Бектенов: Қазақстанның қарызы төмен болуы тиіс!
ҚР Парламенті Сенатының отырысында Сенат депутаты Сұлтанбек Мәкежанов Премьер-министр Олжас Бектеновке Үкіметтің бюджет шығыстарын оңтайландыру және басымдық беру шараларына қатысты сұрақтар қойды. Премьер-министр бүгінгі таңда мемлекеттік қарыз деңгейі ЖІӨ-нің 23,6%-ын құрайтынын атап өтті.
Жалпыға бірдей танылған әлемдік әдіснамаға сәйкес, мемлекеттік қарыздың бұл деңгейі төмен деп саналады. Мысалы, көптеген дамыған елдерде бұл көрсеткіш ЖІӨ-мен салыстырғанда 50%-дан, 80%-дан және тіпті жекелеген мемлекеттерде 100%-дан асады.
«Мен бұлай жасауға шақырып отырған жоқпын. Керісінше, Қазақстанның мемлекеттік қарызының деңгейі төмен болуы тиіс деп есептеймін, Үкімет те осы бағыта жұмыс істеуде. Халықаралық қаржы ұйымдары, атап айтқанда, белгілі рейтингтік агенттіктер тарапынан баға берілуі мемлекеттік қарыздың қолайлы деңгейде екенін растайды. "Үлкен үштік" деп аталып жүрген Fitch, Moody's және S&P агенттіктері бізді жақсы бағалауда. Еліміздің инвестициялық рейтингі – аймақта жалғыз көрсеткіш. Қаржылық орнықтылығымыз да біздің ойымызша, жаман емес. Бұл өз кезегінде бізге тиімді шарттармен сырттан қарыздар тартуға мүмкіндік береді. Мысалы, қазан айының соңында біз еуробондтарды 4,4%-бен орналастырдық. Бұл халықаралық инвесторлардың Қазақстанға сеніп, осындай пайызбен ақша салатынының жақсы көрсеткіші», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Abai.kz