Сенбі, 6 Желтоқсан 2025
Жаңалықтар 339 0 пікір 6 Желтоқсан, 2025 сағат 17:18

Қарағанды облысында өндірістік ортада халық денсаулығын қорғау мәселелері жан-жақты талқыланды

Қазақстанда ең жиі кездесетін кәсіби ауруларға омыртқа патологиялары, өкпе аурулары, вибрациялық ауру және есту қабілетінің төмендеуі жатады. Осы және өндірістік қауіпсіздік саласындағы басқа да өзекті мәселелер Қарағандыда өткен «Жұмыс істейтін халықтың денсаулығын басқарудың инновациялық технологиялары: мультидисциплинарлық тәсілдер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда қаралды.

 

Қарағанды еңбеккерлердің денсаулығын қорғау саласында еңбек ететін мамандардың кәсіби кездесулеріне арналған ірі алаңға айналды. Еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар ұлттық орталығының базасында Қазақстаннан, Ресейден, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан және Әзербайжаннан келген жетекші сарапшылар бас қосты.

Конференцияны ашқан орталық директоры, профессор Ертай Отаров бұл жиынның мекемеге республикалық мәртебе қайта берілгеннен кейінгі алғашқы халықаралық шара екенін айтты. Оның айтуынша, орталықтың жаңғыруы еліміздегі еңбек қауіпсіздігі жүйесін күшейтіп, кәсіби тәуекелдермен күрестегі тетіктерді жетілдіруге мүмкіндік береді.

Конференцияны ашқан орталық директоры, профессор Ертай Отаров бұл жиынның мекемеге республикалық мәртебе қайта берілгеннен кейінгі алғашқы халықаралық шара екенін айтты. Оның айтуынша, орталықтың жаңғыруы еліміздегі еңбек қауіпсіздігі жүйесін күшейтіп, кәсіби тәуекелдермен күрестегі тетіктерді жетілдіруге мүмкіндік береді.

(Сурет:https://www.gov.kz/)

Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай Қазақстанда 740 мыңнан астам мүгедектігі бар адам бар екенін, оның ішінде 15 мыңдай азаматтың мүгедектігі кәсіби аурулар мен өндірістік жарақаттар салдарынан қалыптасқанын жеткізді. Ең кең таралған кәсіби патологиялар – омыртқа мен өкпенің созылмалы аурулары, вибрациялық синдром және есту қабілетінің жоғалуы.

Вице-министр еңбек ортасының өзгеріп келе жатқанын атап өтті: кеңсе форматындағы, ұзақ отыруды талап ететін жұмыс көлемі артуда, цифрлық коммуникациялардың әсері күшейіп, стресс деңгейі жоғарылап отыр. Осыған байланысты профилактика тәсілдері жекелендірілген, үздіксіз және цифрлық технологияларға негізделген болуы қажет.

Кәсіподақтар Федерациясының бірінші төраға орынбасары Мұхтар Тінікеев ұйымның 1,7 миллионға жуық жұмыскерді біріктіретінін айта келе, еңбек қауіпсіздігі заңнамасын кешенді жаңарту қажеттігін алға тартты. Ол кәсіподақтардың бірқатар ұсыныстарын ортаға салды:

  • «жұмысшының кінә дәрежесі» ұғымын заңнамадан алып тастау;
  • техникалық инспекторлардың өкілеттіктерін кеңейту;
  • зиянды өндірістерде жұмыс істейтіндер үшін зейнет жасын төмендету;
  • орта және ірі кәсіпорындарда өндірістік кеңестер құруды міндеттеу.

Тінікеевтің айтуынша, ресми статистика кәсіби аурулардың нақты көлемін толық көрсете бермейді, сондықтан еңбек қабілетін жоғалтқан жұмысшыларға кешенді оңалту жүйесін дамыту аса маңызды.

Шараға Денсаулық сақтау министрлігінің, Парламенттің және өңірлік атқарушы органдардың өкілдері қатысты. Шетелдік сарапшылар реттеуші-құқықтық базаны жетілдіру, санитариялық қызметті жаңғырту және медициналық мониторингті дамытудың тәжірибесін бөлісті.

(Сурет:https://www.gov.kz/)

Пленарлық отырыстан кейін қонақтар орталықтың клиникалық бөлімшелерін, зертханаларын аралап, заманауи диагностикалық әдістермен және жұмысшылар денсаулығын цифрлық мониторингілеу жүйелерімен танысты.

Панельдік сессиялар жұмыс істейтін халықтың денсаулығын сақтау және кәсіби ауруларды емдеу, еңбек гигиенасының жаңа қағидаттары, оның ішінде жасанды интеллектті қолдану және шаңнан туындайтын өкпе ауруларының алдын алу тақырыптарына арналды. Сондай-ақ цифрландыру мен өндірістік модернизация жағдайында мамандар даярлау мәселелері талқыланды.

Конференция аясында медициналық тексерулер жүргізу әдістемесі, кәсіби аурушаңдықты талдау және өндірістік факторлармен байланысын анықтау бойынша семинарлар өтті. Дөңгелек үстелде өндірістердің дамуына байланысты пайда болған жаңа сын-тегеуріндер, сондай-ақ зертханалық базаны нығайту қажеттілігі сөз болды.

Сарапшылар кәсіби патология қызметін жаңғырту, зертханалық зерттеулердің тиімділігін арттыру және еңбек медицинасын дамыту – еңбек қауіпсіздігі саласындағы жүйелі өзгерістердің басты бағыты екенін атап өтті. Еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар ұлттық орталығы медициналық экология, кәсіби тәуекелдерді бағалау және жұмысшыларға арнайы медициналық көмек көрсету саласындағы жетекші мекеме мәртебесін сақтап отыр.

Abai,kz

0 пікір