған, көксоққан?! Балаларымды осы күнге біреуден ілгері, біреуден кейін, әйтеуір жеткіздім! Енді олар өз күшіктерін жеткізсін. Адамның басты міндеті сол. Аллатағаланың жауапты тапсырмасы десең де, өзің біл.
Баяғыда мына Арал толысып тұрған шағында анау Қарақалпақстан жағынан бір құс үш баласын алып ұшып шыққан екен. Орта жолда әбден қанаты талған ана құс балаларына қарап: «Сендерді арғы бетке арқамды ойып алып бара жатырмын. Сендер маған не жақсылық көрсетесіңдер?» деп сынапты. Сонда екі үлкен баласы шешелерін алтынмен аптап, күміспен көмкеретінін айтып безек қағыпты. Ал, кіші баласы айтыпты: «Шеше, сені де ата-анаң бағып-қақты. Соларға өзің не ұшпақ көрсеттің? Ештеңе. Сондықтан балаларың да сені үлде мен бүлдеге бөлеуге уәде беретіндей ме?! Ертең сен секілді мен де ана боламын. Өмірім балаларымды өсірумен өтеді де кетеді». Әбден қалжырап келе жатқан ана құс үлкен екі баласын суға тастап жіберіпті де, анық сөйлеген кенжесін арғы бетке аман-есен жеткізген екен.
Солай, жиенжан! Мына тырбың өмірдің бәрі сол бала-шағаның өз қолын өз аузына жеткізу үшін берілген».
Қысқасы, біз көп айта бермейтін - кәдімгі қазақы пәлсапа!
Енді дедукциялық ой қорытудан индукциялық ой қорытуға көшкеніміз дұрыс шығар. Олай болса, жалғыз менің нағашым емес, көп қазақ, әсіресе ауылдағы қандастар осы пәлсапамен өмірден өтеді. Бұл пікірге ешкім қарсы бола қоймас. Дау айтса да, дөп айтуы қиын шаруа! Жалпы алғанда, бұл құбылысқа қуану керек пе, күйіну керек пе, ол жағын мен енді айта алмаймын! Әрине, өкінішті!
2. Өмірдің ең соңғы құпиясы
Аллаһ адамға ақыл берген, намыс берген, ерік-жігер берген. Соның арқасында мыңдаған жылдар бойы адам өзін өзі зерттеп келеді. Өзін өзі танып келеді. Сол санасының арқасында қазіргі өркениетке жетті. Неше түрлі революциялық жаңалықтар ашты. Бәрін бірдей тізіп қажеті не, бүгінгі таңда жалғыз компьютер деген құдіреттің өзі адамзат үшін жарты жұмысты атқарып отырғанын бажайламай-ақ байқайсың. Осының барлығы адам баласының өзіне түскен сынды жеңілдетуге ұмтылуынан туған.
Иә, жер бетіндегі жұмыр бастылар жабылып жүріп көп шаруа тындырды деп ауызды толтырып айтуға болар. Десек те, манағы құдайдың басты критерийі болып табылатын құлқын мәселесін шешуге келгенде аллаһтың добы тағы да құлықсыз күй кешіп отырғанын көресіз. Ендігі әңгіме пенде біткеннің бас ауруы болып отырған ақша туралы өрбімек. Айтуға қанша ауыр болса да тақырыбымызға тікелей қатысы бар мәселені айналып кету - арымызға сын.
Таласа алмайсыз, ақша - өмір сүру үшін ауадай қажет құрал. Ақша - керек десеңіз, тіршілік барысындағы басты құндылық. Дей тұра, ол ешқашан да шешуші рөл атқара алмайды. Өйткені, өз арын ақшадан да биік қоятын адамдар бұрын да болған, қазірде де бар, бұдан кейін де бола береді. Олар ақшаны рух ұлылығы арқылы жеңеді. Ал, байлық атаулыға құныққан пенделер осы қасиеттен, қасиет емес-ау, адами құндылығынан біржолата айырылады. Бұл - рухани аурудың симптомы. Мұндай адамдардың жүрегін ақша басып қалады. Жүрек байғұс соғуын соғып тұрады. Тек қалың ақша куперінің ар жағынан. Ең сүйкімсіз науқас осылар. Оларды қоғам қабылдағысы келмейді. Бірақ, қабылдайды. Сырттай. Ақшаның құдіреті де сонда.
