Сейсенбі, 9 Желтоқсан 2025
Өзекті 286 0 пікір 9 Желтоқсан, 2025 сағат 15:21

Алматы қашан «екінші Швейцария» болады?

Сурет: Ilyas Dautov / Unsplash.

Қазіргі таңда әлемдегі ірі қалалар (мегаполистер) тек экономикалық және мәдени орталықтар ғана емес, сонымен бірге ірі қалалар «күрделі экологиялық аймақтар» болып саналады. Ондағы халық санының көптігі, көлік қозғалысының қарқыны, өндіріс орындарының шоғырлануы және тұрмыс қалдықтарының шамадан тыс артуы  ‑ мегаполис тұрғындарының өмір сапасына тікелей әсер етуші факторлар қатарына жатады.

Қазақстанда ресми түрде бекітілген Республикалық деңгейдегі 4 қала бар, олар: Алматы, Астана, Ақтөбе, Шымкент. Соның ішінде  халқының саны жағынан Алматы қаласы алда тұр: қазір Алматыда – 2 292 333 адам, Астанада – 1 528 887 адам, Шымкентте – 1 256 263 адам, Ақтөбеде – 584 769 адам тұрады.

Қазір Қазақстанда ішкі миграциялық процесстер өте белсенді жүруде. Оған себеп: Республика көлеміндегі:

  • логистиканың дамуы: автомобиль жолдарының жақсаруы, өңірлер арасындағы қарым‑қатынас уақытының қысқаруы, адамдардың автокөлікке қол жетімділігі;
  • коммуникацияның дамуы: өзара аудио‑бейне қатынастың дамуы, тез шешім қабылдау мүмкіндігінің артуы.

Осы тұрғыда айта кетерлік бір мәселе бар: соңғы деректерде биылғы жылы Түркістан облысынан 37 мың адам шетке қоныс аударған делінеді. Бұл көші‑қонның басым бөлігі Алматы және Астана қаласына қарай бағыт алған... Жамбыл облысынан да осы екі бағытқа көшу алдыңғы орында тұр.

Осындай үздіксіз көші‑қон қысымына ұшыраған бұл екі мегаполис қазірдің өзінде халық санының шұғыл артуына байланысты экономикалық, әлеуметтік және экологиялық шиеленісті жағдайды айқын сезіне бастады.

Ендеше, бұдан: «тоқтамай ағылған көш легі бұл қалалардағы осы мәселелерді дер кезінде шешуге, немесе, алдын ала дайындалуға ешбір мұрсат қалдырмай отыр. Бұл қалалар үнемі де экологиялық және әлеуметтік мәселелер өтінде тұратын қалаларға айналды»  деген қорытынды жасауға болады.

Мемлекет осы мәселені шешуді қолға алып жатыр ма?  

Осыдан біраз жылдар бұрын мемлекет халқы тығыз орналасқан, жұмыссыздық басым оңтүстік өңірлерден  халқының саны күрт азайып кеткен, халықтың Ресейге көшуі жаппай орын алған солтүстікке қарай көшіруді көздеген «Оңтүстіктен – Солтүстікке» атты көші‑қон бағдарламасын қолға алған болатын.

Бірақ, қазіргі замандағы урбанизациялану процесі оған өз түзетулерін енгізуде: барлық өңірлерден көшкен халық алдымен ірі қалаларға көшуді таңдайтынын көрсетуде. Яғни, сол себепті еліміздегі «Оңтүстіктен – Солтүстікке» бағдарламасы тиімділігі төмен күйде қалуда.

Осы бағытта еңбек етіп жатқан барлық іс‑шараны жекелеген азаматтар ғана мойнына алып, ел болашағы үшін жанкешті қызмет етуде. Оның бірі – Бурахан Дақанов деген азамат бар күш жігерін осыған арнауда... Ал, тұтас мемлекеттік жүйе өзінің күші мен жігерін осы азамат әрекеті деңгейінде көрсете алмауда.

Біз мұны неге айтып отырмыз?

Айтуымыздың себебі, бұл мәселенің Алматы мен Астананың «тағдырына» тікелей қатысты болғанында! Өйткені, әрбір облыс басшылары өздеріне  «Облысымыздан халық неге кетіп жатыр?» деген сұрақты ашық қоймайды. Ол сұрақ олардың жұмысының «негативті көрсеткіші» болып есептеледі. Сұрақ жоқ болғасын, әрине, бұл мәселе бойынша олардың жұмысына ешкім «жауапкершілік» жүктемейді. Ендеше, атқарушы билік жүйесінде осы сұрақ олардың қызметінің барометрі болып «тағайындалса» ‑ «әрбір әкім  әрбір адамы үшін жанын беруге» барын салар ма еді?...

