Жексенбі, 8 Ақпан 2026
Абай.tv 8347 0 пікір 19 Қаңтар, 2026 сағат 00:21

Жұртыңа жанашырсың ба, жаусың ба?

Сурет: Ә.Қосанның жеке мұрағатынан алынды.

Немесе Жаңа Қазақстан тұсындағы сыншылдықты саралау

Конституция талаптарына жөне президент Тоқаев жариялаған «Алуан-түрлі пікір – біртұтас ұлт», «Еститін Үкіметт» қағидаттарына сай еліміздегі жағдай мен билікке қатысты қоғам мен азаматтар тарапынан сын, балама пікір айтылуын заңды, демократиялық дәстүрге әбден сай жайт деп санаймын. Несін жасырайын, өзім де талайдан бері сол қатардан табылып келемін. «Алажағым кетсе де, айтажағым кетпесін!» деп, ескі және Жаңа Қазақстанға жеккөрінішті боп келе жатқан жайымыз бар.

Осы ретте өз тарапымнан «ескі Қазақстаннан Жаңа Қазақстанға өткісі кеп жатқан біздің елде пікір еркіндігі мен қоғамдық сынның жағдайы қандай?» деген сұраққа жауап іздеп көрмекпін.

Меніңше, бүгінгі сыншылдықтың бірқатар ерекшелігі бар.

Сөз жоқ, кез-келген билік секілді Қазақстан билігінің кемшілігі жетіп артылады. Бізде орын алған олқылықтардың объективті және субъективті себептері де бар.

Объективтісіне транзиттік кезеңнің қиындықтарын, әлемдік және ішкі дағдарыс (жалғыз ғана экономикалық емес!), қаржы тапшылығы, отыз жыл бойы тазаланбай келген «Авгий атқорасының» мүшкіл жағдайын жатқызуға болады. Оған ушығып бара жатқан геосаяси ахуалды қосыңыз: мұхиттың ар жағындағы Венесуэладағы жағдай, басқа ел аумағындағы мұнай тасымалдау құбырларына дрондардың шабуылдауы, қара алтын тасыған танкерлердің тәркіленуі біздің мұнайымыздың бағасына, қала берді онсыз да таусылып бара жатқан бюджетімізге кері әсерін тигізеді деп кім ойлаған?!

Субъективті себептер қатарына бүгінгі үкіметтің шұғыл да шешуші реформаларды қолға алуға қауқарсыздығын, бейқамдығы мен біліксіздігін, менеджерлік мінезсіздігін, өз мойнына жауапкершілік алып, шешім қабылдай алмауын, кадрлық саясаттағы бұра тартушылықты, «бармақ басты, көз қысты» жемқорлықты қосар едім. Міне, көптеген сыншылар осы мәселелерді тізе отырып, қазіргі жағдай мен алда объекивті түрде күтіп тұрған қиындықтар туралы ашық айтып, жарыса жазуда.

Байқасам, осы қауым, соның ішінде белгілі тұлғалар, сыни пікірін екі түрлі жеткізеді.

Біріншісі – сыныққа сылтау, тырнақ астынан кір іздеп, аузына ақ ит кіріп, көк ит шығып, билікті жерден алып, жерге салып, жер-жебіріне жетіп, тиісті саяси ұпай жинаумен ғана айналысатын секілді. Өйткені, сын бар да, кемшіліктерді түзеу жөніндегі нақты ұсыныс жоқ, тек қана біржақты, жалпылама қаралау. Және де көбісі – мемлекет өмірінің барлық саласынан «хабардар» «әмбебап» маман: кез келген тақырыпқа албаты ұрына  береді! Олардың сөз саптауы тым тұрпайы десек те болады.

Екінші топтың сыны – сындарлы. Яғни, сынап-мінеп қана қоймай, елдегі жағдайды, соның ішінде нақты салаларды жақсарту жолдарын ұсынады. Ондай мамандардың, өкінішке орай, саны аз, алайда ол қауымның санаты – сапалы, сабырлы да салиқалы. Орынсыз радикализм, хайп жоқ. Сөз саптаулары ұстамды да ұғынықты, мәнді, мазмұнды, мәдениетті.

Бірінші топтың сынын мен тіпті түсінбеймін, түсінбеу былай тұрсын, жек көремін. Олар елдегі қиындықтар туралы жазғанда құдды бір жер астынан жеті қоян тапқандай, сүйінші сұрап жатқандай көрінеді маған! Және де сындарының артында: «көрдіңіздер ме, билікте мына оңбағандар емес, мен болсам, жағдай әп-сәтте мүлдем өзгеріп, барлық мәселе шешіліп, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман орнайды» деген сасық саяси дәме жатқандай!..

