Голда мен Зеленский
«Ақырзаманда» Израильді аман алып қалған Голда Мейрді осы күні біреу білсе, екеу білмейді... Шын мәнінде аңыз адам. Темір адам. Израильдің премьер-министрі болған жалғыз әйел. Израильдің негізін қалаушылардың бірі (1948).
Голда Меир Киевте туған, АҚШ-та есейген. 1969 жылы премьерлікке тағайындалады. Сол кездің өзінде Голда 70 жаста екен. Осылайша ол әлемдік тарихта Индира Ганди мен Сиримво Бандаранаикеден кейінгі үшінші әйел премьер-министр атанған.
«АҚЫРЗАМАН СОҒЫСЫ»
Енді «ақырзаманнан Израильді аман алып қалған» дегенге келейік. Бұл 1973 жылдың оқиғасы. 6 қазанда Мысыр-Сирия коалициясы бір жақта – Синай түбегін, екінші жақта – Голан жотасын бағындыру үшін Израильге қарсы соғыс ашады. Қос бүйірден қысқанда Голда билігі әбден абдырайды. Бұл күтпеген шабуыл еді. Әнуар Садат тізгінін ұстаған Мысыр әскері Суец каналын кешіп өтіп, үш күн бойы алдынан шыққанды аймай тіліп-сойып, Синайға жетеді. Жолында кездескен Израиль әскері талқандалады. Бұл уақта Сирия әскері Голанды алуға барын салады. Алғашқы үш күнде Израиль бақылауындағы жерлерді бағындырады. Кейін Израиль контршабуылға шығып, сириялықтарды соғысқа дейінгі шепке дейін шегіндіреді. Онымен тоқтамай, Дамашықтың төңірегін артиллериямен атқылайды. Мұны көрген Садат әскеріне бұйрық беріп, Синайды алуды, Синайдағы стратегиялық маңызға ие қос өткелді алуды тапсырады. Ал Израиль Мысырдың қос армиясын қиялай кесіп, Суец каналынан ары өтіп кетеді. Сөйтіп, Мысыр армиясын қару-жарақ жеткізілімінен айырады. Жалпы соғыс 25 қазанға дейін жалғасады. Қос тараптан да адам шығыны аз болған жоқ. Израильдің артында АҚШ тұрды. Арабтардың артында КСРО тұрды. АҚШ пен КСРО қос тарапқа қару-жарақ, техника жеткізіп берді. Міне, осы соғыс «Ақырзаман соғысы» деп аталады.
КЕЛІССӨЗ ШЕБЕРІ
Голданың келіссөздері туралы Бар-Зохардың «Моссад» деген кітабында жазылады. Сонда, Голданың құпия операциялардағы рөліне баға берілген. Ал «Голда. Ақырзаман» деген фильм Израильдің әйел премьерінің сол соғыс кезеңінде келіссөз жүргізу шеберлігін сипаттайды.
Киссенжермен қалай сөйлеседі дейсіз? Олар бір-біріне «ханым», «мырза» деп майысып, мәймүңкелеп отырмайды. «Голда, Генри» деп төтелей сөйлеседі. Күн, түн демейді. Ескі таныстар, жақын достар рөлінде келіссөз жүргізеді. Сөйте тұра, мінездерін бұғып-тығып қалмайды. Дүңк-дүңк еткізіп, төтесінен айтады.
Бірде Киссенжер: «Голда, мен ең біріншіден – америкалықпын. Екіншіден – Мемлекеттік хатшымын. Үшіншіден – евреймін», - дейді.
Бұған Голда: «Ал біздің Израильде соңынан басына қарай жазып, оқиды», - деп жауап береді.
Израиль әскері Мысыр мен Сирия әскеріне жойқын жауаптар беріп, толық жеңіске жақын қалғанда АҚШ Израильді бітімге көндіреді. Былайша айтқанда мәжбүрлейді (дәл бүгінгі Украинаға жасалып жатқан мәжбүрлеу дипломатиясын көз алдыңызға келтіреді). Өйткені, ОПЕК елдері қысым жасап, мұнай ағынын тоқтатып, бағаны көтеріп, АҚШ-тың қалтасына соққы жасайды.
