Дүйсенбі, 10 Қараша 2025
Жаңалықтар 104 0 пікір 10 Қараша, 2025 сағат 15:17

Жапаров: Төңкерісті тек түстеріңізде көресіздер!

Сурет: akipress.org сайтынан алынды.

Қырғызстандағы жағдайды тұрақсыздандыруға бағытталған кез келген әрекет сәтсіз аяқталады. Бұл туралы ел президенті Садыр Жапаров айтты.

Ол бұрынғы жемқорлық схемалары жойылғаннан кейін табыс көзінен айырылған кейбір топтың блогерлер мен арандатушылар арқылы жалған ақпарат таратып, қоғамда наразылық тудыруға тырысып жатқанын мәлімдеді.

«Олардың арасында ірі сыбайлас жемқорлық істері бойынша ұсталып, сот шешімімен мемлекет пайдасына ірі сомалар мен нысандарды өткізген тұлғалар бар. Сондай-ақ көлеңкелі табыс көздерін жоғалтқандар және қызметімен кеткен соң жеке пайдасы үшін өшпенділік танытып жүргендер де жетерлік. Яғни, бұлар — жеке мүддесі үшін ренжіген адамдар»,- деді Садыр Жапаров.

Мемлекет басшысы бұрынғы әлсіз мемлекеттің енді жоқ екенін атап өтті.

«Біріншіден, біз ешқандай төңкеріске жол бермейміз. Екіншіден, бұрынғы әлсіз мемлекет қазір жоқ, қазір еліміз мықты. Үшіншіден, халық кімге сену керектігін, кімнің билік басында болуы тиіс екенін жақсы біледі. Енді төңкерістерді тек түсіңізде ғана көресіздер. Тонау, ашкөздік пен төңкеріс арқылы байып кету — мұның бәрі енді тек түс болып қалсын»,- деді президент.

Жапаров халыққа жасаған үндеуінде жүргізуші куәлігін ақша беріп сатып алу мүмкін болмайтынын да жеткізді.

«Бұдан былай жемқорлыққа жол берілмейді. Ақша беріп куәлік алуға болатын кезең ұмытылсын. Енді жүргізуші куәліктері тек білім, еңбек және адалдықтың арқасында ғана беріледі. Әркім мұны өз білімімен және тынымсыз еңбегімен алуы тиіс»,- деді президент.

Abai.kz

0 пікір