Екінші топ елге шынымен жаны ашып, «көппен көрген ұлы той», елмен бірге бастан кешіп жатқан, алда да бірге көретін қиын-қыстау кезеңді бірге бастан өткеретінін біліп, сол кезеңнен тезірек шығуды меңзейді. Билікті сынаған сөздерінде еліне деген сүйіспеншілік, мемлекет болашағына алаңдаушылық бар. Олар сынды жеке басының пайдасы үшін емес, ортақ іске мысқалдай болса да өз үлесін қосып, көтеріп отырған мәселенің шынымен де шешімін табуы үшін айтады.

Бірінші топ «тисе терекке, тимесе, бұтаққа» қағидатын ұстанып, бүгінгі билікті жамандаймын деп, қыза-қыза келе Отанымызға, мемлекетімізге тіл тигізуге дейін барады. Сөйтіп,  «бояушы, бояушы дегенге, сақалын бояптының» керін келтіріп отырады.  Олардың сөздері шетелдерде қайталанып жатады да, ұлтқа зиянын да тигізеді. Оларға айтарым: билікті, ондағы жеке тұлғаларды иттің бір жерінен жек көрсең де, Отаныңа опасыздық танытпа, оттама, туған жерге тіл тигізбе, мемлекетіңді мансұқ етпе!

Екінші топ ондай саяси әдепсіздікке бармайды, билікті сынаймын деп, өз елін, өз ұлтын қараламайды, өз жұртын басқа жұрттың көзінше төмендетпейді.

Бірінші топ қоғамдық сын секілді жанрды пайда көзіне айналдырып алған сықылды. Тіпті шенеуніктер мен кәсіпкерлерді бопсалап, ақша тауып жүргендері де жоқ емес. Оны ұзынқұлақтан естіп, біліп те жүрміз.

Екіншілерінде ондай арам пиғыл жоқ.

Бірінші топ сын секілді қаруды жеке басқа, өзіне жақпай қалған тұлғаға ғана қарсы қолданады, сөйтіп жүріп, клан не топаралық тартыстың қолшоқпарына айналып кеткенін білмей қалады. Бір адамнан өшін алғанша, өлуге дайын.

Екінші топтың ондай ойы жоқ, олар жалпы жүйемен, жүйені құраған заңдармен, жүйені билеп отырған күштермен, жауапты тұлғалармен күреседі.

Қоғамдық сынның саяси астары да жоқ емес.

Байқаймын, бірінші топ ескі Қазақстан тұсында өзін оппозиция санаса, Жаңа Қазақстан құрылып жатқанда, саяси инерциямен өзін сол ымырасыз оппозиция қалпында сақтап қалғысы келеді. Яғни, кезіндегі антиназарбаевшылдар бір күннің ішінде автоматты түрде антитоқаевшыл боп шыға келді. Елде болып жатқан аз да болса, оң өзгерістер мен биліктің риторикасының өзгеруін олар мүлдем байқамайтын сияқты.

Екінші топ саяси процеске эволюциялық тұрғыдан қарауға тырысады. Кезінде билікке ашықтан-ашық қарсы шыққан тұлғалар бүгінде оның (биліктің) сөзі мен қимыл-әрекетіне жаңаша, жан-жақты қарауға тырысады. Өйткені өмір тек қана ақ пен қарадан тұрмайды, ол екі түстің басқа да реңктері және ақ пен қарадан басқа да түстер бар емес пе? Саяси санадағы мұндай өзгерісті объективті процесс деп санаймын және көкірегі ояу, көзі ашық ағайын осы астарды түсінеді деп ойлаймын.

Сынның ар жағында саясат та бой көрсетіп қалатыны бар.

Бірінші топ саяси сынды президентке немесе биліктегі басқа да лауазымды тұлғаларға қарсы пайдаланады, кейбір экс-банкирлер секілді оны саяси вендеттаға, жеке басының кегіне, кек қайтаруға ұластырып жібереді. Олардың кей кезде заң алаңынан шығып кететін, өте-мөте радикалды сөздері мен ұрандарына сеніп қалатын ағайын әлі де аз емес.

Екінші топ жалпыдемократиялық құндылықтар негізінде жүйені өзгерткісі келеді, өйткені жүйе жөнделсе, заңдар түзелсе, болашақта билікке келетін кез- келген президент, оның айналасы, биліктің үш тармағы басқаша, өркениетті түрде, ең бастысы, халқымен санасып қызмет атқаруға мәжбүр болады. Ал бір «жаман» адамды екінші «жақсы» адамға ауыстырғаннан түк шықпайды: алтын көрсе, періштең де, президентің де жолдан таюы мүмкін!

Бірінші топ революцияны, төңкерісті қалайды. Алайда оның салдарынан жазықсыз адамдар құрбандыққа шалынып кететінін түсінбейді.

