Мұхтар Кәрібай. Демократия – сайлау ғана емес, таңдау
Бала күнімізде үлкендер бір-бірінен амандық-саулық сұрасқанда: «Құдайға шүкір, тоқшылық қой, әйтеуір» деп жататынын жиі естіп, түсінбей жүруші едік. Үлкен кісі бола тұра, ең алдымен тамақты айтатыны несі деп. Сөйтсек, мектепте тарихтан оқымағандықтан, ешқай жерде айтылмағандықтан білмегенбіз, зұлмат жылдарындағы ашаршылық азабын аяусыз тартқан жандардың үрейі бойдан кетсе де, санадан өшпей тұрады екен. Кеңес одағы шылпара ыдыраған шырғалаң сәтте зор ашаршылық болмаса да, күн сайын құнсызданған жалақы мен аспиранттың мардымсыз шәкіртақысына кеспе нан табылмай қалған қысылтаяң уақытты қазіргі ұрпақ та бастан өткеріп қалды. Сондықтан, «Құдайға шүкір, тоқшылық қой, әйтеуір» деген сөз қазір естілсе, енді көп ешкім таң қала қоймас. Дегенмен осы жауаптың артында екі мағына жатыр. Алдымен - тоқшылыққа (тамаққа) шүкіршілік бар, екіншісі - «әйтеуір» деген сөзде әлі де болса өмірге көңіл толмағандықтан жартылай ризашылық, оның арғы жағында ізденіс пен тілек астары байқалады. Адам болмысы үшін бұл - табиғи. Дүниеге саналы тіршілік иесі болып жаралғандықтан, әрбір адам жақсылыққа, игілікке, баршылыққа, әділдік пен теңдікке ұмтылады.
Бала күнімізде үлкендер бір-бірінен амандық-саулық сұрасқанда: «Құдайға шүкір, тоқшылық қой, әйтеуір» деп жататынын жиі естіп, түсінбей жүруші едік. Үлкен кісі бола тұра, ең алдымен тамақты айтатыны несі деп. Сөйтсек, мектепте тарихтан оқымағандықтан, ешқай жерде айтылмағандықтан білмегенбіз, зұлмат жылдарындағы ашаршылық азабын аяусыз тартқан жандардың үрейі бойдан кетсе де, санадан өшпей тұрады екен. Кеңес одағы шылпара ыдыраған шырғалаң сәтте зор ашаршылық болмаса да, күн сайын құнсызданған жалақы мен аспиранттың мардымсыз шәкіртақысына кеспе нан табылмай қалған қысылтаяң уақытты қазіргі ұрпақ та бастан өткеріп қалды. Сондықтан, «Құдайға шүкір, тоқшылық қой, әйтеуір» деген сөз қазір естілсе, енді көп ешкім таң қала қоймас. Дегенмен осы жауаптың артында екі мағына жатыр. Алдымен - тоқшылыққа (тамаққа) шүкіршілік бар, екіншісі - «әйтеуір» деген сөзде әлі де болса өмірге көңіл толмағандықтан жартылай ризашылық, оның арғы жағында ізденіс пен тілек астары байқалады. Адам болмысы үшін бұл - табиғи. Дүниеге саналы тіршілік иесі болып жаралғандықтан, әрбір адам жақсылыққа, игілікке, баршылыққа, әділдік пен теңдікке ұмтылады. О баста бұл ниеттің түбінде Жаратушының өзі өлшеп берген қамшының сабындай қысқа ғұмырға жетерліктей - ауырып-сырқамасам, басымда баспанам, еркін жүріп-тұрсам, қасымда жарым, бала-шағам, солардың қызығын көрсем, ел аман, жұрт тыныш болса деген ең негізгі әрі ең қарапайым тілектер жатса керек.
