Бейсенбі, 22 Қаңтар 2026
Билік 542 0 пікір 22 Қаңтар, 2026 сағат 17:34

Қазақстан ресми түрде «Бейбітшілік кеңесіне» қосылды

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Бүгін «Давос» экономикалық форумында АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен құрылған «Бейбітшілік кеңесінің» жарғысы бекітіліп, қол қойылды.

Осыған дейін «Bloomberg» агенттігі: «Газа секторындағы ахуалды реттеу үшін құрылған органның өкілеттігі мен жарғысының түпкілікті нұсқасы Дүниежүзілік экономикалық форум аясында бекітілмек», - деп хабарлаған.

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен құрылған «Бейбітшілік кеңесінің» Жарғысына қол қойды.

Сондай-ақ, бүгін «Бейбітшілік кеңесінің» алғашқы мүшелері таныстырылды. Олар: АҚШ, Қазақстан, Әзірбайжан, Армения, Болгария, Бахрейн, Марокко, Аргентина, Венгрия, Индонезия, Иордания, Косово, Пәкістан, Парагвай, Катар, Сауд Арабиясы, Түркия, БАӘ, Өзбекстан, Моңғолия. Алдағы аптада аталмыш кеңеске тағы ондаған ел қосылады деп күтілуде.

«CNN» дерегінше, аталған кеңеске әзірге АҚШ-тың дәстүрлі еуропалық одақтастары қосылған жоқ.

Кеңес бастапқыда Газа секторының болашағын қарастыратын жаңа халықаралық орган ретінде құрылған. Дегенмен, оның жарғысы оған шын мәнінде әлдеқайда кеңірек функциялар берілетінін және БҰҰ-ға балама бола алатынын көрсетіп отыр.

«Бейбітшілік кеңесінің» төрағасы – Дональд Трамп болып бекітілген. Аталған кеңеске ұзын-ырғасы 60 елдің басшылары шақырылған. Олардың қатарында, Қазақстан, Украина, Ресей мен Беларусь те бар.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кералайн Левитт: «Бейбітшілік кеңесі» - жаңа халықаралық ұйым», - деп мәлімдеді.

Abai.kz

0 пікір