Дүйсенбі, 19 Қаңтар 2026
Жаһан жаңғырығы 114 0 пікір 19 Қаңтар, 2026 сағат 13:45

Соғыстан көз ашпаған Сирия...

Сурет: Usbanov ARNASY телеграм арнасынан алынды.

Сирия деген сиырдың бүйрегіндей бытырап жатқан, қырық жамау ел ғой. Таяу Шығыстағы ең отты нүктелердің бірі. Бір жағында – Ливан, бір жағында – Израиль, тағы бір жағында – Иордания, шығыста – Ирақ, солтүстікте – Түркиямен шекараласып жатқан ел.

Тарихы мыңжылдықтарға тамыр тартқанымен, заманауи мемлекеттік құрылымы 1946 жылдан тарқатылады...

Қайсыбіржылы халқы 20 миллионнан асты деген (2011 ж.). Қазір 15,5 миллион адамға жетер-жетпес. 2011 жылдан бері қақтығыстан көз ашпай келе жатыр. Билік әскері мен қарулы оппозиция, Күрд жасақтары, Сирия демократиялық күштері, Ислам мемлекеті террорлық тобы, алауиттер, друздар т.б. өзге де діни, этникалық топтар арасында шайқас бір сәтке тоқтаған емес.

Тәуелсіздік алғаннан күні-бүгінге дейін бұл мемлекетте кемі 15-16 рет әскери төңкеріс болған. Ең соңғысы алдыңғы жылы Ахмед аш-Шараа бастаған қарулы төңкеріс әкелі-балалы Асадтардың 54 жылдық билігін төңкеріп тынғаны белгілі.

Бұл мемлекет әйгілі «араб көктемін» де бастан өткерді. Тунистен басталған көтерілістер 2011 жылы ақыр аяғында дәл осы Сирияға да жетті. «Араб көктеміндегі» ең көп адам шығыны да осы Сирияда болды (371 мыңнан асады).

ҚОЛДАУСЫЗ ҚАЛҒАН КҮРДТЕР

Қазір Сирияда не болып жатыр? Кескілескен шайқастар болып жатыр. Бірнеше аптадан асып барады, елдің солтүстігінде Аш-Шараа әскері (үкімет әскері) мен Сирия демократиялық күштер әскері (күрд жасақтары) арасында қанқасап шайқастар жалғасуда.

Аш-Шара әскері Алепподағы күрд жасақтарын бірнеше ауданнан ығыстырып шығарған. Ал соңғы 2 күнде күрдтер 3 мың шаршы шақырым жерден айырылды. Соның ішінде бірнеше ірі мұнай кен орны Аш-Шарааның бақылауына өтті. Қазір Аш-Шараа әскері елдің солтүстік-шығысында екпіндеп шабуылдарды үдетіп келеді.

Бұрын осы күрдтерді АҚШ сырттай қолдайтын. Қазір Пентагон «аймақтағы ахуалдың ушығуына алаңдаушылық» білдірумен шектелуде. Аш-Шарааның Трамппен тіл табысқаны мен Сирия әскерін Түркияның қолдауы күрдтердің жағдайын қиындатты.

2019 жыл. Түркия күрд жасақтарына солқылдатып соққы жасаған кезде де, АҚШ оларға көмек қолын ұсынбаған. Ол кезде Трамп: «Біз неге күрдтерге көмектесуіміз керек? Олар 1944 жылы бізбен бірге Нормандияда соғысып па еді?!», деп шорт кескен. Бұл жолы да күрдтер қолдаусыз қалып отыр.

АШ-ШАРАНЫҢ ШАРТТАРЫ ҚАНДАЙ?

Бүгін Сирия президенті Ахмед аш-Шараа Үкімет әскері мен СДК (SDF) арасындағы шайқастарды тоқтату туралы келісімге қол қоятынын, ал шешілмеген мәселелер уақыт өте келе шешілетінін айтты.

Ахмед аш-Шарааның айтуынша, келісім бойынша Сирияның солтүстік-шығысындағы 3 провинция (Әл-Хасеке, Дейр-әз-Зор және Ракка) Үкімет бақылауына өтеді.

Сирия үкіметі мен Күрд жасақтары арасындағы келісімнің шарттары мынадай:

1)Майданың барлық шебінде ұрыс қимылдарын толық тоқтату;

2)Сирия үкіметіне барлық мұнай кен орындарын беру;

3)Күрд сарбаздары (СДК) толықтай Сирия Қорғаныс министрлігінің құрамына өтеді. Бірақ, жеке әскери құрам болып жасақталмайды, жеке-жеке жауынгер болып қосылады;

4)Ахмет аш-Шараа Әл-Хасеке провинциясына губернатор тағайындайды;

5)Түркиямен шекарада орналасқан Әйн әл-Араб қаласынан ауыр техникалар шығарылады. Жергілікті қауіпсіздік құрылымы жасақталып, ол Сирия Ішкі істер министрлігіне бағынады;

6)ДАЙШ-тың барлық лагерлері мен тұтқындары Сирия үкіметінің бақылауына өтеді. Олардың тағдырын үкімет анықтайды;

7)СДК атына Сирия үкіметіне мүше болатындардың кандидатуралары ұсынылады;

8)СДК өз құрамындағы Күрд жұмысшылар партиясының жауынгерлерін елден шығарады;

9)Сирия үкіметі ДАЙШ-пен соғысын жалғастырады.

АҚШ Ахмет аш-Шарааның бұл шарттары мен келісімін құптады. АҚШ-тың арнайы өкілі Баррак: «Президент аш-Шараа елдегі күрдтердің Сирияның бөлінбес бөлшегі саналатынын тағы бәр мәрте дәлелдеді. АҚШ бұл келісімді құптайды және біздің ежелгі серіктесіміз ДАЙШ-пен күреске ыждаһаттылықпен қосылады деп сеннеді», - деді.

Abai.kz

0 пікір