Жұма, 19 Желтоқсан 2025
Билік 206 0 пікір 19 Желтоқсан, 2025 сағат 14:16

Қазақстан мен Жапония: Алыстағы көрші, жақындағы дос!

Суреттер: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған делегацияның Күншығыселіне сапары жалғасуда.

Кеше Жапония Премьер-министрінің офисінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Құрмет қарауылы сап түзеп, қос елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт бергеннен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Санаэ Такаичи бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Мемлекет басшысы Жапонияның Премьер-министрі Санаэ Такаичимен келіссөз жүргізді. Президент Қазақстан делегациясына қонақжайлық көрсеткен Санаэ Такаичиге ризашылығын білдірді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ:

– Бұл сапар, шын мәнінде, екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңі. Біз Жапонияны әрқашан Азиядағы уақыт тезінен өткен сенімді серіктесіміз деп санаймыз. Бүгінгі Жапония – ғасырлар бойы қалыптасқан даналық пен бірегей дәстүрді заманауи инновациямен үйлесімді жарастырған, дамыған мемлекет. Сіздің парасатты әрі мықты басшылығыңызбен еліңіздің халықаралық аренадағы рөлін одан әрі нығайтатын ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр.

Біз Жапонияны алыстағы көршіміз, дегенмен жақын әрі сенімді досымыз деп жиі айтамыз. Өзара байланыстарымыздың тарихы тереңде. Бұған дейін Сіздің еліңізге төрт рет келген едім. Бұл – менің Президент ретіндегі алғашқы сапарым. Қазақ-жапон қарым-қатынасының берік институционалдық негізі қалыптасқан.

Өзіңіз айтқандай, 2004 жылы Жапонияның сол кездегі Сыртқы істер министрі Кавагучи ханыммен бірге «Орталық Азия + Жапония» форматына бастамашы болдық. Сыртқы істер министрлері деңгейіндегі алғашқы кездесу Астанада өтті. Бүгінде мұндай кездесулердің кеңінен танылғаны соншалық, ірі мемлекеттердің көбі «Орталық Азия плюс» платформасын құптайды. Бірақ Жапония бұл диалог алаңының алғашқы бастамашысы және негізін қалаушы болып қала береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жапония Премьер-министрі Қазақстан Президентінің ресми сапары екі елдің өзара тиімді ынтымақтастығына тың серпін беретініне сенім білдірді.

САНАЭ ТАКАИЧИ:

– Сізбен жүздескеніме қуаныштымын. Осыдан 21 жыл бұрын Сыртқы істер министрлерінің «Орталық Азия + Жапония» форматындағы алғашқы жиыны өткен еді. Оған Өзіңіз төрағалық еттіңіз. Бүгін, міне, «Орталық Азия + Жапония» форматындағы мемлекет басшыларының кездесуіне Президент лауазымында қатысқалы отырсыз. Қазақстанды заң үстемдігіне негізделген еркін әрі ашық әлемдік тәртіпті нығайту ісінде стратегиялық серіктес ретінде қарастырамыз. Өзара тиімді қарым-қатынасты одан әрі дамыту үшін Сізбен тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға ниеттіміз, – деді Санаэ Такаичи.

Келіссөздер барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты байланыстарды дамыту перспективасы егжей-тегжейлі талқыланды.

Келіссөз қорытындысы бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Премьер-министр Санаэ Такаичи Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Екі елдің ресми делегация мүшелері 14 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойды.

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІ ХИРОШИ МИКИТАНИМЕН КЕЗДЕСТІ

Жапониядағы ресми сапары аясында Қазақстан Президенті Rakuten Group компаниясының негізін қалаушы, басқарма төрағасы және бас директоры Хироши Микитанимен кездесті.

Мемлекет басшысы Rakuten тобының әлемдегі ең озық жаһандық цифрлық экожүйе қалыптастыруда қол жеткізген жетістіктерін жоғары бағалады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, технологиялық даму мен цифрлық трансформацияның жаңа кезеңіне қадам басқан Қазақстан компания тәжірибесіне зор қызығушылық танытады.

Президент елімізде алғаш рет жасанды интеллект туралы заң қабылданып, бірінші ұлттық суперкомпьютер іске қосылғанын, электрондық үкімет қызметі мен цифрлық экожүйе жетілдіріліп жатқанын жеткізді. Осы орайда Мемлекет басшысы Rakuten компаниясының Қазақстандағы қызмет аясын кеңейту, сондай-ақ Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен тығыз қарым-қатынас орнату ниетін құптады. Атап айтқанда, еліміз компанияның қатерлі ісік ауруларын емдеуге арналған биотехнология саласындағы әзірлемелеріне қызығушылық танытады.

Хироши Микитани Қасым-Жомарт Тоқаевқа компания жұмысына оң баға бергені үшін алғыс айтып, Қазақстан Президентімен кездесу зор мәртебе екеніне тоқталды. Ол елімізде цифрлық бастамаларды дамытудың жоғары қарқынын атап өтіп, оларды жүзеге асыру үшін ауқымды инвестиция тартылғанына назар аударды.

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

ТОКИО ГУБЕРНАТОРЫ ЮРИКО КОИКЭМЕН КЕЗДЕСТІ

Мемлекет басшысы Токио губернаторы Юрико Коикэмен кездесу өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Юрико Коикэ цифрландыру, Smart city технологияларын және қаланы орнықты дамыту, жасанды интеллект, шаһарды басқару ісіне инновациялық шешімдерді енгізу салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Сонымен қатар мегаполистердің тұрғындары мен қонақтары үшін анағұрлым жайлы, экологиялық тұрғыдан таза, қауіпсіз және инклюзивті орта қалыптастыру жайын қарастырды.

Мемлекет басшысы қаланы басқару ісіне жасанды интеллектіні енгізу бойынша екі ел астаналары арасындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор екеніне тоқталды.Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаевқа Токио қаласының Smart city тұжырымдамасы таныстырылды. Жоба халықтың тұрмыс сапасын жақсартуды, шаһарды басқару тиімділігін арттыруды және орнықты даму үшін озық технологияларды пайдалануды көздейді.

Қазақстан мен Жапония астаналарының басшылары өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ҺӘМ ЖАПОН ТӘЖІРБИЕСІ

Президент Токионың Төтенше жағдайлар жөніндегі ахуалдық орталығын аралап көрді. Бұл азаматтық қорғаныс пен қаладағы қауіп-қатерлердің алдын алудың негізгі жүйесі саналады.

Орталықтың басты міндеті – қаладағы ахуалға ұдайы мониторинг жүргізу, төтенше жағдай кезінде билік органдарының іс-әрекетін үйлестіру, ықтимал қатер мен орын алған апаттар (жер сілкінісі, тайфун, су тасқыны, ірі техногендік апаттар, лаңкестік актілер) туралы ақпараттарды талдау. БАҚ пен әлеуметтік желілердегі жалған ақпараттың таралуына қарсы іс-қимылға баса көңіл бөлінеді. Бұл жұмыспен тәулік бойы мониторинг жүргізетін арнайы бөлімше шұғылданады.

Ал күнделікті өмірде кешен дағдарыс жағдайларын басқару жүйелерін жоспарлау және жетілдіру, азаматтық қорғаныстың өңірлік жоспарын әзірлеу, оқу-жаттығу жиындарын дайындау және өткізу, халықты құлақтандыруға, апаттардың салдарын жоюға арналған ақпараттық жүйелерді дамыту ісімен айналысады.

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ШИНГО УЭНОНЫ ҚАБЫЛДАДЫ

Қасым-Жомарт Тоқаев Токиода Жапонияның ірі және ықпалды сауда-инвестициялық корпорацияларының бірі саналатын Sumitomo жетекшісімен кездесті.

Қазақстан Президенті еліміз Sumitomo корпорациясының орнықты даму мен бизнестің жауапкершілігін арттыруға бейілдігін жоғары бағалайтынын, сондай-ақ компанияны ұзақ мерзімді серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті.

Шинго Уэно Мемлекет басшысына «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясымен бірлескен жобаны іске асыру жайында мәлімет берді. Аталған жоба ядролық медицина саласында уран өнімдерінен ем-шараға қолдануға арналған радий изотоптар алудың ғылыми-негіздемелік әдістерін әзірлеуді қарастырады.

Кездесуде көлік-логистика, энергетика, атом өнеркәсібі, металлургия және геологиялық барлау салаларында бірлескен инвестициялық бастамаларды жүзеге асыру перспективасы талқыланды.

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ИЧИРО ТАКАХАРУДЫ ҚАБЫЛДАДЫ

Мемлекет басшысы Жапония металл және энергетикалық қауіпсіздік жөніндегі ұйымының (JOGMEC) төрағасы Ичиро Такахаруды қабылдады. Кездесуде геологиялық барлау, аса маңызды минералдарды өндіру және өңдеу, сондай-ақ табиғи ресурстарды орнықты басқару бағыттарындағы ынтымақтастық перспективасы талқыланды.

