Сәрсенбі, 24 Желтоқсан 2025
Жаңалықтар 144 0 пікір 24 Желтоқсан, 2025 сағат 13:21

ҰЭМ миллиардтаған қаржыны қайда жұмсап отыр?

Сурет: aikyn.kz сайтынан алынды.

Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мүтәлі Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге мемлекеттік қаржының нақты нәтиже бермейтін бағдарламаларға жұмсалу себебі, оған кім жауап беретіні, сондай-ақ қаражатты шын мәнінде мұқтаж кәсіпкерлерге бағыттау шаралары туралы депутаттық сауал жолдады.

Біз аталған депутаттық сауалды оқырман назарына ұсынамыз...

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті әріптестер, Жоғары аудиторлық палатаның жүргізген аудиті мына бір маңызды жүйелік мәселені анық көрсетті: бизнесті қолдауға арналған мемлекеттік шаралардың қомақты бөлігі нақты экономикалық нәтиже бермей отыр, соған қарамастан олар іске асырылуын жалғастыруда.

2019–2024 жылдар аралығында кәсіпкерлікті қолдауға шамамен 4,5 трлн теңге бөлінген. Алайда кәсіпкерлердің 80 пайыздан астамы бұл қолдаудың нақты жақсару әкелгенін байқамаған, 66 пайызы қаржылық емес қолдау шаралары туралы мүлде хабарсыз болған. Ал экономиканың құрылымындағы орта бизнестің үлесі әлі де 6–7 пайыз деңгейінде қалып отыр.

Ұлттық экономика министрлігі мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасындағы өзара жұмыс тиімсіз болып отыр. Соның салдарынан миллиардтаған бюджет қаражаты кәсіпкерлерге нақты пайда әкелмей, қағаз жүзіндегі есеппен ғана шектелуде.

2024 жылға арналған «Іскер аймақ» бағдарламасы бойынша 93,5 млрд теңге бөлінгенімен, оның 60 пайыздан астамы бес ірі қалаға бағытталып, шағын және шалғай аудандар қолдаусыз қалды.

Қалыптасқан жағдай жүйедегі теңсіздікті айқын көрсетіп отыр: негізгі қолдау ірі қалаларға бағытталып, шағын қалалар мен елді мекендер іс жүзінде назардан тыс қалып отыр. Қомақты бюджет қаражаты бөлінгеніне қарамастан, кәсіпкерлер қолдау шараларының қолжетімділігі мен тиімділігі төмен екенін айтып отыр.

Сұрақ: Ұлттық экономика министрлігі мен «Атамекен» неге миллиардтаған қаржыны нақты нәтиже бермейтін формалды бағдарламаларға жұмсап отыр? Бұл үшін кім жауап береді және мемлекеттік қолдау елдің барлық өңіріндегі кәсіпкерлерге шын мәнінде жетуі үшін қандай нақты шаралар қабылданады?

Әбутәліп Мүтәлі

Abai.kz

0 пікір