Голда сонда досым демейді, қабағын шытып сөйлеп, қатайып тұрып келіссөз жүргізеді. Асад пен Садаттың агрессиялық саясатын айтады, Брежневтің агрессорға қолдауын айтады, Израиль мүддесіндегі шарттарын алдыға қояды. Бірақ, Киссенжердің бетін қайтармайды. 18 сағат уақыт сұрап алады.
Өзін: «Мен солдат емеспін, саясаткермін», - деп сипай қамшылап: «Мен көнгенмен генералдарымды тоқтату қиын», - деп сөйлейді. Ал Киссенжер: «Израильге АҚШ-пен қарым-қатынасын суытып алмау тиімдірек», - деп қысады.
Бұл эпизодттар естеріңізге АҚШ-Украина келіссөздерін келтірмей ме? Иә, келтіреді! Голданың Киссенжермен келіссөздерін Зеленскийдің Трамппен келіссөздерімен параллель қойып қарасаңыз, көзіңіз шарасынан шығардай болады. Голда мен Зеленскийдің өз позицияларын аргументтеуіндегі ұқсастықтар сұмдық.
ЕР ЗЕЛЕНСКИЙ
Енді Зеленскийге өтейік...
Жалпы: «Кез келген келіссөзде бірден келісу немесе бірден «жоқ» деу – жеңіліске әкеледі», - деген сөз бар. Украина президенті Зеленский осы сөзді әрбір әрпіне дейін талдап, меңгермен мықты екен. Ақпандағы Ақ үйдегі айқай-шуда Венс құрған қақпанға бір түсіп көрген Зеленский Голданың автобиографиясымен мұқият танысып шыққанға ұқсайды. Одан бері АҚШ-пен сан мәрте келіссөз өтті. Зеленский Трамппен келіссөз жүргізу стильін әккі, әбжіл меңгерген. Бірнеше мысал:
1) Трамп талап еткен 350 млрд доллардың жырында Зеленский Украина мүддесін қалай қорғап шықты? Оны бүгін жұрт ұмыта бастады. Әйтпесе, бұл сома Украина үшін катастрофалық сома. Осыны нөлге жеткізген Зеленский мен командасы!
2) Табиғи ресурстар бойынша Трамптың қысым-шарттары шын мәнінде Украинаны теспей сору, тонау еді ғой. Украина сұрағанды беріп қоймай, құрылған қор да, табиғи ресурстар да Украина мүддесіне қызмет ететіндей (ортақ игеру) шартқа көндірді.
3) Ең соңғы 28 тармақтық бітім жоспары ше? Анти-украиналық бітімге бірден келісе салған жоқ. 28 тармақтың әрбір сөйлем, әрбір сөзіне шұқшия қарап, біржақты-ресейшіл тармақтарды сызып тастап, 20 тармағын түзеп-күзеп, Украина мүддесіне сәл де болса сәйкестендірді.
Америкалық БАҚ жазып жатыр: АҚШ 6 мәрте бітім шарттарын ұсыныпты, қос тарапқа. Алты жолы да Зеленский АҚШ-қа қарсы шықпаған. «Бітімді де, соғысты тоқтатуды да қолдаймыз», - деп келісіп: «Бірақ өзгертулер мен түзетулер жасаймыз», - деп тұрып алған. Яғни, ашық келісе салмау, ашық қарсы шықпау – Украина мүддесін қорғаудың ең эффективті тәсілі болып тұр.
Ал Ресей ше? Алты ұсынысқа не деп жауап берді? Алты жолы да қабылдаған жоқ...
Бұл жағынан Зеленскийге «бәрекелді» дейміз.
Сөз басындағы, «Израильді ақырзаманнан аман алып қалған» Голда тарихта қалған адам. Зеленский де сөзсіз тарихта қалатын адам...
Abai.kz