Сенбі, 10 Қазан 2026
Ақмылтық 478 0 пікір 9 Қазан, 2026 сағат 15:28

Жастар шет елдерде емес, өз елінде бақытты өмір сүруі керек!

Сурет: qaz365.kz сайтынан алынды.

Қазақ елінде жаңа бір даулы мәселе пайда болды: Ол – шет елге жұмысқа кеткен қазақ азаматтарының сол елдің жүргізіп жатқан соғысқа тартылуы. Қазақстан саясаты шебер дипломатиялық қадамдар жасай отырып, еліміді әлемді шарпыған қарулы қақтығыстардан аман-есен сақтап келеді. Бірақ, жекелеген азаматтар мен жастардың өмірлік тәжірибесі аз болуы себепті, оларды соғыс ісіне тарту мүмкіндігі күннен күнге артуда. Оның алғашқы белгісі ретінде Астанадан Ресейге жұмысқа барып, кейін соғыс аймағына тап болған қазақстандық жастардың Қазақстан президентінен  өздерін қайтаруды сұраған үндеуін айтуға болады. Олардың жақындары да балаларын шұғыл түрде елге қайтаруды сұрап отыр.

ҚР СІМ-інде жиналған жұрт осы мәселені талқылады. Осы жиынға қатысқан заңгер Мейірман Шекеев қазіргі кезде кемі 21 қазақ жастары РФ Қорғаныс министрлігінің келісімшартына қол қойып, әскери қызметке алынғаны туралы деректі ашты. Әрине, бұл ресми түрде расталған жоқ, дегенмен, оларды соғыс қимылдары жүріп жатқан Луганск аймағына алып барғанын, оларға дрондық техниканы үйретіп жатқанын ата-аналары растады.

Жастар не себептен шет елдерге кетуде?

Қазақстандық жастардың шет елдерге жұмыс істеуге кетуі (еңбек миграциясы) — соңғы жылдары жиі талқыланып жүрген өзекті мәселелердің бірі. Жастардың елден кетуіне негізінен әлеуметтік-экономикалық, кәсіби және жеке даму факторлары әсер етеді. Жастардың шет елге ағылуының негізгі себептері:

Экономикалық факторлар және табыс айырмашылығы

Жоғары еңбекақы: Еуропа елдері (Ұлыбритания, Германия, Польша, Латвия), Оңтүстік Корея, АҚШ және Парсы шығанағы елдеріндегі ең төменгі жалақы деңгейі Қазақстандағы орташа жалақыдан бірнеше есе жоғары. Тіпті біліктілікті талап етпейтін жұмыстардың өзінде (ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету саласы) жастар Қазақстанмен салыстырғанда айтарлықтай көп табыс таба алады.

Инфляция және өмір сүру құны: Елдегі азық-түлік, қызмет көрсету және баспана бағасының тұрақты өсуі жастардың тапқан табысының күнделікті қажеттіліктерден артылмауына әкеледі. Бұл оларды қаржылық тұрақтылықты сырттан іздеуге мәжбүрлейді.

Тұрғын үй және әлеуметтік мәселелер

Баспана қолжетімсіздігі: Қазақстанда жас мамандар үшін өз күшімен пәтер сатып алу өте қиын. Ипотекалық бағдарламалардың пайызы жоғары, ал бастапқы жарна жинау үшін жылдар қажет. Шетелде бірнеше жыл жұмыс істеп, елге оралғанда баспаналы болу мақсаты — ең үлкен мотивацияның бірі.

Кәсіби даму және «Мидың ағылуы» (Brain Drain)

Мансаптық өсу және әділдік: Кейбір жастар отандық еңбек нарығындағы тамыр-таныстық (протекционизм) пен жемқорлықтан шаршайды. Олар шетелде өз білімі мен қабілетіне қарай әділ бағаланып, мансап сатысымен көтерілу мүмкіндігі жоғары деп есептейді.

Тәжірибе және жаңа технологиялар: Халықаралық деңгейдегі ірі компанияларда жұмыс істеп, әлемдік тәжірибе жинақтау, жаңа технологияларды меңгеру — IT, медицина, инженерия саласындағы үздік түлектердің басты мақсаты.

Мемлекеттік бағдарламалардың ықпалы

Заңды еңбек миграциясы: Мемлекет деңгейінде де жастардың сыртта заңды жұмыс істеуіне мүмкіндіктер жасалуда. Мысалы, Ұлыбританияның ауыл шаруашылығы бағдарламалары (Seasonal Workers Scheme) немесе Оңтүстік Кореямен арадағы еңбек келісімдері жастардың шетелге заңды әрі қауіпсіз барып жұмыс істеуіне жол ашты.

Дүниетанымды кеңейту және өмір сапасы

Әлемді көру және тіл үйрену: Жастық шақта басқа мәдениетті тану, ағылшын немесе басқа да шет тілдерін тікелей ортасында жүріп жетілдіру үлкен трендке айналды.

Қолайлы орта: Дамыған елдердегі әлеуметтік қауіпсіздік, инфрақұрылымның дамуы және медицина деңгейі де жастарды қызықтырады.

Қазақ жастарының шет елге жұмысқа кетуі тек «елден біржола көшу» емес, көбіне қаржы жинау, тәжірибе алу және өмірлік капиталын қалыптастыру мақсатындағы уақытша миграция сипатына ие. Осы үдерісті азайту үшін ел ішінде жас мамандарға лайықты жалақы, әділ бәсекелестік орта және қолжетімді баспанамен қамту шараларын күшейту қажеттілігі туындап отыр.