Барша әлемнің арғы бергі замандағы ғұлама ойшылдары бас қатырған өмірдің мәні туралы осынау бітпес философиялық тақырыпты данышпан қазақ: «Бірінші байлық - денсаулық, екінші байлық - ақ жаулық, үшінші байлық - он саулық» деп бір-ақ ауыз сөзбен қайырыпты. Мұндағы «денсаулық» әркімге мәлім десек, «ақ жаулық» ұғымы: жар, бала, ұрпақ, әулет, ағайын, ру, қауым, халық, айнала орта, қоғам деген мағынаны білдірмек, ал «он саулық» (мың емес, миллион емес) бүкіл материалдық дүниені, тіршілікке қажетті жабдық атаулыны мөлшерлеп, шақтап («он» санымен) атап берген. Осы «дүниені» - қолдың кірі, «бай - бір жұттық» деген де біздің жұрт. һәкім Абай айтады: «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой». Адамға керектің баршасын бес асыл іспен өлшеп беріпті ұлы атамыз. Және де ақыл, қайрат, ғылым үшеуінің басы қосылып жүрекке сүйенсе, табанының топырағы көз сүртерлік «толық адам» сол дейді.
Демек адамға қажетті нәрсе соншалық көп те, қиын да емес деп түйіндеген жөн. Оның түпкілікті мәні мен шешімін де осы «бес асыл істен», әсіресе «қанағаттан» және «рақымнан» табамыз. Қазір көптеген отандық білімдарлар іздеп, бір тұжырымға келе алмай жүрген ұлттық идеология дегеніміздің өзі осы бес ұғымда жатуы әбден мүмкін. Расында, бүгінгі қоғамның келбетінде қанағатшылдар қатары сиреп, рақымның көрінісі азайып бара жатқаны хақ. Бұл турасында Елбасының өзі «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының кезектен тыс 12 съезінде сөйлеген сөзінде: «...парасаттылық тұрғыдан жетілу құндылықтарының қадірі кете бастады. Мейірімділік, көмек қолын созу дәстүрлері ұмыт болуға айналды» деп ашығын айтқан еді. Мұның себебі жазушы Мағауиннің Жармағындай екіге, бәлкім одан да көпке бөлінген қоғамда, үлкенді-кішілі қазанның құлағына әртүрлі жолдармен қолы жеткен кейбіреулердің көзіне қалың, шімірікпес шел бітіп, «көрмес - түйені де көрмеске» айналуында. Бұлай болып кеткені - ондайларды тәубәсіне түсіретін амал-қайранның жоқтығында. Турасын айтқанда, шала болса да ғылыми сауаты бар, ақылы мен қайраты да жетерлік, бірақ жүрексіз сұрқай әлеуметтік топ заңды міндетіне сай адамдардың қарапайым қажеттіліктерін өтеп беріп, өмірін жеңілдетудің орнына одан сайын қиындатып, соның салдарынан азаматтардың билік орындарына, айнала ортаға деген наразылығын туғызуға себепкер. Әлеуметтанушылардың айтуынша, мұндай наразылықтың шеру мен ашық қарсылыққа жетпеген «тұрмыстық» түрі - қоғамдық игілікке жанашырлықпен емес, керісінше жеккөрінішпен, жаулықпен қарау, реті келсе тонаудан бастап, бүлдіру, қирату; өзінен басқа миллион адам өмір сүретін қала көшесін, саябақтарды, қоғамдық көліктерді, тіпті тұратын (көбінесе жалдайтын) үйінің ауласы мен баспалдақтарын қасақана ластау, былапыт сөйлеу сияқты адамдықтан алыс әрекеттерден көрінеді.
Америка елшісі Ричард Хоугланд Қазақстандағы демократия деңгейі туралы ойын былай білдіреді: «Қазақстан демократиялық құндылықтардан тұратын құрылымдары бар, демократиялық талаптар толық сақталатын мемлекет пе? Сірә, бұл сұраққа жоқ деп жауап берген орынды болар. ...өйткені мені әкімшіліктерден үйлерін жылумен, ыстық сумен қамтамасыз етуді, немесе ақысын алдын ала төлеп қойған пәтерлерін уақытында пайдалануға беруді талап ететін жергілікті азаматтардың тағдыры толғандырады.
Демократия - ел азаматтары кеңесу, бірігіп іс атқару, бір-біріне қол ұшын беру және ымыраға келу жүйесі. Басқаша айтқанда, әрбір мемлекеттің кез келген азаматы өзінің жеке басының және бүкіл елдің аман-саулығы мен өсіп-өркендеуіне жауапты. Бұл жауапкершілік ауылдағы диқан не жұмысшы, ұстаз бен ата-ана, дәрігер мен кәсіпкер, жергілікті шенеунік пен билік биігіндегі жоғары лауазымды тұлғаға бірдей тән. Олардың барлығы бір-біріне құрметпен қарап, бір-бірінің уәжіне құлақ асып, көпшілік мүддесіне орай ортақ келісімге келіп отырады. Демократия - елдегі тыныштық пен ауызбіршіліктің шарықтау шегін білдіреді. Демократия - халықтың тарихын, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін құрметтейді».
Демек демократия - қазіргі саясатшылар мен сансыз сарапшылар айналып шыға алмай жүрген жалаң сайлау ғана емес, ең алдымен әрбір адамның өз ар-ұяты алдындағы, ұрпағы алдындағы, қоғам мен халық һәм тарих алдындағы жауапкершіліктен бастау алады. Мұндай жауапкершілік адамдар отбасылық, тайпалық құрылысқа жеткен жартылай жабайы ежелгі заманның өзінде орнаса, 21 ғасырда өмір сүріп отырған мемлекеттерде бұл - парламенттер қабылдаған заңмен бекітілген міндет. Олай болса, соншалық дабыра-даңғаза мен бітпес дау-дамайға айналып кеткен демократияның түпкі мәні өте қарапайым ғана іс - қоғамның әрбір мүшесінің өз міндетін орындауы ғана. Одан да дұрысы әркім сол міндетін мүлтіксіз атқаруға мүдделі, ынталы, тіпті, құштар болсын.
Отандық саясаттанушылар арасында Қазақстанның демократиялық құндылықтарды қабылдауына оның шығыстық қоғамға жататын ерекшелігі келе бермейді деген мазмұндағы пікірлер жиі айтылатын болды. Мысалы, «Центр Азии» журналының биылғы қыркүйек айындағы №6 санында жарық көрген С.Ахымбековтің «Трудный выбор» мақаласының өн бойынан осы көзқарас аңғарылады. Жалпы, 21 ғасырда өмір сүріп отырып, жаһанданудың қуатты екпіні мен бұлтартпас шындығын күнделікті сезініп жүріп, өткен ғасырдың еншісінде қалған «шығыстық» «батыстық» ерекшелік, менталитет туралы сөз қозғау қаншалық орынды?! Қазір ешқандай шекараларды мойындамайтын трансұлттық компаниялардың жойқын әрекеті мен ғаламдық ақпарат тасқыны заманында идеологиялық тұрғыдан айтпағанның өзінде, тіпті географиялық жағынан қай нүктеде Батыс аяқталып, қай жерде Шығыс басталатынын кім көрсетіп береді? Тағы да Орал тауын айтамыз ба?
Қазір бүкіл адамзат пайдаланып отырған интернет пен мобильді байланыс, банкомат немесе соңғы шыққан автокөліктер т.б. сынды өркениет белгісіне жататын дүниелерді жер шарына тарату барысында кім кімнің менталитетін сұрапты? Менталитеті келмегендіктен, бұларды пайдалануға рұқсат етілмеген ел бар ма? Болмаса, бүгінгі адамдардың киім киісіне немесе шаш қойысына қарап, Шығыстан әлде Батыстан екенін ажырату мүмкін бе? Керісінше, электроника мен жаңа технологияның соңғы жетістіктері тап осы Шығыстан шығып жатқан жоқ па. Бәрінен бұрын, адамзат жаралғалы фундаментальді ғылымдар, өнер мен мәдениет ең алдымен Шығыста пайда болғанын дәлелдейтін тарихты қайда қоямыз?