Әрине, біз осылай дей отырып, адамдардың көші‑қонына мейлінше тиым салынсын дегелі отырған жоқпыз. Демократиялық елде көшіп‑қонуға барлық азаматтар ерікті.  Бірақ, бұл өздері басқарып отырған өңірге жауапты шенеуніктерді одан толық босату керек дегенді білдірмейді. Әкім әКетем деді, кетті, мен не істей аламын?» деп, ол мәселені демократияға сырғыта салмауы керек. Әкім әрбір адам үшін есеп беруі керек: «неге кетті?», «қалай кетті?» дегендей...

Бұл мәселе өте өзекті, өйткені, осы көрсеткіш бойынша әкімдердің жұмыс істеу стратегиясы (принципі) айқындалады: оңтүстүктің әкімі «Үздіксіз көбейіп жатқан  халыққа жағдайды қалай жасаймын?» деген ұстанымды басшылыққа алса, халқының саны азайып, ауылдары бос қалып, мектептері жабылып жатқан әкімдер «Ауылды қалай халыққа толтырамын? Қалай оңтүстүктегі «басы артық» (бұл сөзім үшін кешірім сұраймын) ағайындарды осында көшіріп ала аламын?» деген сұрақпен бас қатырар еді...

Дегенмен, екі өңірдің әкімі де өзара байланысып, бұл мәселені шынайы демократиялық жолмен шеше алатынын да ұмытпау керек: бірі – көшіп келушіге лайықты жағдайын жасайды, екіншісі – мемлекеттік бағдарлама аясында көшті дайындады... Бәрі ерікті түрде... Міне, «демократиялық принцип» дегеніміз де осы болса керек!

Ал, әзірге осы принцип жұмыс жасамай жатыр, сөйтіп, көш легі әлі де «жұмысы бар, мектебі бар, сіңіп кетуге мүмкіндігі жоғары» Алматы мен Астананы нысанаға алып тұр...

Алматы мен Астана – қаншалықты өмір сүруге қолайлы, балалар үшін болашағы бар қалалар болып отырғанымен де, бұл қалалардың да  «шегарасы шектеулі». Ол, ең алдымен, экология мәселесінде көрініс табуда. Одан кейін, «мектеп» мәселесі,  көлік және т.т. деп жалғаса береді...

Сондықтан да, Аламты қаласының әкімдігі қызметкерлері күнделікті таңертең жұмысқа барарда «майданға шыққандай» күйде боларын да жасыруға болмас, сірә...

Алматылық шенділердің бұл жай‑күйін «басы артық адамын» (бұл сөзім үшін кешірім сұраймын) көшіріп тастап, жайбарақат жатқан» оңтүстүктің әкімнің өмірімен, болмаса, «ауылында адамы аз, бірақ жайбарақат жатқан»  солтүстүктің әкімінің өмірімен салыстыруға бола ма? Болмайды!

Мәселен, Алматы қаншама әсем қала болса да, мүндағы автомобиль көптігі, жол кептелістері, қоқыстың артуы, жылдан жылға жұмыс табуыдың да қиындай бастауы, криминалды ахуалдың нашарлауы, қала тұрғындарының «бірегей қала мәдениетіне» ие болуы, «көше мәдениеті» мен  «қоғамдық орындар мәдениеті» әртектілігі – Алматыға сай әрі қажет бірегей «экологиялық мәдениет» пен «экологиялық сананың» қалыптасуына мүмкіндік бермеуде.

Ендеше, бұл мәселе Республикалық деңгейде шешімін таппаса, онда Алматы да, Астана да, (ал, жақын болашақта Шымкент, одан әрі Ақтөбе) – міндетті түрде экологиялық шиеленісті жағдай өтінде тұра беретін болады...

Әрине, Алматыда экомәдениетті қалыптастыру үшін орасан зор жұмыстар жасалуда, оған орасан зор қаржы бөлінуде. Оны әркім де көзбен көріп, көкейде ұстап отыр: қала тазалығы жақсы жолға қойылған, жол кептелістерін азайтатын жол құрылыстары мен мерто құрылысы  үзілмей жалғасуда...  Қалада экоавтобустар паркінің артуы, газдандыру және т.т. шаралар қазіргі Алматыны едәуір өзгертіп, таза ауа‑таза су мәселесінде оңды ықпал етуде...

Алайда, бұл мәселені мемлекеттік деңгейге көтермесек, сол деңгейде шешім қабылданбаса  – уақыт өте Алматы да «темір де тозады» дегеннің кейпіне келуі әбден мүмкін.

