Бейсенбі, 22 Қаңтар 2026
Жаңалықтар 478 0 пікір 22 Қаңтар, 2026 сағат 13:54

Шымкенттегі қанды төбелес: Үш қылмыстық іс қозғалды

Сурет: SN.kz сайтынан алынды.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Сенатта өткен брифингте Шымкентте болған жол-көлік оқиғасының мән-жайы туралы айтты.

Спикердің айтуынша, бұл дерек бойынша қазіргі таңда үш қылмыстық іс қозғалған:

  1. Адам өлтіруге оқталу және кісі өлтіру фактісі бойынша;
  2. Адам ұрлау фактісі бойынша;
  3. Қару қолдану арқылы жасалған бұзақылық фактісі бойынша.

Бірнеше күдікті қамауға алынды. Оқиғаның себептері мен жағдайларын анықтау, сондай-ақ күндізгі уақытта мұндай қылмыстың жасалуына жол берілген жайттарға байланысты қызметтік тексеру жүргізу және полиция күштерінің жұмысын кешенді бағалау үшін Шымкентке орталық аппараттың басшылары – Криминалдық полиция департаментінің, Тергеу департаментінің және Ішкі қауіпсіздік департаментінің жетекшілері жіберілді. Бұл іс бойынша әлі ұстала қоймаған фигуранттар да бар, алайда полиция барлық қатысы бар адамдарды анықтап, ұстау үшін барлық қажетті шараны қабылдап жатыр. Қосымша ақпарат кейінірек беріледі, – деді Санжар Әділов.

Вице-министрдің мәлімдеуінше, ешкім қылмыстық жауапкершіліктен құтылып кетпейді және алдағы уақытта барлық кінәлі тұлға қылмыстық заңнамаға сәйкес жазасын алады.

Еске салсақ, Жол апаты 20 қаңтар күні Ерімбетов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында тіркелген. Апаттан кейін жүргізушілер арасында жанжал туындап, оған үшінші көлікпен келген адамдар да қосылған.

Қақтығыс барысында бірнеше адам пышақ жарақатын алған. Соның салдарынан 40 жастағы ер адам оқиға орнынан кейін көз жұмды, тағы бір азамат ауыр халде ауруханаға жеткізілді.

Abai.kz

0 пікір