Дүйсенбі, 12 Қаңтар 2026
Жаңалықтар 110 0 пікір 12 Қаңтар, 2026 сағат 16:02

Бензин қымбаттай ма: Министрлік түсініктеме берді

Сурет: sputnik.kz сайтынан алынды.

Энергетика министрлігі 2027 жылдан бастап ЕАЭО аясында ортақ мұнай өнімдері нарығы қалыптасуына байланысты елдегі бензин бағасы Ресеймен теңеседі деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ведомство өкілдері қазір Қазақстанда АИ-92 бензинінің бағасын көтеруге мораторий бар екенін еске салды. Бұл шара инфляцияны тежеу үшін енгізілген. Министрлік жанармай бағасында күрт өсім болмайды деп сендірді.

— 2027 жылдан бастап ЕАЭО аясында мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығын құру кезең-кезеңімен жүзеге асады. Бұл – заңнамаларды үйлестіру үдерісі, басқа елдермен бағаны бірден әрі автоматты түрде теңестіру деген сөз емес. Кез келген интеграциялық процесте басты басымдық – Қазақстанның ұлттық мүддесі мен азаматтардың әлеуметтік жағдайы, — деп түсіндірді энергетика министрінің кеңесшісі әрі ресми өкілі Әсел Серікпаева.

Сонымен қатар, министрлік нарықтық факторларды ескермеуге болмайтынын да атап өтті. Қазақстандағы жанармай бағасының төмен болуы «сұр» экспортқа жол ашады – бензин көрші елдерге заңсыз тасымалданып, ішкі нарықта тапшылық қаупін тудырады. Сондықтан бағаны көтеру қажет, бірақ бұл бірден емес, біртіндеп жүзеге асады.

— Қазіргі төмен бағалар инвестиция тартуға кедергі келтіреді. Ал салаға Шымкент, Атырау және Павлодар зауыттарын кеңейтуге, сондай-ақ төртінші мұнай өңдеу зауытын салуға қаражат қажет. Мораторий аяқталғаннан кейін нарықтық бағаға көшу біртіндеп жүргізіледі. Барлық шешімдер экономикалық жағдай мен халықтың табысына қарай қабылданады, тұтынушылар үшін «шок» болатындай сценарий болмайды, — деп сендірді министрлік.

Abai.kz

0 пікір