Ал, қазіргі жағдайда атқарылатын жұмыстар сипатын былай көрсетуге болады:

Бірінші кезекте, экологиялық мәдениет білім мен ақпараттандырудан басталады:

Мектептер мен Жоғары оқу орындарында экологияға қатысты пәндердің мазмұнын күшейту, қала тұрғындары үшін экологиялық сауаттылыққа бағытталған тренингтер, семинарлар мен ақпараттық науқандар ұйымдастыру.

Басты лейтмотив: Экологиялық мәдениеті жоғары қоғам ең алдымен табиғатқа зиян келтірмеудің жолдарын біледі және күнделікті тұрмыста сол білімді қолдана алады.

Екінші бағытқаланың инфрақұрылымын экологиялық талаптарға сай дамыту.

Қалалық көлік жүйесін электр автобустар мен метро сияқты экологиялық таза түрлерге көшіру, велосипед жолақтарын кеңейту, жаяу жүргіншілерге қолайлы орта қалыптастыру – қала ауа сапасын жақсартуға үлкен ықпал етеді. Сонымен бірге қалдықтарды сұрыптау жүйесінің тиімді жұмыс істеуі, қайта өңдеу зауыттарының көбеюі және тұрмыстық қалдықтар көлемін азайтатын технологияларды енгізу де маңызды қадамдардың бірі.

Үшінші, мегаполистер үшін жасыл аймақтардың рөлі ерекше. Саябақтар, скверлер, ағаш отырғызу акциялары, жасыл аймақтарды көбейту – экожүйені қалпына келтіруге ғана емес, тұрғындардың психологиялық жайлылығына да әсер етеді. Табиғатпен байланыс адамды жауапты экологиялық мінез-құлыққа бейімдейді. Өз ауласындағы немесе көшесіндегі жасыл желекті күтіп-баптауға тұрғындардың белсенді қатысуы экологиялық мәдениеттің қалыптасуына серпін береді.

Төртінші маңызды жол – қоғамдық бақылау мен азаматтық белсенділік. Экологиялық нормалардың сақталуын тек мемлекеттік органдар ғана емес, тұрғындар, еріктілер ұйымдары, экологиялық қозғалыстар да қадағалауы қажет. Қоғамның белсенділігі артқан сайын, өндіріс орындары да, мемлекеттік құрылымдар да жауапкершілігін күшейтеді. Ашықтық пен есептілік экологиялық ахуалды жақсартуға көмектеседі.

Бесіншіден, әрбір адамның күнделікті таңдауы мегаполистегі экологиялық мәдениеттің негізін құрайды. Пластик қолдануды азайту, суды үнемдеу, энергияны тиімді пайдалану, қалдықты сұрыптау, қоғамдық көлікке көшу немесе велосипедті таңдау — кішкентай сияқты көрінгенімен, үлкен өзгерістерге бастайтын қадамдар.

Қорытындылай келе айтарымыз, ірі мегаполисте экологиялық мәдениетті қалыптастыру — кешенді, көпжақты үдеріс.

Ол білім беруді, инфрақұрылымды, қоғамдық белсенділікті және жеке жауапкершілікті біріктіргенде ғана нәтижелі болады. Экологиялық мәдениеті жоғары қала — тек таза әрі жасыл орта ғана емес, келер ұрпаққа аманат етіп қалдыруға тұрарлық өмір сапасының үлгісі.

Осы жағдайда экологиялық мәдениетті қалыптастыру –  мемлекеттік деңгейдегі міндет және әрбір азаматтың жауапкершілігі саналатын маңызды үдеріс.

Негізі, қазақ дүниетанымының іргетасында «табиғатпен етене өмір сүру» философиясы жатады. Бірақ, урбанизация заманында бұл дүниетаным модернизацияланып, ғылыми‑техникалық прогреске сәйкестенуі – заңды құбылыс. Бұл салада біз «ауыл мәдениеті» мен «қала мәдениеті» синкреттілігіне қол жеткізуге ұмтылудамыз.

Ал, Алматы маңайынан салынып жатқан, 2 миллион халық тұрады деп жобаланған Алатау қаласы – болашақта Алматыны экологиялық қайшылықтан құтқаратын ең ірі жоба деп бағалау қажет... Алатау қаласы – «Үкімет қомқорлығындағы қала» статусына ие болды. Ал, Үкіметте ақша көп қой...

Олай болса, бұл жоба Алматыны «Тақиялы періште» фильмінде айтылғандай «екінші Швейцария» жасайды деп сенеміз...

Abai.kz

0 пікір