Сейсенбі, 3 Наурыз 2026
Жаңалықтар 99 0 пікір 3 Наурыз, 2026 сағат 15:23

Қазақстан Таяу Шығыстағы жанжалда еш тарапты қолдамайды — СІМ

Сурет: Азаттық радиосы сайтынан алынды

Қазақстан кез келген әскери жанжалды тек дипломатиялық жолмен реттеуді жақтайды. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев мәлім етті.

Оның атап өтуінше, еліміз үшінші елдің ісіне араласпау ұстанымын ұстанды, ұстанады және ұстана да береді.

— Бұл жағдайда біз еш тарапты қолдамаймыз: Иран тарабын да, шабуылға ұшыраған елдердің тарабын да. Біз мұндай әскери қақтығыстардың болғанын мүлдем қаламаймыз. Ал егер ол туындайтын болса, онда олардың шешімі дипломатиялық үстел үстінен табылуы тиіс. Біз мұндай жанжалдарды халықаралық құқыққа, БҰҰ жарғысына сәйкес шешуге шақырамыз және сол ұстанымдамыз. Мұның бәрі аталған халықаралық құжаттарда жазылған. Осы ұстаным өзгеріссіз қалады, — деді министр орынбасары Үкімет отырысынан кейін.

Сонымен қатар, ол қажеттілік туындаған жағдайда Қазақстанның жанжалдасушы тараптардың келіссөздер жүргізуі үшін алаң ұсыну мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді.

— Жүгінген жағдайда мұндай тәжірибеміз бар. Біз бұған дейін де Иран мәселесіне қатысты Алматыда алаң ұсынып, ол аталған мәселені шешуге мол үлесін қосты. Сирия бойынша сириялық билік пен елдің оппозициялық топтары арасындағы келіссөздердің 20-дан астам раунды ұйымдастырылды. Аталған елдердің алаңымызда дипломатиялық деңгейде қатысуы әскери жанжалды тоқтатуға және жанжалдасушы немесе жауласушы тараптардың келіссөз үстеліне отыруына септігін тигізді. Сондықтан, бізде мұндай тәжірибе бар. Жүгінген жағдайда тыңғылықты зерделейміз. Бүгінде мұндай өтініш болған жоқ, — деді Әлібек Бақаев.

Abai.kz

0 пікір