Ниет түзу болса – алынбайтын қамал жоқ...
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне көлемді сұхбат беріп, елдің ішкі‑cыртқы саясатына, экономикалық жағдайына қатысты маңызды мәселелерге тоқталды. Енді соның бірқатарна өз пікірімізді білдіруді жөн көрдік.
«Оқу мәдениеті жоғары елдер әрдайым жаһандық дамудың алғы шебінде бола беретіні сөзсіз. Бұған еш күмәнім жоқ».
Президент осы заманның тамыр соғысын дөп танып отыр. Қазіргі заман – ғылым мен білімнің алға шыққан кезі. Сондықтан да, елімізде жаппай білім құндылығын жас кезден қалыптастыру мәселесі ‑ өзекті мәселелер қатарында тұр десек болады. Осыдан бірнеше жыл бұрын мен Философия факультетінде сабақ бердім, дәрістер оқыдым. Көп жағдайда «философия ілімі» ең алдымен адамнан «энциклопедиялық білімді» талап ететіні белгілі. Өйткені, шексіз әлемнің универсалды байланысы туралы сөз болғанда, адамда оның «әр бөлшегі» туралы жеткілікті білім болуы тиіс. Ол болмаса, адам дүние туралы тұтас философиялық ілімге қол жеткізе алмайды. Байқағаным, қазіргі жастарда дәл осы «энциклопедиялық білімнің» ақсап жататыны болды. Нәтижесінде, олар көптеген қарапайым нәрсенің байыбына бара алмай, оны меңгергенше қиналатын. Табиғаттың даму заңдарын, олардың өзара байланысын, оның қоғамдық деңгейдегі трансформациясын ұға алмағандықтан, студенттерге осының бәрін тәпіштеп қайта түсіндіріп жатамыз... Ал, негізінде, бұл білім олардың санасында мектептен қалыптасуы тиіс болатын. Бірақ, мектеп оны қалыптастыра алмаған... Себебін, қазіргі замандағы «кітап оқымайтын, газет оқымайтын ұрпақ қалыптасты» деген сөзбен түсіндіруге болатын сыңайлы...
Ендеше, бүгінгі заманда біз «оқу мәдениетін қалыптастыру жолдары» атты мәселені «мемлекеттік деңгейдегі мәселе» деп қарастырып, оны шешуге қоғамның барлық интеллектуалды қуатын жұмылдыруымыз қажет пе деймін. Өйткені, табиғи және ресурстық мүкіндігіне сай қарқынды даму бағытына бет алған бүгінгі Қазақстан «дамыған оқу мәдениетін» қалыптастырмайынша – біз интеллектуалды тұрғыдан, кадр дайындау жағынан «импортқа» тәуелді болып қалуымыз әбден мүмкін. Президент те осыны астарлы түрде айтып отыр деп ойлаймын.
«Салық төлеу мәдениеті қоғамның сана-сезімімен өлшенеді: салық төлеу бұрын міндет болса, енді отаншылдықтың озық үлгісіне айналады»
Әрине, әрбір салық төлеуші азамат өз төлемін төлерде үнемі де «Теңіз тамшыдан құралады» деген қазақ мақалын еске алып отырса, онда ол өзінің төлеген салығын «Отан қуатына қосылған тамшы» деп бағалап, өзі де ерекше отаншыл сезім құшағында болар еді. Өкінішке орай, көп жағдайда салық төлемін өндірушілер оны басқаша – тек «міндет» деп түсіндіреді. Салықты мемлекетшілдік ұғыммен жалғастырмайды. Көпшілік те оны тек «міндет» деп санағандықтан – оған деген атүсті қатынас қалыптасады. Ендеше, бізге жаңа салық заңымен бірге, оған деген қоғамдық көзқарасты мәдениетті‑өркениетті бағытқа бұру талабы қатар тұр деп қорытындылауға болады. Бірақ, бұл үрдіс «бюджет мәдениетін» қалыптастырумен қатар жүруі тиіс. Болмаса еш нәтиже бермейді. Өйткені, «тамшыдан құралған теңіз» бекер ысырап болып, не, қолды болып жатса – оның отаншылдық сезімге үлкен соққы болып тиетіні анық!
«Қалалар мен ауылдардағы инфрақұрылым тозды, энергетика нысандары мен коммуналдық желілер әбден ескірді».
Бұған жылдар бойы назар аударылмай келгені рас. Ашып айтпасақ та, оның себептері белгілі. Сондықтан болар, президент өз сұхбатында «Соған қарамастан, біздің үкіметтеріміз «авгийдің атқорасын» тазалауға асыққан жоқ. Себебі, мұндай күрделі жұмыс ешкімге жақсы атақ әкелмес еді. Ең дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосылу сияқты «керемет» бағдарламалар әзірлеп, оның «табысты» орындалғаны туралы баяндау әлдеқайда жеңіл болатын. Шындықты жасырып, бір сәттік алдамшы жетістіктерге ұмтылу ақырында мемлекетіміз үшін тым қымбатқа түсті» деп шындықты ашты.
Одан әрі президент тағы бір «шындықты» айтты: «Шынымды айтайын, жеке абыройымды ойласам, мен де бұл жұмысты келесі басшылыққа ысыра салар едім. Бірақ, халықтың көзі үйренген таптаурын түсініктерге қайшы келсе де, мен үшін қағаз жүзінде емес, іс жүзінде нақты нәтижеге қол жеткізу бәрінен де маңызды» деп, өзінің мемлекетке деген, халыққа деген ықылысын жеткізеді... Иә, халқымыз «ниет түзу болсын» деп бекер айтпаған ғой.
Міне, бүгінгі шағын топтамада сұхбатқа байланысты бірнеше ойды айттық. Ел аман болсын, жер аман болсын деп тілейік. Алда алынатын қамалдар жеткілікті...
Әбдірашит Бәкірұлы, философ‑публицист
Abai.kz