Дүйсенбі, 15 Желтоқсан 2025
Әдебиет 141 0 пікір 15 Желтоқсан, 2025 сағат 12:28

Қасиетті, қасіретті Желтоқсан!

Сурет: e-history.kz сайтынан алынды.

Поэма

Булықты, буырқанды сонда қазақ,

Дегендей: « Намысыңды қорға, азамат!

Жүрмегін өз жеріңде өгей жұрттай,

Басыңды салбыратып, болма мазақ!»

 

Бел буды тәуекелге бауыр, балам,

Сілкінді бой түзеген тауым, далам.

Қабағы Алматының түйіліп тұр,

Аспаны көк түтіннен ауырлаған.

 

Осы еді – ұлтымыздың серпілгені,

Жан сырдың жарияланып шертілгені.

Осы еді – бодандыққа қарсы майдан,

Бөрілі байрақтары желпілдеді!

 

Осы еді – адал ұлдың сертіндегі,

Қайратын қалыбына келтіргені.

Жанары жасқа толды Алатаудың,

Сақалы сары аязда селкілдеді…

 

2

 

Қайран ел, қарап тұрсаң не көрмеді?!

Өшуге жақындады көне өрнегі!

Серке деп сеніп келген компартия,

Тағдырын талайлардың көгендеді.

 

Аруағы иықтының төмендеді,

Айламен алыстатты сенен мені.

Құрдымның құдығынан жатты шықпай,

Мағжанның  жарқыраған өлеңдері.

 

Асылдар құнсызданып  күлде қалды,

Тарихтың тараулары бұрмаланды.

Дәстүрді күлкі ететін күндер туып,

Алаштың шежіресі жұлмаланды.

 

Шайқалды небір қара шаңырағым,

Болмыстың табиғатын танымадың!

Шындықтың кірпіктерін бояғанда,

Шыдамай солқылдады жаным, арым!

 

3

 

Қалай мен тыныш тұрам сыр ақтармай!?

(Сөресі еркіндіктің жырақ қандай!)

Барыңды тәркіледі барымталап,

Жұтады ел қорасында тұяқ қалмай.

 

Бір үзім нан таба алмай қыбырладың,

Санады «жалқаулықққа» мұның бәрін.

Уралап жатқан анау  ұлықтарға,

Көк тиын  еді сенің қырылғаның!

 

Қылышың майырылып жиі өтпеді,

Күйзеліп кімдер соны күй етпеді?!

Шашылды Алматының көшесінде,

Езеуреп өлгендердің сүйектері!..

 

Желіккен жендеттері жымың қақты,

Иттерін күні-түні ырылдатты.

Жолына қайраткердің қақпан құрып,

Желауыз өсекшіні сыбырлатты.

 

Жүрексіз жағымпазды шыбындатты,

Қырмызы қызыңды атты, ұлыңды атты.

Тірідей ақындардың тілін кесіп,

Аққудай Сәкеніңді шырылдатты!…

 

4

 

Білмедім – таным аз ба, ұғым кем бе?

Суыдың тіліңнен де, дініңнен де.

Қосылып әлдекімге қарап тұрдың,

Тізесі қара нардың бүгілгенде.

 

Өзегін жалғаймын деп түбірлерге,

Жау болдық жанұшырып жүгіргенге.

Қызыл ту, қызыл бояу – таптық сана,

Қызыл сөз есіп тұрды үнімнен де.

 

Атоммен уланса да аспанымыз,

Жазылды «Жасасын!» деп дастанымыз.

Суалды өзен тұрмақ, дариялар,

Шыдамай уатылды тастарымыз.

 

Соқамен сойқандалды жайлауымыз,

Үзіліп кете берді байлауымыз.

Қазаққа  «коммунизм» қайдан келсін,

Жетпеді қашан да бір қайнауымыз!

 

Әйелі күйеуімен жағаласты,

Теңдікке теңеп оны қара басты.

Желгірлер, жезөкшелер, опасыздар,

Жетімнің сыбағасын ала қашты.

 

Алдынан атасының келін кешті,

Имену «жаңашылға» көрінді ескі.

Ұйыққан бозөкпелер автобуста,

Ұялмай өліп-өшіп «желімдесті».

