Бейсенбі, 22 Қаңтар 2026
Жаңалықтар 134 0 пікір 22 Қаңтар, 2026 сағат 15:40

Сенаторлар енді қайтеді? Мәулен Әшімбаев не дейді?

Сурет: kazpravda.kz сайтынан алынды.

Сенаторлар Мемлекет басшысының елімізді дамытуға және Тәуелсіздігімізді нығайтуға арналған бастамаларын толық қолдай отырып, оларды ілгерулетуге өз үлесін қосады. Бұл туралы Сенат отырысында спикер Мәулен Әшімбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

– Өздеріңізге белгілі, аптаның басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың отырысы өтті. Қалыптасқан дәстүр бойынша, алқалы жиында еліміздің болашағына ықпал ететін маңызды бастамалар көтерілді. Оның ішінде, конституциялық және парламенттік реформаға қатысты нақты ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, Президентіміз болашақ Парламенттің атауы, құрылымы мен өкілеттігі бойынша пікірін білдірді. Сонымен қатар қоғамдық-саяси және мемлекеттік билік институттарын реформалауды көздейтін ұсыныстарын жариялады, - деп атап өтті Сенат төрағасы.

Сонымен қатар спикер Ұлттық құрылтай мінберінде айтылған жаңа институттарға да тоқталды.

Олардың қатарында Халық Кеңесі және Вице-президент сияқты жаңа институттар бар. Осылайша, Ұлттық құрылтайда Әділетті Қазақстанның жаңа конституциялық моделі айқындалды деп айтуға толық негіз бар.

Жиында айтылған барлық бастаманы Президенттің Жарлығымен құрылған арнайы комиссия сараптап, тиісті өзгерістер топтамасын әзірлейтін болады. Кейіннен, бұл құжат жалпыхалықтық референдумға шығарылады.

– Бастамалардың мақсаты – «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына сай келетін берік әрі әділ жаңа саяси жүйе қалыптастыру, - деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ ол сенаторлардың алдағы міндеттеріне тоқталды.

– Өз кезегінде, Сенат депутаттары Мемлекет басшысының елімізді дамытуға және Тәуелсіздігімізді нығайтуға арналған бастамаларын толық қолдай отырып, оларды ілгерулетуге өз үлесін қосады. Заңнамалық түзетулерді қажет ететін шешімдерді уақтылы пысықтаймыз. Осылайша, мүдделі тараптармен бірлесе отырып, ел игілігіне бағытталған қызметімізді жоғары деңгейде атқарамыз деп сенемін, - деді Сенат спикері.

Abai.kz

0 пікір