Өз өнімдерімен дүниені жаулған жапон, корей, қытай, малайзия елінің азаматтарын айтпағанның өзінде, өзіміздің Атырау мен Шымкенттің тұрғындары Нью-Йорк немесе Париж көшелерінде жүрген адамдарды үркітерліктей мүлде бөлек деуге бола ма? Жоқ әлде, «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып жүрген мыңдаған қазақ жастарын Шығыстан келген жабайы деп қайтарып жіберген елдер бар ма?
Осы орайда Президент Н.Назарбаевтың Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында сөйлеген сөзіне сүйенсек: «15 жыл ішінде қазақтар статистика бойынша ғана емес, іс жүзінде де шынайы қалалық ұлтқа айналғанына назар аударушылар некен-саяқ. Қазіргі таңда бизнестің барлық құрылымдарында, менеджмент, ақпараттық-технологиялық және басқа да барынша беделді салаларда қазақтар кеңінен қамтылған. Қоғамда болып жатқан өзгерістерді түсінуде бұл ілгері қадамның қағидаттық маңызы бар. Қазақтардың ұлттық мәртебесі мен ұлттық өзін-өзі бағалау деңгейі мемлекет құраушы ұлт мәртебесіне сай келді» - деп мәлімдеді. Расында, дербестік жолымен дамуының қысқа мерзімінде экономикада, саяси реформаларда, мәдениет пен спортта, оқушылары халықаралық олимпиадаларда, тіпті компьютерлік ойындарда биік табыстардан көрінген ел ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа жетіп, оның мемлекет басшысын бүкіл әлем мойындап, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Д.Қалетаевтың соңғы еңбегінде аталғандай - болашаққа ұмтылған мемлекет бола тұрып, кейбір саясатшылардың сыңар езуге сала беретініндей қазіргі өркениетті әлемнің ажырамас бөлшегі бола алмаймыз деген кербаққан пиғылдың астарында не жатыр?
Егемендіктің бастауында бірден дұрыс бағыт таңдап, нарықтық қатынастарға көшіп, батыл экономикалық реформалардың арқасында ұлт өмірінде ұлы өзгерістер орын алды. Қазақстандықтар бір кезде кеспе нан табылмаған дүкеншіктердің орнына келген гипермаркеттерге мерседеспен келіп, үйге не керектігін «сотовыймен» сұрап алып, алуан тауарларды еркін таңдайтындай, оның ақысын банк кәртішкесімен төлейтіндей жағдайға жетті және бұдан он жыл бұрын осылай болады деп айтылса тірі жан сенбестей осы жаңалықтарды жатырқамай, жатсынбай, ұлттарға, діни наным-сеніміне бөлінбей-ақ бір кісідей бірден қабылдады. Қысқасы, «шығыстық» менталитет бұған кедергі бола алмады. Бірақ, мұндай мүмкіндікке баршаның, көпшіліктің қолы жетті ме, жұртшылықтың бір тобы мұны асыра пайдаланып, енді бірі құр қызықтап, қалғаны қалайша сыртта қалып қойды - бұл басқа мәселе.
Қазіргі ғасырдың сыйға тартқан игіліктерін игеріп, айналадағы әлем елдері қалай өмір сүріп отырғанын көзбен көріп, қолмен ұстап отырған көзі ашық халық қазір рулық-топтық, кландық-командалық, ағайындық-ауылдастық сынды жабайы амалдарға уақытша арқа сүйеп, ал ертең қалай болады деген бітпес алаңмен өмір сүруді емес, ұдайы, тұрақты, сеніммен, өзінің және ұрпағының ертеңі үшін алаңдамайтындай адамша өмір сүруді қалайды. Бұл үшін, қайталап айтсақ, көп нәрсе де қажет емес - баспана, тұрақты жұмыс, жеке болмаса қолайлы, таза қоғамдық көлік, жылы жүзді дәрігер, ана мен бала өлімі деген сорақылыққа жол бермеу, кеңселерде отырған, соларға тұрмыстағы кішігірім шаруаң тәуелді - иманды, сыпайы, бедірейіп қарамайтын, бетіңнен ала түспейтін байыпты қызметкер, пойызға, ұшаққа билет жоқ деген абсурдтан арылу, тағысын тағы мың сан ұсақ-түйектер. Бұлардың бірқатары, әлгі төлем кәртішкелері сияқты шешімін тауып, өркениеттік бағытқа бет бұрғандай, енді азы қалуы да ықтимал. Міне, мәселенің мәнісі, енді осы азға қол жеткізу. Басқаша айтқанда, адамдарға таңдау мүмкіндігіне молырақ жағдай жасау. Мысалы, көпшілікке мәлім «Тальго» деген өзі де жол серіктері де тап-таза, сыпайы, мәдениетті пойыз пайда болды. Анау бір әйгілі кинодағыдай, «когда мне приятно, тебе тоже приятно». Ал, осы пойыздың қызметшілері басқа планетадан түскен жоқ, қатардағы замандастарымыз, ендеше өзінен-өзі сұрақ туады - неге басқа пойыздарда (автобустарда, ауруханаларда, кеңселерде т.б) бұлай емес?! О баста құдайдың өзі кішіпейіл ғып жаратқан шығыстық менталитет кедергі ме? Жоқ. Мәселе әрбір іске жауапты адамдардың пайым-парасаты, қарым-қабілеті мен ниетінде. Бұндай талаптарға сай келмейтін адамның сол орында отыру-отырмауында. Мұны қадағалап бақылайтын - қарапайым жолаушылар, тұрғындар, оқушылар мен студенттер, еркек пен әйел, жас пен кәрі, бір сөзбен айтқанда - азаматтар. «Азаматтық қоғам» дейтін, әзірше жоғары мінбелерден ғана айтылып жүрген демократияның басты талабы да осы болса керек. Бұлай болмаған кезде «әртүрлі» варианттар» пайда болады, немесе өзінің қара басының қабілетсіздігі мен сорлылығын бүкіл халықтың есебінен жасырғысы келетін жымысқы пиғылдан шығатын «қазақпыз» ғой деп, қазақтан садаға кеткірлердің, зымиян әрекетіне жол ашылады.
Осындай трагедиялық себептен туындайтын кадрлық саясаттың командалық-кландық, тамыр-таныстық, жерлестік сипат алуының салдары мынаған жеткізбек: қызметкерлер Конституцияда және заңдарда көрсетілгендей: білім, қабілет, атқарған еңбегі, елдік, ұлтжандылық, отаншылдық сияқты қасиеттері бойынша емес, басым жағдайда "кім кімнің адамы" деген категориямен бағаланады. Соны көрген жас және орта буын ұрпақ арасында жақсы қызметке тұру және қызмет сатысымен жоғарылау бар күш-жігерін жұмсап, шын ниетімен беріліп істеген адал, сапалы еңбегімен емес, мүлде басқа, "көкелік", әсіресе ел арасында өте кең тараған "бірдеңе» вариант" дейтін жағымсыз, жабайы жолдармен ғана жүзеге асады деген сенім қалыптасады. Заңдылық пен әділдіктің жоқтығына көз жеткізу - тиісінше, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі бойкүйездік пен немқұрайдылыққа, торығушылыққа, кейбірде ішкі қарсылық көңіл-күйге алып келмек. Ақпарат құралдарында осындай ахуалдың орнағаны айтылып та жүр. Басшыға қаншалықты жеке жақындығына қарап, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері арасында бір-біріне, сондай-ақ келешегіне деген сенімсіздік пен әрдайым көңіл түкпірінде жататын жасырын алаң сезімі бойды алмақ.