Дәл осы жерде қызғаныш деген категория алдан шығады. Десек те, мұны жеке адамның қызғанышы дегеннен гөрі қоғамдық қызғаныш деп атайық. Өйткені, ат төбеліндей аз байларды тек бірді-екілі адам қызғанып қоймайды, қоғамның басым бөлігі оларға жақтырмай қарайтыны рас.
Бай-манаптар о басында ақылды адамдар болуы әбден мүмкін. Еврейлердің мақалы есіңізде ме? «Егер сен ақылды болсаң, неге бишара болып жүрсің?!». Бірақ, ақша деген жарықтықтың буы бар бәле екенін бәрі біледі. Барлық әңгіме сол будан тарайтыны да - таразы басында тұрған тақырып.
Бағзы заманда ел аралап, күнін көруге дағдыланып алған ағамыздың көзіне бір күні айдалада ырымға ауыл кезікпей әбден діңкелейді. Арып-ашып, әбден әлсіреп, бір төбенің басына шыққанда, тәлейі таусылмапты, бір байдың күздеуде отырған жері көз ұшында көлбеңдейді. «Өлтіре көрмеңдер, бір кесе ағарған берсеңдер жетеді» деп төбенің басынан он екі қанат байдың үйіне дейін зарлап келген ағамыз есіктің сол жағына жайғасады. Төрде отырған қожайын қызын айранға жұмсаған сәтте ағамыз басқаша сайрап қоя берсін: «Әй, айраныңды өзің іш, мен сенің қызыңды қатындыққа алып кетуге келіп отырған адаммын». Ал, керек болса!
Үй иесі өте ақылды болып шығады. «Сенің әңгімең дұрыс екен. Кел, менің қасыма жақын келіп айтшы, айтарыңды» депті. Ағамыз екі өкпесін қолына алып, қасына жетіп барады. «Ал, енді айтшы» депті бай тағы да. Сонда жаңа ғана қоқаңдап отырған қонақ: «Айранымды ішем де кетем. Қарынаштықтан басым айналды ма, байқаусыз аузымнан шығып кетіпті. Сөзімді қайтып алдым, байеке!» деп әзер құтылыпты. Сөйтсе, бай бүкіл алтынын қонағы отыра кеткен табалдырықтың сол жағына көміп қойған екен. Міне, будың құдіреті!
Алтынның буы бишараны ғана есінен тандырмайды, күндердің күнінде бай адамды да ақылынан адастырады. Қазақ бекер айтпайды: «Кедей бай болсам дейді, бай құдай болсам дейді». Қолына қарға тышқан адам байлығын еселей түссем деп жанталасады. Философияның заңы: «Қажеттілікті өтеу жаңа қажеттілікті туғызады». Бұдан кейін бәсекелестік басталады. Мұның арты дүниеқоңыздыққа барып тіреледі. Осындай маршрут.
Аталмыш құбылысты қоғамның мүшелері мемлекеттік органдардан да әлдеқайда жіті бақылап отырады. Қоғамдық қызғаныш осы жерде тұтанады. Мұны да жасампаз ұғым деп әспеттеуге келмейді. Ленин атамыз барлық адамды теңестірем деп қу жанын қуырдақ қылды. Арты не болды?! Осындайда Әбдіжамил Нұрпейісов көкеме риза боламын. Еламанның сөзі бар емес пе? Ол қорытынды кітаптың соңына дейін социалистік төңкерісті «Түсінбеймін. Теңдік болғанмен, құлқын бірдей болушы ма еді?!» деп шақшадай басын шарадай қылмай ма?! Міне, әр адамның позициясы осы Еламанның ұстанымындай болғанда ғана құлқын құрықталмаса, басқа уақытта, әй, қайдам?!
Алайда, өркениетті елдерде адамдар қандай қиын жағдайға қарамастан өзара келісімге келуі шарт. Өйткені, кез келген қоғамда ауқатты адамдар көбеймей, ол мемлекет те, оның адамдары да көгермейтінін сан ғасырлық адамзат тәжірибесі айқындап берді. Ленин атамыздың социализмі қанша жерден зарласақ та өзінің өміршеңдігін дәлелдей алмады. Адам Смит Карл Маркстен басым түскенін төрткүл дүние тұтасқа жуық мойындап отыр.