Шет елге кетуге еліміздегі білім беру факторы әсер ете ме?

Әрине, бұл фактор оған тікелей әсер етіп отыр. Мәселен, біздің елдің индустриялық дамуының қарқыны мен соған сай мамандар даярлау арасында елеулі айырмашылықтар бар:

Елдегі индустриялық даму ішкі нарықтың дамуын толық еспке алмайды. Ал, білім беру жүйесі әлі де «ескі сүрлеумен» жүруін жалғастыруда. Қазіргі кезге дейін қоғамда, әрбір отбасыда білім алудың мотивациясы ретінде «балаларды оқыту, білім беру – негізінен «оқыту», «білім беру» деген, сонау кеңестік заманнан қалған психология мен абстаркция құшағында қалып отыр...

Ал, «Баланың болашағы қандай болады?», «Бала оқыған мамандығына лайықты жұмыс таба ала ма?», «Ақылы оқу кейін өзін ақтай ма?», «Жұмыс табылмаса бала не істеуі керек?» деген және осыған ұқсас сұрақтар қойылмайды.

Сол себепті, жоғарғы оқу орындарын бітірген жастардың көбі дипломдарын «архивке» жіберіп, басқа салаларға кетіп жатады. Соның ішінде, елеулі бөлігі шет елдегі қара жұмысқа жегілуде.

Түйін: Мемлекет қазіргі білім беру жүйесі мен жастарды мамандандыруды еліміздің индустриялық, аймақтық, өңірлік дамуымен және экономикалық, әлеуметтік,мәдени,рухани сұраныстармен  тығыз байланыста қарап, осы бағыттарды сәйкестендіруі тиіс. Болмаса, жастардың шет елдерге кету үрдіі одан әрі арта береді.

Әкімшіліктің жұмысы тек «жұмыс орнын ашу» емес

Біздің әкімшілік басқару жүйесі қазір «жұмыс орнын ашу» деген сұрақпен ғана бас қатыруда. Ал, ол көбіне кездейсоқ сипатта болып келеді, себебі, «жұмыс орны» инвестордың қалауымен ашылады.

Біздің жағдайда мәселе комплексті түрде қойылуы керек:

1.Әрбір өңірдің экономикалық серпінді даму мүмкіндіктерін саралау, сараптама жасау;

2.Соған сай жаңа мамандық түрлерінің тізімін жасау және жастарды алдынала мамандандыруға дайындау;

3.Сол талапқа сай оқу орындарынан факультеттер мен арнайы оқу топтарын ашу;

4.Оқыту технологиясы мен методологиясын ендіру;

5.Оқытушы кадрларды дайындау және т.т.

Бізде осы жағдай жасалып жатыр ма? Жоқ. Мысалы, өзіме жақсы таныс философия ілімі саласын алсам, онда бұл жақта да оқыту мемлекеттік стратегияға сай емес дер едім.  Мысалы, «Елімізге жоғарғы оқу орындарына сабақ беруге жыл сайын қанша философия оқытушысы керек?», «Қанша адам философия мамандығын игеруде?» және осындай қарапайым зерттеудің өзі жасалмайды...

(Иә, әрине, философия универсалды ойлау мәдениетін қалыптастыратын ілім болғандықтан, жыл сайынғы оқу бітіруші флософ жастар жұмыссыз қалған емес: олар мемлекеттік басқару саласынан бастап, әртүрлі сараптама орталықтарында жұмысқа тұрып жатыр. Бірақ, мұның өзі «мемлекеттің дамуы әлі де стихийя (кездейсоқтық) жетегінде жүр» дегенге меңземей ме?.).

Сонымен бірге, елімізде жұмыс таппай жүрген заңгерлер, экономистер, бухгалтерлер, қалалық жерде – мұғалімдер және т.т. қаншама десеңізші?

Ауыл шаруашылығы – маңызды экономикалық фактор

Жақсылық шығар, бүгінде ауыл шаруашылығын дамыту қолға алына бастады. Бұл салада қажет мамандар бізде жеткілікті ме? Мәселен, кей ауылдарда ғана емес, жалпы ел бойынша «трактористер» тапшы мамандарға айналды. Біз қазір «бір ауылға бір тракторист жетеді» дегенге көшкен сыңайлымыз... Ол аз болса, бүгінде «шопан» (қойшы), «бақташы» (сиыршы), «жылқышы» болам деген адамды күндіз шаммен іздеп таппайсың. Неге?

Мәселен, қазіргі оқу орындарында неге «шопан», «бақташы», «жылқышы» мамандықтары оқытылмайды? Өйткені, біз оны жәй ғана елеусіз нәрсе деп санаймыз. Алайда, бүгінгі заманда ондай маман  толық білімге ие болмаса – қойды (жалқыны, сиырды, түйені, ешкіні, тауықты) арам өлтіретіні анық!

Қазіргі технология заманында осы мамандықтарды ең табысты, ең экзотикалық, ең қызықты, ең мәртебелі мамандыққа айналдыру жолдарын зерттеп жүрген біреу бар ма?

Ендеше, бізге мемлекеттік тұрғыда «жастарды шет елдерге жібермеу, оларды қалайда елде қалдыру  жолдары» атты арнайы кешенді бағдарлама қабылдауымыз керек деп, ойды осымен түйіндедім.

Әбдірашит Бәкірұлы, философ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 924
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 1238