Кландық-командалық принцип - заңсыздықтың, өзім білемдіктің, «жарты құдайға» айналудың, сыбайлас жемқорлықтың кең, кедергісіз, тоқтаусыз, ынсапсыз қанат жаюына жол ашатын қауіпті фактор. Өйткені, ондай лауазым иесі маңайында толық сенетін, "өз адамы" болғандықтан, қоғам тарапынан бақылаудың, дат айтудың жоқтығынан, қорықпастан, шімірікпестен қылмыстық қадамдарға еркін бара алады. Демек, қайбір лауазым иелерінің өз адамдарын қайда барса да тастамай алып жүруінің ар жағында осындай мақсаттың жатқаны, мұндай жағымсыз құбылыс іштен жейтін жегі құртқа айналып, қоғам организмінің қуатын әлсірететін ауыр дертке жеткізуі хақ. Мұның бұлтарпас дәлелі ретінде Қаржы полициясының күнделікті таратып отырған ақпараты құдды бір майдан даласынан келіп жатқан мәліметтерге ұқсайтынына қарап айтуға болады.
«Бізге құндылықтардың дұрыс жүйесі, тәрбиенің дұрыс жүйесі керек. Қазіргі заманғы қоғамда көпшіліктің көңілінен шығатын, адамдарды біріктіретін, оларға идеялық басымдықты көрсететін құндылықтар жүйесі болуы тиіс» деп өте орынды атап көрсетеді Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары М.Әшімбаев «Литер» газетіне (№186, 07.10.2009ж.) берген сұхбатында. Демек, ендігі міндет - қоғамды әлсірететін қауіпті құбылыстардан толық және біржола арылып, көпшіліктің көңілінен шығатын дұрыс құндылықтарды қабылдау. Қазіргі Қазақстанда көпшілік іздеп отырған мұндай құндылықтың бірі де бірегейі мемлекеттік-қазақ тілі екені өмірдің өзіндей ақиқат. Сондықтан бұл тағдырлы сауалдың тағдыры «белгілі бір топтардың, соның ішінде қазақ тілділердің» ғана ой-пікірі дегенге келісу қиын, ол «Біржан сал» фильмінің басты кейіпкері айтқандай - миллиондардың көкірегін шыжғырған шоқ. Жалпы, бүкіл ел көз тігіп отырған биік мінбелерден бір халықты «анау язычный», «мынау язычный» деп бөлу, әсіресе қазіргідей алмағайып кезеңде адамдарды біріктіретін дұрыс құндылыққа жата қоюы екіталай. Алаштың рухани көсемі Ахмет Байтұрсыновтың өткен ғасырдың басында ескертіп кеткеніндей, тіл бүтіндей ұлттың болу-болмау, жер бетінде қалу-қалмау мәселесі, демек мемлекеттің тағдыры. Ендеше, бұл сұрақтың демократиялық мемлекет орнату жолымен келе жатқан елдің саясатынан тыс тұруы, саясиланбауы мүмкін емес.