Тағы бір мысал. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Англия мемлекетінің олигархтар иелігіндегі зауыт-фабрикалардың бәрін национализациялаудан қолдары босамады. Нағыз мемлекеттік қызғаныш. Бірақ, нарықтық қатынастардың канондарына қарсы жасалған үрдіс ақыры өзін ақтамады. Елдің экономикасы күрт төмендеп кетті. Қарапайым халықтың да күнкөрісі қиындай берді. Осы қателікті кейіннен «Болаттай берік ханым» атанған Маргарет Тэтчер жөндеді. Ол барлық кәсіпорындарды жеке кәсіпкерлерге кері сатуды жүзеге асырды. Айналасы бес жылдың ішінде ел қайта өркендеу жолына түсті. Қызғаныштың жасампаз жол еместігін осы бір мысалдан-ақ көріп отырмыз. Алайда, ең алдымен сол қызғаныштың тұтануына жол беріп алмаудың амалдарын ойластыру шарт.
Сондықтан да Жаратқан өзіне уақытша сыйлаған мол байлықтың иесі мемлекет пен қоғам алдындағы азаматтық борышын да терең сезінуі тиіс. Ол мемлекетке салығын таза төлеумен қатар бизнестегі әлеуметтік жауапкершілігін де толық мойнымен көтеріп отырғанда ғана мемлекет көтеріледі. Мемлекеттің көтерілуі - оның азаматтарының көтерілуі. Сонда ғана қоғамдық қызғаныштың жолы қиылады.
Парадокс, жоғарыда айтқан құлқын деген түбі жоқ құдық тағы да есігімізді тықылдатып тұр. Құлқын ауруының ең сорақысы - сыбайлас жемқорлық. Сол арқылы құлқынын толтырып отырған мемлекеттік шенеуніктер қоғамның азғындалуына ең басты кінәлі адамдар екенін өз басым салық төлеуші ретінде ойбайлап тұрып айтуға арланбаймын. Олар тек халықты ғана қақсатып қоймайды, бизнес өкілдерін де теспей сорудың неше түрлі үлгісін көрсетуден де қаймықпай келеді. Сондықтан да осы сұр жыланның түбіне балта шаппай, қоғамда заңдылық орнап, конценсус болуы екіталай.
Жалпы алғанда, қоғам қандай болса, адам сондай болатыны - дәлелдеуді керек етпейтін аксиома. Себебі, адам қоғамнан тыс өмір сүре алмайды. Адам болғасын өзіңді өзің танығың келеді: осы мен кіммін? Қоғамнан өз орныңды тапқың келеді. Басыңды тасқа да, тауға да соғасың! Қиын-ақ. Ең аяғы шынайы ақпаратқа қол жеткізу қияметқайым болып кетті. «Ақпаратқа ие адам әлемді билейді» деген сөз бар. Иә,иә, ақпаратсыз адам болу қиын.
Адамдар рухани азғындалып барады деп жар салушылар көбейді қазір. Жазушылар «ешкім кітап оқымайды» деп зарлап жүр, журналистер «ел газетке жазылуды қойды» деп күйінеді. Бізде қоғамды кінәлаудан адамды кінәлау басым. Бірақ, қазір «май берсең де жей беретін» социализм заманы емес. Мифологиялық идеяларды бұл күндері адамдар буындырсаң да қабылдамайды.
Оқырманға кез келген уақытта тек шынайы ақпарат керек. Оларды сол құқығынан баяғыдан бері айырып келе жатқанымызбен қазір ешкімнің жұмысы жоқ. Сулы-жабағылы ақпаратқа оқырман әлдеқашан тойып біткен. Үкіметтік басылымдарға көз жүгіртсең, бәрін қарқылазия қылып қояды. Оппозициялық газеттерді ақтарсаң, бет біткеннің бәрінен оқитының - ақырзаман! Екеуінен де көңілің қалады. Әлгі зарлап айтып отырған шынайы ақпаратты күндіз май шаммен іздеп жүріп таппайсың!