 

Әуенді ұмыттырды сазы мұңлы,

Азайды боталарым көзі нұрлы.

Жоғалтып алғандаймын ат байлайтын,

Аталар ұштап берген қазығымды.

 

5

 

Риза болу міндет барлығына :

Қаулыға, орталықтың жарлығына.

Қуанған сияқтанып көнетінбіз,

Білегі жуандардың зорлығына.

 

Риза болу міндет – қой баққанға,

Бәрін бер – майың бар ма, қаймақ бар ма?!

Риза болу міндет – «сөлкебайға»,

Мәскеуге бір апарып «тойлатқанға».

 

Күпіндік жарлы болсақ, жарымасақ,

Байлықтың қасиетін танымасақ.

Қуықтай үйде отырды ардақты ана,

Мінбеде тұрғандардың бәрі де шат.

 

Қол соққан қартқа қара, жасқа қара,

Ағайын, туыс, жекжат, досқа қара!

Сарымен бояп алған шашқа қара,

Оны ешкім санамайды масқараға!

 

6

 

Өкініш!.. Өкініштер таусылмайды,

Қалайша  уайым жұтып ер сынбайды?!

Ақ дедік қап-қараны көріп тұрып,

Демесең ит – өмірің  арсылдайды.

 

Сәлдені лақтыруға міндеттісің,

Кезекте көп тұруға міндеттісің.

Тұтасты  үшке бөліп қиқым етіп,

Пәкене топ құруға міндеттісің.

 

Серіні жоқ қылуға міндеттісің,

Бұл өзі сол кездегі  «құрметті» ісің.

Құлағың тікірейіп сыбыс аңдып,

Ерекше «сақ» тұруға міндеттісің...

 

7

 

Осыған  ыза болды жас қазағым,

Шырқады азаттықтың асқақ әнін!

Кеудемен – қару емес, тек кеудемен,

Қозғамақ меңіреудің тас қамалын.

 

Қайтейін, қалмады ғой басқа амалың!

Ендеше сын сағатта саспа, дарын!

Алаңға  келіп тұрсың, сеніп тұрсың

Назарын аударам деп астананың.

 

Қазақтың гүл секілді қыздарын-ай!

Жаратқан көрік берді бізге мұндай.

Жайнайды мөлдіреген қара көздер,

Ақша бет жаңа жауған түз қарындай!

 

Күн күлсе – қабағында,  жүздерінде – ай!

Ол үшін жану керек, қызғану жай!

Ал мынау қызыл қоғам  сұрланады,

Сұп-суық желтоқсанның ызғарындай.

 

Жас қазақ жасқанбады ашық жүрді,

Шуағын жан-жағына шашып жүрді!

... Азуын қышырлатқан қожайынның,

Бойына алабөтен ашу кірді.

 

Күтпеді күркіреген тосын жырды,

Еркіндік іздегені шошындырды!

Тек қана менікі жөн деп үйренген,

Бастардың қара қанын тасындырды!

 

8

 

Ешқашан ескермеді мұратыңды,

Сондықтан балағаттап жүр атыңды.

... Сарбаздар сауыт киіп неге келді?!

Шынымен шығармақ па сұрапылды?!

 

О, сұмдық!  Кім бұйырды?!..  Кім ақырды?!

Арудың бас сүйегі уатылды!

Жасыру мүмкін емес бұл көріністі,

Шырқырап уақыт дейтін куә тұрды.

 

Таптады тағалылар қызғалдақты,

Тас құшып қансыраған қыздар жатты!

Түбінде әзірейіл жанарлардың,

Жыланның ысылындай ызғар жатты!

 

Шегедей шеңгелдері мұздан қатты,

Сындырды бұтақтарды, бұзған бақты!

Көздеді жастық шақтың көкірегін,

Сол оқпен бұдан кейін біздерді атты!

 

Дүние дүлейліктің түріне енді,

Аруағы алты алаштың күңіренді.

Кеспекші тамырыңды қанжарымен,

Араша! Араша түс! Жүгір енді!

 

Қырғынды қызы көрді, ұлы көрді,

Бола ма қара бақыр құның енді?!