Мемлекет басшысы JOGMEC компаниясының Қазақстанда жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып отырғанын жоғары бағалады.

Сонымен қатар әңгімелесу барысында ұйымның еліміздегі геологиялық барлау жобаларына қатысу және өкілдік ашу мүмкіндіктері қарастырылды. Президенттің пікірінше, бұл бірлескен жобаларды тиімді үйлестіруге, сондай-ақ Жапонияның өндірістік және технологиялық компанияларының Қазақстан нарығына көптеп келуіне ықпал етеді.

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІ ТАЦУО ЯСУНАГАНЫ ҚАБЫЛДАДЫ

Қазақстан Президенті Mitsui компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Тацуо Ясунагамен кездесті. Президент Қазақстандағы белсенді қызметі және Жапониямен экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін Mitsui басшылығына ризашылығын білдірді.Қазіргі уақытта кәсіпорын халықаралық жеткізу тізбегін қалыптастыруда, инфрақұрылымды дамытуда, энергетика мен өнеркәсіп салаларын өрістетуде маңызды рөл атқарады.

Мемлекет басшысы Қазақстан экономиканың негізгі секторларында Mitsui компаниясының қызмет аясын кеңейтуге ниетті екенін жеткізді. Атап айтқанда, компанияның Астанада күрделі жөндеу және құрал-жабдықтарды қайта қалпына келтіру бойынша өндірістік кешен құрылысына қатысу жоспарын мақұлдады.

Сондай-ақ өзара қызығушылық танытқан салалар қатарында аса маңызды минералдар, көлік-логистика, табиғи апаттардың алдын алуға арналған технологияны енгізу бағыттары бар.

Қазақстан Президентінің Токиоға сапары аясында Mitsui компаниясымен бірқатар бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөнінде меморандумға қол қою жоспарланған.

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ХИРОЮКИ ОГАВАНЫ ҚАБЫЛДАДЫ

Қасым-Жомарт Тоқаев Komatsu компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Хироюки Огаваны қабылдады. Кездесуде Мемлекет басшысы Komatsu компаниясы еліміздің тау-кен инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосып келе жатқан сенімді әрі уақыт тезінен өткен серіктесі саналатынын атап өтті.

Президент компанияның Астана қаласында техникаларды күрделі жөндеуге және қайта қалпына келтіруге арналған өндірістік кешен салу туралы шешімін құптады.

Хироюки Огава стратегиялық тұрғыдан маңызды нарық саналатын Орталық Азияның әлеуеті жоғары, мүмкіндігі мол екеніне тоқталды. Ол жаңа кешеннің аймақтағы тау-кен компанияларының техникаларын аз уақыт ішінде төмен бағада жөндейтін әрі оларға жедел сервистік қызмет көрсететін өңірдегі ірі хабқа айналатынын мәлімдеді.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан өндірісті локализациялауға, елдер арасындағы өнеркәсіптік ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін озық технологиялар алуға ниетті. Кездесу барысында маман даярлау мәселесіне баса мән берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Komatsu компаниясының елімізде операторларға, механиктер мен инженерлерге арналған аймақтық оқыту орталығын ашу туралы бастамасына қолдау білдірді. Сондай-ақ бұл жобаның адами капиталды дамытуға, өнеркәсіптік серіктестікті тереңдетуге зор үлес қосатынын айтты.

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ МАСАФУМИ СЭНЗАКИДІ ҚАБЫЛДАДЫ

Қасым-Жомарт Тоқаев Hitachi Construction Machinery компаниясының президенті Масафуми Сэнзакиді қабылдады. Кездесу барысында қазақстандық тау-кен кәсіпорындарының жапондық компаниямен ынтымақтастығын кеңейту перспективасы қаралды.

Мемлекет басшысы Hitachi Construction Machinery компаниясының өңірдегі басты серіктесі саналатын Қазақстан өзара тиімді байланыстарды тереңдетуге дайын екенін атап өтті. Президенттің пікірінше, алдағы уақытта кен орындарының қажеттілігі үшін өндіріс локализациясы мен құрал-жабдықтарды жөндеу ісіне басымдық беру маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру, «жасыл» технологияларды енгізу және дербес көлік жүйесі бірлескен жұмыстың перспективті бағыттары бола алады деп санайды.

Масафуми Сэнзакидің айтуынша, компанияның басты мақсаты – жаһандық деңгейдегі, сонымен бірге Қазақстандағы жобаларды жүзеге асыру аясында жоғары технологиялы, төмен көміртекті, қауіпсіз шешімдер әзірлеу әрі оны өндірісте қолдану.

Abai.kz

0 пікір