Халықты ақиқат ақпаратпен қамтамасыз етуге міндетті журналистердің аяқ-қолы мәдениетті түрде маталғанын жазған дүниелерінен жазбай танисың! Теледидарды басып қалсаң, «100 мектеп», «100 аурухана», «30 көшбасшы» деген терминдерден көз ашпайсың! Күнде қақсап жатыр. Өкінішке орай, бұл қақсаудан біз ешқандай тиімділік көріп тұрған жоқпыз. Мұның бәрі әлі күнге өзінің несиеге сатып алған қуықтай үйінде тұрып жатқан адамның санасына кіріп-шықпайды. Әлгі 100 мектепті айтқандарына үш жыл болды. Олар салынып біткен күннің өзінде бүкіл Қазақстанға тарыдай шашылып кеткенде, тіпті санаға сыймайтыны рас ғой. «Кімнің аузынан табамыз?» деген әңгіменің кебін киіп шықпаймыз ба? Керек десеңіз, ол адамдардың конституциялық құқықтарын жүзеге асыру үшін жасалып жатқан күнделікті ағымдағы шаруалар емес пе?
Осыны қоңыраулатудың қажеті не? Қисынсыз пиар халықты мезі ететінін түсінетін кез келген жоқ па? Политологияның жазылмаған заңы бар: «Қандай да бір саясат ең алдымен адамдардың санасынан өтуі керек». Сонда ғана ол жүзеге асады. Ал, селқос сананы дүр сілкіндіру үшін өте-мөте дұрыс саясат қажет.
Осыдан кейін адамдарға ренжуге бола ма? Шындыққа жанаспайтын кітап оқымағаны үшін. Әлгі босбелбеу басылымдарға жазылмағаны үшін. О не дегеніңіз, бұл әңгіме жолда қалады. Жергілікті әкім-қаралардың ойбайымен үкіметтік газеттерге жазылу жыл сайын жан сақтап тұрған жоқ па?! Дегенмен, халық зорлап жаздырған дүниені орысша айтқанда, «не по назначению» пайдалануды әдетке айналдырып алған. Бірақ, онда әкімдердің де шаруасы жоқ. Есеп дұрыс болса, болғаны. Оларды тек қағаздағы өмір қызықтырады. Өз саясаттары санадан өте ме, өтпей ме, бас ауыртпайды. Өйткені, ол саясаттың жалған екенін өздері де жақсы біледі.
Адамды орта тәрбиелейді. Адамды қоғам қалыптастырады. Заң үстемдігі жоқ қоғамда пенде біткен не істейді? Қолынан келгені ұрлайды. Қолынан келмегенінде селқостық пайда болады. Сенімсіздік туады. Томағатұйықтық торлайды. Осындай қоғамда әділеттілік болуы мүмкін бе? Жоқ. Адамдардың бір біріне мейірімі бола ма? Жоқ. Олардың арасында сүйіспеншілік орнайды дегенге тіпті де сенгің келмейді. Осы ойымызды тәптіштеп түсіндіре кетсек дейміз.
Алдыңғы жылы Лондонда іс-сапармен жүргенде тамаша бір ой келгені бар. Сол елдегі аура әсер етсе керек. Мемлекет қандай дәрежеде болса, ол елдегі қоғамның да, оның адамдарының да деңгейі сондайлық пропорционалды болатынына көз жеткізіп қайттық. Тұманды Альбион тұрғындарының бір біріне деген сүйіспеншілігі бізді қатты тәнті етті. Мұнда киім киюден жарыс деген атымен жоқ. Ең ауқатты кісілердің өзі қарапайым киінеді. Халық тұтастай бұл мәселеде ерекшеленуді діндеріне сәйкес ағаттық санайды. Мемлекеттік қызметтегілер қатаң дресскот сақтайды, қалғандары өздеріне өте ыңғайлы киім кигенді тәуір көреді. Лондон көшелерінде «Ланд Крузер» не «Мерседес» көрсек, не дейсіз?! Осының бәрі адамдардың арасында дүние бәсекелестігінің атымен жоқ екенін аңғартты. Біз дүниенің боқ екенін бірінші болып түсінген халық ағылшындар ма деп қалдық! Олар үшін тек таза адами қарым-қатынастың дұрыстығы маңызды сияқты. Мұнда тура баяғы «Коммунизм құрылысшысының моралдық кодексінде» жазылғандай, «адам адамға - дос, жолдас және бауыр». Кеңес Одағында осы қағидат қағаз жүзінде қалды. Англияда ешқандай «жарлықсыз» жүзеге асқан. Сөз жоқ, цивилизация жемісі!