Тұр әне, ажал шашқан қызыл мінбер

Не пәле айналдырды бүгін елді?!

 

Бауырым қайт райдан! Таста алаңды!

Азулы төбеттерге  жас таланды!

Қаланы қалтыратып келген үрей,

Үйлердің терезесін жасқа малды!

 

Сенді олар, сеніп еді-ау!.. Босқа барды!..

Таяқпен бетіңе ұрды, шаштан алды!

…Сүйеші қолтығынан Алматының,

Жұбатшы жылап тұрған астанаңды!

 

9

 

Сол шеру…  соры қайнап таратылды,

Салмағы сансыратты сан ақылды.

Тағы да самғап ұшып кетпесін деп,

Қайырып байлап қойды  қанатыңды.

 

Дүрлігіп барды дағы...  қала тынды,

Шарлады қара мысық қара түнді.

Қазақтың  жүрегінде жара тұрды,

Қазақтың желкесінде жала тұрды!

 

Жануын жанған еді...  шоқтанбады!

Аңсаған армандары ақталмады.

Бірдейміз деген сөздер жалған екен,

Теңдіктің ережесі сақталмады.

 

Санаушы ек өзімізді іргелі елге,

Сол үміт айшықталып жүрді өлеңде.

Кімнің кім екендігі көрінді анық,

Пікірі тоғыспайтын дүрбелеңде.

 

Мықтылар ие болған жүлделерге,

Тұқиып қарап қалды мүлде жерге.

Он сегіз, он тоғызды қуып ұстап,

Шетінен қамап жатты түрмелерге!

 

10

 

Тергелді,.. тексерілді,..  жауапталды,

Жазалау бір біріне сабақталды.

«Қазақпын» дегені үшін қазақтардың,

Құжаты қайта-қайта парақталды.

 

Былғады «Құйын»  соғып және ақ қарды,

Баспасөз құйқылжытты сан ақпарды.

Қазақтың аяғынан қазақ шалса,

Алатау күреңітіп қарап қалды.

 

Жауызға бәрі сылтау бола кетті,

Қорқақтар  атасын да талақ етті.

Иіліп иілгіштер күштілерге,

Қыңсылап саусағынан жалап, өпті.

 

Бастады бастағыштар әлеметті,

Желтоқсан оқиғасын дәлел етті.

Өлшедік ұлтымызды пайызға сап,

Кім екен «заңдастырған» сол әдетті?!

 

Жас қазақ шынын айтып шырылдады,

Жағыртты жердің бетін үні, ырғағы.

Биліктің зәресі ұшты неге олардан?!

Өмірін Қайраттардың кім ұрлады?!

 

Айдалды сахараның құлындары,

Үзілді кейбірінің жұлындары!

Қазаққа көңіл айту былай тұрсын,

Мойыны орталықтың бұрылмады!

 

11

 

О, жастық! Ешкім сені жеңе алмайды!

Сендермен өшіккендер тек оңбайды.

Хақың бар шыдауға да, сынауға да,

Қараулық иектеген қоғам жайлы.

 

Қарадың салыстырып нелер жайды,

Адамдар – адамдарды неге алдайды?!

Балғын ой,  былғанбаған  балғын сезім,

Өмірдің сұмдығына сене алмайды!

 

Сондықтан ғазауатқа шақырды үнің,

Оянды  қанға біткен батырлығың!

…Желтоқсан қасіретті, қасиетті,

Шарлады аңыз болып атың бүгін!

 

О, менің  қырандарым, қыршындарым!

Әлемді сүйіндірді шын сырларың!

Ел үшін шейіт болған ер ұландар,

Төрінде Жұмақтың жүрсін жаның!

 

Ажалдың алдында да бір сынбадың!

Намыстың қанжарымдай қылшылдадың!

Қараймын сағынышпен сендер жаққа,

Мәңгілік алау  болып тұрсың бәрің!

 

Самғайсың  ғасырдан да, жылдан да әрі,

Туады әлі талай жыр жолдары!

Тербеліп жатқандайсың ақ бесікте,

Күнәсіз Желтоқсанның құрбандары!

Батық Мәжитұлы

Abai.kz

0 пікір