Дүйсенбі, 20 Қазан 2025
Жаңалықтар 219 0 пікір 20 Қазан, 2025 сағат 17:47

Отандық тауар өндірушілерді қолдау – экономикалық тұрақтылықтың негізі

Сурет: qazdauiri.kz сайтынан алынды.

Қазақстанда өңдеуші өнеркәсіп пен отандық кәсіпорындарды қолдау мемлекеттік экономикалық саясаттың басты басымдықтарының бірі болып отыр. Бұл бағыттағы негізгі құралдардың бірі – реттелетін сатып алуларға қатысуда отандық тауар өндірушілерге басым құқық беру..

Өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарын қолдаудың пәрменді тетіктерінің бірі – реттелетін сатып алуларға қатысуда отандық өндірушілерге басым құқық беру. Осыған байланысты мемлекеттік сатып алу шеңберінде ұлттық режимнен 4 834 тауар позициясы алынып тасталды. Бұл шара жергілікті өндірістің дамуына және қазақстандық қамту үлесін арттыруға бағытталған.

Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар 399,9 млрд теңгеге 140,7 мыңнан астам шарт жасасты. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен екі есеге жуық жоғары.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры да отандық тауар өндірушілермен жұмысты жаңа деңгейге көтеруде. Қор кәсіпорындарды ұзақ мерзімді тапсырыстармен қамтамасыз ету үшін офтейк-келісімшарттар мен ұзақ мерзімді шарттар жүйесін жетілдіріп келеді.

2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында қор мен оның еншілес ұйымдары 141,6 млрд теңгеге 266 офтейк-келісімшарт және 340,1 млрд теңгеге 320 ұзақ мерзімді шарт жасасты.

Жыл қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 537,4 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда үш есеге артты.

Өнеркәсіптік әлеуетті арттырудың тағы бір маңызды бағыты – жер қойнауын пайдалану саласы. 2024 жылдың 9 айында жер қойнауын пайдаланушылар 227,4 млрд теңгеге 775 ұзақмерзімді шарт, сондай-ақ 767,6 млрд теңгеге 12 офтейк-келісімшарт бекітті.

Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 2,6 есеге көп.

Мемлекет енді ірі тапсырыс берушілерге – мемлекеттік органдар мен жер қойнауын пайдаланушыларға – отандық тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің ел ішіндегі үлесін ұлғайтуға бағытталған арнайы бағдарламалар әзірлеуді тапсырды. Бұл бағдарламалар жергілікті өндірістерді «тұрақты» негізде дамытуға және сұранысқа ие өнім түрлерін ел ішінде өндіруге мүмкіндік береді.

Биылғы тағы бір маңызды жаңалық – қазақстандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімін құру. Бұл – өндірушілер мен олардың өнімдері туралы ақпаратты қамтитын мемлекеттік цифрлық жүйе.

Тізілімнің көмегімен жалған өндірушілерді анықтап, ашықтықты арттыруға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге болады.

Мемлекет отандық кәсіпорындарды қаржылай қолдау үшін де нақты шаралар қабылдап отыр. «Бәйтерек» холдингі нақты секторды несиелеу көлемін ұлғайту мақсатында 1 трлн теңгеге дейін капиталдандырылды. Бұл оның кәсіпкерлікті, тұрғын үй құрылысын және негізгі жобаларды қолдау мүмкіндігін 8 трлн теңгеге дейін арттырды.

Бүгінгі таңда қаражаттың 50%-ы немесе 4 трлн теңгеден астамы игерілді. 8 мыңнан астам бизнес субъектісі қолдауға ие болды, оның ішінде 96%-ы шағын және орта кәсіпорындар.

Алдағы жылдары бұл көрсеткіш 2027 жылға қарай 10 трлн теңгеге дейін өсуі мүмкін.

Ірі инвесторлар үшін жобаның құнының 80%-ына дейін қаржыландыру және 30%-ға дейін кепілдік беру мүмкіндігін ұсынатын кепілдік қоры құрылды.

Жаңа өндірістерді қаржыландыруда жеке және шетелдік инвестициялар ерекше рөл атқарады. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар тәжірибесі көрсеткендей, 1 теңге мемлекеттік инвестицияға 8 теңгеден астам жеке капитал тартылуда. Бұл олардың тиімділігін және тартымдылығын айғақтайды.

Экономикалық патриотизм саясаты нақты нәтиже беруде. Өңдеу өнеркәсібінің үлесі артып, жоғары технологиялық өндірістер іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылуда.

Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша сектордағы өсім 6,5%, өндіріс көлемі 18,7 трлн теңгеге жетіп, бұл бүкіл өнеркәсіп көлемінің 47%-ын құрады.

Машина жасау, тамақ өнеркәсібі, мұнай өңдеу және химия салалары белсенді дамуда.

2024 жылы 63 жаңа жоба іске қосылып, 7,6 мың жұмыс орны ашылды.

Жалпы сомасы 1,5 трлн теңгеге 190 жоба жүзеге асырылмақ.

Мемлекеттің басты мақсаты – отандық өндірушілердің әлеуетін арттыру арқылы экономикалық егемендікті нығайту.

Қолға алынған бастамалар мен қаржылық қолдау құралдары жергілікті өндірісті дамытуға, жұмыс орындарын көбейтуге және қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

Осылайша, отандық тауар өндірушілерді қолдау – елдің тұрақты экономикалық дамуының және әлеуметтік тұрақтылығының негізгі кепілі болып табылады.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 1000
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 10306