Жоғарыда аталған «Трудный выбор» мақаласының авторы С.Ахымбеков шығыстық қоғамда, оған әрине Қазақстанды жатқызады, сайлау өткізсеңіз, тұрғындар Еуропаның батысында қалыптасқандай өзінің көзқарасы бойынша емес, қауымдастық, ұлттық, діни, аймақтық мінезге басады, кез-келген сайлаудың қорытындысын алдын-ала біле беруіңізге болады деп түйіндейді. Сол сияқты біздің жағдайымызда белгілі бір аймақтағы толық тәуелсіз сот жергілікті билеуші кланның бір бөлшегі болып шыға келеді деп тұжырымдайды. Демек, бұдан қазіргі қоғам 19 ғасырдағы болыстық сайлаулар кезінде көрініс берген, оның өзінде патшалық режимнің айтағымен пайда болған рулық-топтық, ауылдастық деңгейде қалып қойған деген қорытынды жасау керек. Сонда, көне заманнан бері «Тура биде туған жоқ» деген қапысыз қағидамен, яғни демократия дәстүрімен өмір сүруге жеткен дана халықтың сан ғасырлық тарихы, оны айтпағанда кеңестік дәуірдегі 70 жыл, одан кейінгі тәуелсіздіктің жиырма жылында мемлекеттік қызмет, сот, кадр мәселесінде атқарылған жұмыстың барлығы зая, халық пен қоғам өмірінде бір қадам болса да алға жылжушылық жоқ болып шығады. Мұны қалай түсінеміз? Ал, шындығына келсек, қазіргі Қазақстан қоғамында бұған толық кереғар оқиғалар қатары, құдайға шүкір, өте мол.
Рас, кландық құбылысты ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ осы қасіреттің қалай пайда болғанын талдап, бүкіл ел болып тамырына балта шабуды ойлаудың орнына - оның алдында дәрменсіздік танытып, біржола мойынсұну, демек өркениет жолымен алға жүру емес, рулық-топтық деңгейден аса алмай кері кету болып табылады. Ендеше осындай көңіл-күйді насихаттап мақалалар жазудан қоғамға не пайда? Жас ұрпақты, елді тәрбиелеудің, өрге бастырудың жөні осы ма екен? Егемендіктің алғашқы сағатынан бастап барлық күш жігері мен мұрат-мақсатын елін алға жетелеуге арнаған Елбасына көрсетілуі тиіс қолдаудың түрі осылай бола ма екен?
Орыста «Қасқырдан қорықсаң, орманға барма» деген мақал бар. Мемлекеттің дамуын еңбектеп жүрген сәбидің алғашқыда жығылып, құласа да бірте-бірте шауып жүріп кететінімен салыстыруға болар еді. Сонда, егер баланы анасы жығылады деп қорқып, бесіктен шешпей, қол аяғын таңа берсе не болмақ. Алға қадам басудан қорқатын ел ешқашан өркениетті әлем қатарына қосылмай, АҚШ Президенті Барак Обамаша айтқанда «тарихтан тыс қалуы» әбден мүмкін.
Кеше ғана елімізге сапармен келген Франция Президенті Н.Саркози қазақстандық тілшінің демократия мен тұрақтылық екеуінің қайсысын таңдар едіңіз деген біртүрлі сұрағына «ешқашан тұрақтылық пен демократиялық арасында таңдау жасау қажеттігіне келісе алмаймын. Тіпті, барлығына бірдей демократиялық үлгі табылмаса да, және әр елдің өз мәдениеті мен ерекшелігі болған күннің өзінде, нағыз тұрақтылық әрбір азаматтың негізгі құқықтары сақталған қоғамнан тамыр алғанда ғана орнайды», - деп бүкпесіз жауап берді.
Тұжырымдай келгенде, демократиялық, яғни адамгершілік, өркениеттік құндылықтар жайында сөз қозғағанда оны тек қана сайлау мәселесімен шектеп, мемлекеттің саяси құрылымы мен басқару жүйесіне, билік тартысына апарып тірей беру - мемлекеттік, ұлттық мүддеге, таза ойға, мәуелі мақсатқа жеткізбейді. Тіпті бұл бағыт қоғамды, әсіресе жас ұрпақты тура жолдан адастыруы да ықтимал. Ең алдымен халықтың қарапайым құндылықтары мен қажеттіліктерін қанағаттандырудан бастау алатын, ол үшін жұрттың таңдауы мен орынды талабына құлақ аса отырып, нәтижесінде сабырлы, сауатты, мәдениетті, ілтипатты, яғни шын мәніндегі азаматтық, өркениетті қоғам орнатуға қарай оңай да қарапайым қадамдар жасаған абзал.