Сенбі, 13 Желтоқсан 2025
Пікір 1208 0 пікір 13 Желтоқсан, 2025 сағат 20:09

Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаһандық бастамалары: Қазақстанның бейбіт дипломатиясы мен өңірлік көшбасшылығының жаңа кезеңі

(Сурет:https://www.akorda.kz/)

Әлемдік геосаяси тұрақсыздық күшейіп тұрған шақта Қазақстан халықаралық қатынастардағы жауапкершілікті, көпвекторлы дипломатияны және өңірлік тұрақтылықты нығайтуды басты мақсат етіп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ реформасынан бастап, Орталық Азиядағы көлік дәліздерін дамытуға, су қауіпсіздігі мен экологиялық дипломатияға дейінгі бастамалары еліміздің жаңа жаһандық рөлін айқындай түсуде. Халықаралық қатынастар саласының сарапшысы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қауымдастырылған профессоры Амирбек Айдарбек Президенттің халықаралық бастамаларының мәні мен стратегиялық маңызын тарқатып берді.

- Президент Тоқаевтың БҰҰ-ны реформалау жөніндегі бастамасын қаншалықты өзекті және уақытылы деп есептейсіз?

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ-ны реформалау бастамасы әлемдегі қазіргі геосаяси тұрақсыздық кезеңінде аса өзекті, әрі уақытылы ұсыныстардың бірі деп есептеймін. Жаһандық институттарға дегенсенімнің төмендеп, халықаралық құқық нормалары жиі бұзылып жатқан жағдайда БҰҰ-ның тиімділігін арттыру және бұл ұйымды реформалау мәселесі бұрынғыдан да маңызды болып отыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстан Республикасы көпвекторлы сыртқы саясат аясында шиеленістер мен дау-жанжалдарды күш қолданбай, тек халықаралық құқық пен дипломатиялық келіссөздер арқылы шешуді қолдап отыр. Президентіміз дәл осы принциптерді БҰҰ-ның жаңғыруына негіз болуға тиіс деп есептейді. Президентіміздің реформалық көзқарасы ұйымды шынайы инклюзивті, өкілділігі кең және мемлекеттердің тең құқығын қамтамасыз ететін алаңға айналдыруды көздейді. Бұл бастама Қазақстанның жаһандық диалог мәдениетін қолдау жөніндегі тұрақты сыртқы саясатының жалғасы. Сондықтан Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысын халықаралық тәртіптің әлемдегі жаңа геосаяси жағдайға бейімделуіне бағытталған прагматикалық және стратегиялық маңызды қадам деп есептеймін.

- Алматыда БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары бойынша өңірлік орталығын құрудың стратегиялық маңызы неде және бұл бағыттағы Президент Тоқаевтың бастамасы қандай?

Алматыда БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталықтың құрылуы стратегиялық түрғыдан Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдар жүйесіндегі беделін айтарлықтай күшейтеді. Бұл орталық Орталық Азия елдеріне климат, су қауіпсіздігі, жасыл экономика және әлеуметтік теңдік мәселелері бойынша үйлестірілген сыртқы саясат жүргізуге мүмкіндік береді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы мемлекетіміздің ұзақ мерзімді сыртқы саяси стратегиясына сай келеді, өйткені еліміз әлемдік күн тәртібіндегі БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарын өңірлік интеграцияның негізгі элементі ретінде қарастыруда. Осы тұрғыдан еліміз Тұрақты даму мақсаттары бойыншаөңірлік сараптамалық және үйлестіруші хабқа айналып, елімізге және аймаққа халықаралық қолдау мен инвестициялық қызығушылықты арттыра алады. Бұдан бөлек, бұл орталық өңір елдерінің жаһандық бастамаларға қатысуын жүйелеуге мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасының халықаралық жауапкершілікті бөлісуге дайын екендігі,оның диалогқа ашық және тұрақты даму қағидаттарына сенімі мол мемлекет екенін көрсетеді. Бұл бастама еліміздің аймақтағы көшбасшылығын одан әрі нығайтатындығы сөзсіз.

- Өңірлік тұрақтылықты нығайтуға бағытталған Тоқаев бастамалары аясында Қазақстанның ШЫҰ мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі жұмысына белсенді қатысуының маңызы қандай?

ШЫҰ мен АӨСШК аясындағы Қазақстан Республикасының белсенді ұстанымы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлік қауіпсіздік пен сенім шараларын күшейтуге бағытталған сыртқы саясатының жүйелі жалғасы. Бұл ұйымдар стратегиялық диалог, терроризмге қарсы іс-қимыл, экономикалық байланыс және гуманитарлық ынтымақтастық салаларында маңызды көпжақты дипломатиялық алаң қызметін атқаруда. Қазақстан Республикасы бұл ұйымдарда тек қатысушы ғана емес, көбіне консенсус қалыптастыруға ықпал ететін медиатор рөлін де атқаруда. Президентіміздің бұл ұйымдар аясында алға тартқан бастамалары өңірде шиеленістер мен дау-жанжалдардың алдын алу дипломатиясына, өзара ынтымақтастықты күшейтуге және саяси сенімді арттыруға негізделіп отыр. Бұл еліміздің көпвекторлы сыртқы саясатымен толық үндесіп, Орталық Азияны тұрақты, болжамды және ынтымақтастыққа бейім аймақ ретінде қалыптастыруға мүмкіндік береді.

- Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азияның көлік жүйесін дамыту жөніндегі кешенді стратегияны әзірлеуге Қазақстанның белсенді қатысуын атап өтті. Экономикалық байланыстарды күшейту, логистикалық тұрақтылық пен көлік өзара байланысын арттыру тұрғысынан бұл бастаманың өңірлік және жаһандық деңгейдегі маңызы неде?

Орталық Азияның көлік жүйесін дамытуға бағытталған стратегия Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлік экономикалық интеграцияны күшейтуге бағытталған саясатының маңызды элементі. Қазақстан Республикасы географиялық орналасуына байланысты ірі транзиттік хаб ретінде Еуразиядағы көлік-логистикалық процестердің орталығына айналуды көздеуде. Мұндай стратегия Орталық Азия аймағында сауданы арттырып, баламалы көлік дәліздері арқылы сыртқы нарықтарға шығу мүмкіндігін кеңейтеді. Ал бұл өз кезегінде еліміздің және аймақ елдерінің тәуелсіздігінің күшеюіне оң әсер етері анық. Бұған қоса логистикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жаһандық жеткізу тізбегіндегі тәуекелдерді азайтып, өңірді халықаралық серіктестер үшін сенімді бағытқа айналдырады. Президентіміз бұл бастама арқылы Қазақстан Республикасының инфрақұрылымдық және транзиттік әлеуетін тиімді іске асыруды мақсат ұстануда. Нәтижесінде өңір елдері арасында экономикалық интеграция тереңдей түседі,Еуразия кеңістігіндегі жаңа көлік архитектурасы қалыптасады, Қазақстанның транзиттік хаб ретіндегі әлеуеті толық іске асады. Түптеп келгенде бұл бастама Президентіміздің ұлттық мүддеге негізделгенпрагматикалық экономикалық дипломатияның айқын көрінісі.

- Украина мәселесі бойынша кең ауқымды диалогты бастау үшін ірі державалардың саяси ерік-жігерінің қажеттілігі туралы Тоқаев жариялаған Қазақстанның ұстанымын қалай бағалайсыз?

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл ұстанымы Қазақстан Республикасының халықаралық қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу принципіне толық сәйкес келеді. Президентіміз Украинадағы дағдарысты шешу үшін ең алдымен ірі державалардың саяси ерік-жігері мен өзара жауапкершілігі қажет екенін атап өтіп, халықаралық қауымдастықты конструктивті диалогқа шақырады. Қазақстан бұл ұстанымы арқылы өзін бейтарап, бірақ диалогты қолдайтынбелсенді актор ретінде танытып, қақтығыстарды тек қана бейбіт жолмен реттеуге бағытталған жаһандық күш-жігердің серіктесі ретінде танытып отыр. Президентіміздің ұсынып отырған ұстанымы қақтығыс салдарын жеңілдетуге және келісімге келудің жаңа мүмкіндіктерін ашуға бағытталып отыр және еліміздің сыртқы саяси тұрақтылығы мен халықаралық беделін күшейтуде.

- ҚР Президентінің БҰҰ жанынан Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі ұсынысына байланысты Азия елдері үшін қандай мүмкіндіктер ашылады? Жалпы, Арал мен Каспий теңіздерін сақтау мәселелерін қоса алғанда, экологиялық күн тәртібін ілгерілетуде Тоқаев басқаратын Қазақстанның рөлі қандай деп ойлайсыз?

БҰҰ жанынан Халықаралық су ұйымын құру туралы Президентіміздің ұсынысы Азия елдеріне трансшекаралық су ресурстарын әділ, қауіпсіз және тұрақты басқарудың жаңа механизмін қалыптастырады. Ұсынылып отырған бұл ұйым су тапшылығы мәселесін өңірлік деңгейден жаһандық күн тәртібіне шығарып, мемлекеттер арасындағы келіссөздерді институционалдық деңгейде нығайтады. Мұндай ұйым аймақ елдері арасындағы су теңгерімін үйлестіруге, дауларды алдын ала болжауға және ортақ стратегия әзірлеуге мүмкіндік береді. Президентіміз Арал мен Каспий мәселелерін көпжақты форматқа шығарып, экологиялық қауіпсіздікті өңірлік емес, жаһандық тақырыпқа айналдыруға күш салып келеді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың экологиялық дипломатиясы климат, су тапшылығы, биоалуантүрлілік және тұрақты даму сияқты бағыттарда өңірлік жауапкершілікті арттырады. Бұл Қазақстанды экологиялық мәселелерді шешуде бастамашыл, әрі беделді мемлекет ретінде танытады. Сонымен бірге ұсынылған ұйым Азиядағы ұзақ мерзімді су қауіпсіздігінің институционалдық негізін қалыптастырады. Бұған қоса Президентіміздің бастамалары климаттық қауіптерді, судың азаюын және экожүйелердің деградациясын өңірлік тұрақтылықпен тікелей байланыстырады. Осы арқылы Қазақстан экологиялық дипломатияны сыртқы саясаттың маңызды құрамдас бөлігіне айналдырып, өңірді тұрақты дамудың жаңа моделіне бағыттайды.Нәтижесінде Қазақстан өңірдегі экологиялық күн тәртібін алға жылжытатын әлемде ықпалды актор ретінде бекем орнығады.

 

Abai.kz

0 пікір