Біз көп ойландық: ағылшындар мұндай дәрежеге қалай жеткен? Ақыры жауабын тапқандай болдық. Логикаға сүйенсек, қай мемлекет болсын, мұндай дәрежеге жету үшін ең алдымен заң үстемдігін орнатуы керек. Басқаша кестелесек, құқықтық мемлекет дәрежесіне көтерілуі қажет. Бұл «адам адамға - дос, жолдас және бауыр» болуға баратын ең бірінші, ең қажетті баспалдақ. Осыған қол жеткізген мемлекетте әділеттілік орнай бастайды. Бұл - екінші саты. Осы кезеңде адамдарда сенімділік пайда болады. Сол қасиет дамудың үшінші деңгейі - мейірімділікке алып келеді. Аталмыш кезеңде адамдар бір біріне бауыр болмаса да, іштей жанашырлықпен қарау дәрежесіне жетеді. Жамандық ойлау мен қызғаншақтықтан арылады. Көреалмаушылықтың көзі жойылады. (Бұл жерде айта кетер бір жайт, барлық адам осындай деңгейге жетеді деп жаңсақ түсінуге тағы болмас. Мұндай көрсеткіштер әдетте қоғамның басым көпшілігінің осы деңгейге жетуімен қабылданатыны белгілі). Ал, енді әлгі Англиядағы жағдай - төртінші, ең жоғары биіктік деп қарастырған жөн. Мұны сүйіспеншілік сатысы десек, қателесе қоймаймыз.
Егер жабайы мысалмен түсіндірсек, екі адамның төбелесіп жатқанын көрген үшінші адам сырт айналып қашып кетеді. Бұныңыз - құқық орнамаған мемлекеттегі көрініс. Үшінші адам әлгі екеуін ажыратуға батылы барса, бұл - заң үстемдік құрған мемлекет. Екі адам төбелесуге бармай, сотта айтысып тұрса, әділеттілік орнаған ел. Ал, мейірімділік сатысына көтерілген елде екі адам төбелеспек тұрмақ, ұрысуға ниет білдірмейді. Өйткені, мұнда адамдар бір бірінің жан дүниесіне үңіле білу дәрежесіне көтерілген. Соңғы сүйіспеншілік сатысын енді сіздерге айтудың өзі қызық болмай қалды! Осылай!
Өмірден бір түйгеніміз, көмекке ие болып, қыжалатынан шыққан кісі қуануы мүмкін. Қатты қуануы мүмкін. Дегенмен, сол кісіге қол ұшын берген адам өзін одан да бақыттырақ сезінетіні ақиқат. Осы орайда Нодар Думбадзенің «Мәңгілік заңы» романындағы осы аттас қағида ағзадан бұрын адам жанының емшісі болудың қаншалықты жауапты екенін айнытпай білдіретіндігімен есімізден шықпайды: «Бұл заңның мәні сонда, адамның жан дүниесі оның денесінен жүз есе ауыр келеді. Зіл-батпандығы сонша, кісінің жалғыз өзі оны алып жүруіне күші жетпейді... Сондықтан да біз, адамдар тірі кезімізде бір-бірімізге көмектесуге тиіспіз, бір-біріміздің жан дүниемізді мәңгі етуге ұмтылуымыз керек: сіз - менің, мен - басқаның, басқа - тағы біреудің... осылайша шексіздікке дейін... Адам өлімі бізді өмірдегі жалғыздыққа тап қылғанға дейін».
Адам өлімі демекші, қай данышпанның айтқаны дәл қазір есімде жоқ. Айтылған ой жадымда сақталып қалды: «Өлім - өмірдің ең соңғы құпиясы». Тура сөз! Тағы да нағашым есіме түсті. Өмірдің соңғы жұмбағын адам болып өмір сүріп, адам болып қарсы алуға болатын шығар! Бірақ, өмірдің ең соңғы тылсымын сен шешпейсің! Жаратқаның шешіп береді! Баяғы өзінің барометрі бар емес пе? Сол барометр маған батпанқұйрықтай көрінеді. Қорқынышты да! Сондықтан да барометрге бара жатқан жолда қолдан келгенше аз нәрсені бүлдіруге тырысқаныңды тілеймін, сында жүрген тағдырлас!