Бұғаттағы Ресей ақшасы – соғыстың құны!
Әлгінде Украина президенті Владимир Зеленский Брюссельге барған күні Еуропаның жүрегінде дауыл тұрды. Еуропалық кеңес жиыны ұзақ уақыт бойы талқыланып келген, бірақ ешкім батыл айта алмаған бір мәселені күн тәртібіне шығарды. Ол — Еуропада бұғатталған ресей активтерін Украинаға беру мәселесі.
Бұл ақша – Ресейдің бұғатталған активі ғана емес, әділеттіліктің, соғыстың, құрбандықтың құны. Зеленский сөзін қысқа қайырды: «Есірткі саудагерлерінен ақша қалай тәркіленсе және террористерден қару қалай алынса, Ресей активтерін де солай тәркілеп, агрессиядан қорғау үшін пайдалану керек», - деді. Оның айтуынша, бұл шешім адамгершілікке де, заңға да сәйкес келеді.
Гәп: Ресейдің Еуропада бұғатталып жатқан 200 миллиард еуродан астам қаржысы туралы болып отыр. Оны Украинаға бөліп-бөліп беру бойынша Еуропада бірауыздылық жоқ.
Қарсы шығып отырғандар - Бельгия. Ресей активтерінің ең көп бөлігі (190 млрд еуро) сонда сақтаулы. Сосын Венгрия мен Словакия (бұлар о бастан про-ресейшіл ұстанымда). Енді бұл қатарға Италия қосылды (АҚШ-тың бұрмалауымен позициясын өзгертті).
Егер Еуропа бүгін шешім қабылдамаса, ертең Ресейде үміт туады: Тағы соғысады, тағы күйретеді, тағы да күтеді — сосын ақшасын қайтып алады. Зеленский осылай деді.
Факті: Ресей Украина мен Еуропаны күйретемін деді — күйрете алмады. Еуропа ресейлік газ бопсасын еңсерді, қорғаныс өнеркәсібін жандандырды, әскери қолдауды тоқтатпады. Ресей Еуропа АҚШ-пен байланысы үзіледі деп сенді — байланыс күшейді.
Еуропа Ресейден қорқып отырмауы керек. Ресейдің сот процестері, дипломатиялық қысымдары, саяси арандатулары көп. Бірақ Зеленский: «Украина Еуропаны қорғап тұрған кезде, оған көмектесу керек», - деп кесіп айтты. Бұл — өтініш емес, ескерту. Егер Украина әлсіресе, Ресей еш ойланбастан ЕО шекарасына көз тігеді. Бірінші нысан - Польша болуы мүмкін.
Зеленскийдің айтқандары:
БІРІНШІ - Украина армиясы туралы: Украинаға сапалы, толық жасақталған, заманауи қарулы күш қажет!
ЕКІНШІ - Қауіпсіздік кепілдігі туралы: Америкалық қауіпсіздік кепілдіктері туралы келіссөздер жүріп жатыр. Бірақ АҚШ-тан ең маңызды сұраққа — «егер Ресей тағы шабуыл жасаса не істейсіздер?» — нақты жауап жоқ. АҚШ НАТО-ның 5-ші бабына ұқсас кепілдікті Конгресс арқылы заңдастырып беруге мақұл. Бірақ, түпкілікті шешім әлі жоқ!
ҮШІНШІ - Еуропа бітімгерлері туралы: Бұл Украина берілетін Еуропаның қауіпсіздік кепілдігі. Бұл - Еуропа Украинаның орнына соғысады дегенді білдірмейді, керісінше жаңа агрессияға жол бермеудің ең тиімді факторы. Егер бір ғана еуропалық тудың өзі Украинада тұрса — Ресей екі рет ойлануға мәжбүр болады!
ТӨРТІНШІ - Қаржылай қолдау туралы: Егер ЕО қазір шешім қабылдамаса, Украинада дрон өндірісі бірнеше есе қысқарады. Бұл — майданда технологиялық артықшылық жоғалады деген сөз.
Қаржылай қолдау мәселесі – Украина үшін тағдыршешті мәселелердің бірі. Егер қолдау болмаса, ел бюджеті 45–50 млрд еуро тапшылыққа тап болады. Бұл — толық күйреуге жақын сызық. Шешім қабылданса — Украина қорғанады, Еуропа тынышталады, Путиннің үміті үзіледі. Шешім кешеуілдесе — Еуропаның өзі соғыс шегіне жақындайды. Өйткені бұл соғыста Украина ғана емес, Еуропа да өз болашағын қорғап жатыр.
Түйін: Енді сөз — Еуропада. Украина өз сөзін айтты. Енді таңдау жасалуы тиіс. Сәйкесінше Еуропа таңдауын жасады. ЕО Украинаға 90 млрд еуро көмек беретін болды. Бірақ ол үшін Ресейдің бұғатталған активтері қолданылмайды. Бұл қаражат ЕО бюджетімен қамтамасыз етілген қарыз ретінде беріледі.
Abai.kz