Екінші топ жүйені эволюциялық жолмен өзгерткісі келеді. Олар болуы ықтимал қан төгіске қарсы. Оларға елдің амандығы, мемлекеттің Тәуелсіздігі, жердің тұтастығы керек. Сол үшін саяси амбицияларын тыйып ұстайды.

«Сынға – сын, сырға – бал» демекші, катаң цензура үстемдік етіп, тыйым салынған бірпартиялық Совет кезеңінде «сын түзелмей, мін түзелмейді» деп, мақала жазғанымыз есімізде. Ол кездің журналистикасы бас билікке тиіспесе де (ондайға кім жол берген дейсіз?), жекелеген министрлер мен облыс басшыларының былықтарын қорықпай, ашып жататын.

Қазір бізде сол үрдістің өзі де жоқ.

Министр не облыс басшысын сынаған мемлекеттік БАҚ-ты көрдіңіз бе? Тіпті президенттің өзі оларды жерден алып, жерге салса да, сол өзекті тақырыпты жалғастырып кеткен мем-БАҚ бар ма? Оларды сынаса, тек олигархтарға бір табан жақын, онда да тек өз қарсыластарына ғана тісі бататын, құрылтайшылардың тапсырмасымен нақты тұлғаларға ақпараттық шабуыл жасай алатын БАҚ қана сынай алады. Оның өзі толыққанды сөз бостандығы емес, ол дегеніңіз – топаралық талас-тартыс.

«Ақсақты тыңдай, өтірікті шындай» қылуға дағдыланған билік те сынға деген көзқарасын өзгертуі керек. Мәселен, «Алуан-түрлі пікір – біртұтас ұлт» деген қағидатқа кейбір шенділер осы кезге дейін қарсы сияқты. Неге десеңіз, төменгі жақтағы шенділер президенттің алдына барып, «маған тапсырған салаңызда, аймағыңызда ешқандай да проблема жоқ, барлық тапсырмаларыңызды мүлтіксіз орындап жатырмын» деп есеп берсе, тәуелсіз БАҚ немесе әлеуметтік желілердегі азаматтар басқаша баға беріп, министр не әкім жасырып қалған шындықты айтып жатады. Осы тұрғыдан алғанда, министрлер мен әкімдердің жұмысына қоғам талаптары негізінде баға беретін азаматтар – президенттің тегін көмекшілері емес пе?! Шындық пен Әділеттікті іздеп, басын тауға да, тасқа да соғып, сол үшін шенділердің қудалауына ұшырап жүрген азаматтар арамызда жүр емес пе?

Сол себепті болар, әртүрлі деңгейдегі шенділер өздерінің көздерін шұқып, дәлелді де деректі сын айтқан кез-келген азаматты өзінің ғана емес, мемлекеттің дұшпаны ретінде көрсеткісі келетіндей. Ескі Қазақстанның түбіне жеткен осы теріс үрдістен бас тартатын уақыт келді деп санаймын!

Әйтпесе, кезінде сын ұғымымен қатар «өзін-өзі сынау» деген де талаптар болған-ды. Өкінішке орай, ондай талап бүгінгі шенділердің бойынан көріне бермейді.

Ескі Қазақстан тұсында мансап жағынан өсу, атақ-дәреже мен марапат-сыйлық алу секілді үкіметтік жарылқаудың бірден-бір жолы болған – жағымпаздық, шендінің алдында жорғалау секілді қасиеттердің әлі де салтанат құрып кел жатқаны, әрине, өте-мөте өкінішті.

Сөз соңында айтарым мынау.

Бүгінде плюралистік қоғам бір-біріне антагонист, жоғарыда көрсетілген екі бөлек сипаттары бар екі лагерьге бөлінген.

Меніңше, билік күні кешегі сұхбатында президент Тоқаев Сталиннен цитата ретінде келтірген «табыстан басы айналу» дертінен арылуы керек. Бір қызығы сол: бүгінде базбіреу биліктің бір жақсы бастамасын қолдай қалса, әлеуметтік желілерде оған екінші лагерь: «Бұл адам сатылып кеткен, биліктің тапсырмасын орындап отыр», – деп жабыла кетеді! Яғни, биліктің  жақсылығын айтудың өзі «қауіпті» болып барады! Өз басым мұндай жағдайды моральдық, саяси, өркениеттік тұрғыдан мүлдем орынсыз деп санаймын! Осы бетімізбен кете берсек, ертең мемлекетіміз, Республикамыз туралы жылы сөз айтудан қалатын шығармыз?..  Сөйте-сөйте, елімізден, елдігімізден айрылып қалуымыз да ғажап емес!..

Жоғарыда сараланған сыншылардың екінші  тобының бір өкілі ретінде мені дәл осы қауіп ерекше толғандырады.

Әміржан Қосан

Abai.kz

0 пікір