Орыс тілі – басыбайлы құлдардың тілі болды...
Тіл тарихы – әрқашан халықтың, оның әлеуметтік құрылымы мен саяси билігінің тарихы. Әр дәуірде орыс тілі шіркеудің, мемлекеттік бюрократияның, әдебиет пен ғылымның тілі болды. Алайда XVIII–XIX ғасырларда Ресей империясының өз ішінде бір парадокс қалыптасты: орыс тілі үстем таптың емес, негізінен басыбайлы құлдардан тұрған қарапайым халықтың тіліне айналды. Ал элиталық топтар – дворяндар мен білімді ақсүйектер – французша, кейде немісше немесе латынша сөйлеуді, жазуды және ойлауды жөн көрді.
Қалайша, патшалық билік орнаған империяда «халық тілі» қорланған әрі тәуелді топтың тіліне айналып, ал элита оны дерлік «қарапайым жұрттың жаргоны» деп санады? Осы, құбылысты түсіну үшін Ресей мемлекеттілігінің қалыптасу тарихына, басыбайлылық жүйесіне және мәдени саясатқа үңілу қажет.
Басыбайлылық құқық және әлеуметтік пирамида
XVIII ғасырға қарай Ресейде басыбайлылық институты түпкілікті орнықты. Халықтың көп бөлігі – шаруалар – жерге бекітіліп, іс жүзінде помещиктердің меншігіне айналды. Мемлекет олардың тәуелділігін заң жүзінде бекітіп қана қоймай, шаруаларды империя экономикасының негізгі тірегіне айналдырды.
Орыс тілі, әрине, ауылдың, шаруа дүниесінің негізгі тілі болды. Ол архаикалық формаларды, жергілікті диалектілерді және ауыз әдебиеті дәстүрін сақтап қалды. Алайда Ресейдің ресми және мәдени өмірінде бұл тіл тең дәрежеге ие болмады: ол «төмен», «қарапайым халықтық» тіл саналып, ақсүйектердің нәзік, сыпайы сөйлеуіне қарсы қойылды.
Шаруаларға билік жүргізген помещиктердің өзі орыс тілін жетік меңгере бермейтін. Көптеген дворяндар үшін тұрмыстық әрі мәдени тұрғыдан ана тілі француз тілі еді, кейде неміс тілі қолданылды. Ақсүйек отбасыларында шетелдік гувернанттар балаларды сәби кезінен француз тілінде тәрбиеленді. «Орысша тәрбиелену» төмен тектіліктің белгісі саналды. Осылайша орыс тілі тек шаруалардың тілі ғана емес, езілгендердің тіліне айналды.
Француз тілі – империялық аристократияның тілі
І Петр реформаларынан кейін, әсіресе ІІ Екатерина тұсында, ресейлік дворяндар Еуропаға, ең алдымен Францияға көңіл аударды. Мәдени үлгі ретінде Париж тек киім мен өнерде ғана емес, тілде де үлгі көрсетті.
Француз тілі бірнеше қызмет атқарды: ол «жоғары қауымның» және сарайдың тілі болды; дипломатияда қолданылды; «өркениетті» қарым-қатынастың белгісі саналды.
XVIII–XIX ғасырлардағы Ресей империясында тіл іс жүзінде екі деңгейге бөлінді:
Халықтық тіл – шаруалар, қолөнершілер, саудагерлер сөйлейтін ауызша тіл;
Элиталық тіл – дворяндар сөйлеп, жазатын француз тілі (кейде неміс тілі).
Мұндай бөлініс әлеуметтік алшақтықты күшейтті. Дворяндар шаруаларды тек экономикалық тұрғыдан ғана емес, мәдени жағынан да өздерінен төмен қойды. Орыс тілі оларды «қара тобырмен» байланыстырғандықтан, төмен мәртебенің нышанына айналды. Бұл жағдай басыбайлылық құқық Еуропаның көп елдеріне қарағанда ұзақ сақталған Ресейге тән құбылыс еді. Еуропада XIX ғасырға қарай ұлттық тілдер мәдениет пен ғылымның тіліне айналып үлгерген болса, Ресейде мұндай жағдай орын алмады.
Неліктен дворяндар орыс тілін менсінбеді?
Ресейде элитаның ұлттық тілден алшақтауына бірнеше себеп болды:
Басыбайлылықтың ұзақ сақталуы. Шаруалар «тірі тауар» күйінде болған кезде, олардың тілі де тәуелді таптың тілі ретінде қабылданды.
Еуропаға еліктеу. Ресей ақсүйектері өздерінің «өркениеттілігін» Францияға еліктеу арқылы дәлелдеуге тырысты.
Дворян балаларын тәрбиелеу жүйесі. Шетелдік гувернёрлер француз және неміс тілдерін үйретіп, орыс тілі төменгі қатарға ысырылды.
Осылайша орыс тілі «басыбайлылардың «крепостнойлардың» – тілі» ретінде қалыптасты. Бұл оның кедейлігі немесе шектеулілігінен емес, қоғамдағы қатаң сословиелік иерархияға байланысты еді. 1861 жылы басыбайлылық жойылғанға дейін орыс тілі шаруалармен байланысты тіл ретінде қабылданып келді.
Ресей империясында орыс тілі шынымен де «басыбайлы құлдардың тілі» мәртебесіне ие болды. Шаруалар халықтың көп бөлігін құраған әлеуметтік құрылымнан туындады. Дворяндар төменгі таптан саналы түрде алшақтап, француз тілін элитарлықтың символы ретінде қабылдады.
Бейсегазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz