Жаңа Қазақстан және азаматтық қоғам
Соңғы жылдары Қазақстан қоғамында «Жаңа Қазақстан» ұғымы ел дамуының жаңа кезеңін білдіретін маңызды идеяға айналды.
Бұл – мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың жаңа форматын қалыптастыруға, ашықтық пен әділдікке, жауапкершілік пен азаматтық белсенділікке негізделген бағыт. Ал мұндай өзгерістердің табысты жүзеге асуы үшін ең басты шарт – азаматтық қоғамның қалыптасуы мен күшеюі.
Ендеше осындайда азаматтық қоғам дегеніміз не деген заңды сұрақ туады.
Біздің білуімізше, азаматтық қоғам – бұл мемлекеттен тәуелсіз, бірақ қоғам мүддесі үшін жұмыс істейтін ұйымдар мен жеке тұлғалардың еркін қауымдастығы. Бұған үкіметтік емес ұйымдар, еріктілер қозғалысы, БАҚ, кәсіподақтар, қоғамдық бірлестіктер және әлеуметтік белсенді азаматтар кіреді. Олар билік пен халық арасындағы көпір рөлін атқарып, әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысады.
Мысалы, экологиялық қозғалыстар табиғатты қорғау мәселесін көтерсе, жастар ұйымдары білім мен инновация саласында белсенділік танытады, ал қайырымдылық қорлары мұқтаж жандарға көмек көрсетеді. Мұның бәрі – азаматтық қоғамның нақты көрінісі.
Жаңа Қазақстан идеясы және оның мәні
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасы – қоғамның саяси, әлеуметтік және экономикалық жаңаруын мақсат етеді. Бұл бағытта әділетті қоғам орнату, халықтың пікірін ескеру және шешім қабылдауға қатыстыру, жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейту, ашық үкімет пен сыбайлас жемқорлықсыз орта қалыптастыру – басты міндеттер ретінде белгіленген. Міне, осы қағидаттардың барлығы азаматтық қоғаммен тығыз байланысты. Егер қоғам белсенді, саналы және жауапты болса, Жаңа Қазақстан идеясы да өміршең болмақ.
Әсет Базарбай, қоғам белсендісі: «Азаматтық қоғамның рөлі мен маңызын түсіну өте маңызды. Бұл құрылым билік қызметінің ашықтығын қамтамасыз етіп, әлеуметтік әділеттілік пен теңдікке сұранысты арттырады. Сонымен бірге, жастардың белсенділігін және патриоттық санасын күшейтуге өз үлесін қоса алады. Тағы бір жағынан қоғамдық бақылау тетіктерін дамытады.
Мәселен, қоғамдық кеңестер мен еріктілер ұйымдары түрлі мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалап, халықтың шынайы пікірін жеткізе алады. Бұл өз кезегінде реформалардың сапасын арттырады.
Жаңа Қазақстан – тек саяси ұран емес, бұл – жаңа ойлау мәдениеті мен азаматтық жауапкершілік кезеңі. Елдің болашағы биліктің ғана емес, әрбір азаматтың белсенділігіне де байланысты. Сондықтан әрқайсымыз қоғам өміріне бейжай қарамай, өз саламызда әділдік пен ізгіліктің ұстанымын орнықтырсақ, Жаңа Қазақстан шын мәнінде өркениетті елге айналмақ».
Abai.kz