Тәуелсіз ел қақпасын не мәселелер қағып тұр?
Әрине, халықтың қалауы да осы - биліктің қазақ тілінде сөйлеп кетуі!
Бұған не кедергі - осыны зерттеу керек:
- психологиялық;
- әлеуметтік-социологиялық;
- саяси-идеологиялық;
- экономикалық-теориялық;
- лингвистикалық-философиялық .
Міне, осы мәселелерді зерттеп, шындықты көрсетер болсақ, онда тіл саясатын ұлттық бағытқа бұру жеңіл болар еді.
Қазір біздің санамызға «назарбаев синдромы» әбден сіңіп алған.
Оны біз байқамаймыз, елеулі мәселе деп қарастырмаймыз.
«Тіл - демографиямен ілесе, «өзін-өзі емдеп алады» деген самарқаулық құшағындамыз.
Алайда, осы кезде шынайы «тіл субъектілерінің» қатары сиреуде.
Олар өзімен бірге «тілімізге деген патриоттық қатынасты» ала кетуде.
Ал, технология заманымен бірге өскен ұрпақ «тіл қадірін» тек прагматикалық мақсатта пайдаланады.
Қазіргі жаппай көрініс табушы «ағылшын тілдік бум» осының айғағы...
Ендеше, қазақ тілін мемлекеттік қызметке келудің басты атрибутына айналдыру қажеттігі пайда болды деп мойындау керек.
Ал, ол, ең алдымен биліктен саяси шешімді талап етеді...
Билік болса «Бұл тәуелсіздікке қауіп болуы мүмкін» деген иллюзиялық қорқыныш жетегінде жүр.
Осыны сезген сыртқы агрессиялық күштер оқтын-оқтын біздің территориялық тәуелсіздігімізге «пропагандалық шабуыл» ұйымдастырумен келеді.
Оларға осыны «сыбырлап айтатын» өз сатқындарымыз да болуы мүмкін... Оны да жоққа шығара алмаймыз...
Олай болса, біз Тіл мәселесінде қатқыл саяси позиция ұстанып, тәуелсіз мемлекет екенімізді үнемі жария етіп отыруымыз қажет!
Онымен бір мезетте тіл дамуына экономикалық дамуды сәйкестендіру де маңызды болады: алдымен «таза қазақ тілді экономикалық секторлар» бағытына назар аударып, оны Мемлекеттік даму драйверіне айналдыру қажет.
Ал «тілге мойын бұрғысы келмейтін» салаларды (мысалы, банктерді) оған бағынышты ететін экономикалық тетіктерді тауып, олар Заңмен бекітілуі керек.
«Тіл - эволюциялық жолмен дамиды» деген бұрынғы Назарбаев парадигмасы тозды.
Енді, біздің мемлекет демографияны және геосаясатты ескере отырып, қазақша тілдік ортаны мейлінше дамытпаса, сөйтіп, тілдің коммуникативті функциясын жетілдірмесе - жалпы даму баяулай береді: халық ағылшынша сөйлеп кетпейді, экономика, бизнес, ғылым, технология қазақша сөйлеп кетпейді...
Осы қайшылықтың бастапқы белгілері енді анық көріне бастады...
Ал, және де, қазақ халқының алдында осындай глобалды мәселесі алда тұрғанда, арамызда ортағасырлық діни схоластиканы уағыздаған «діншіл ұстаздар» да аяқтан қауып, балаққа жармасуын үдете бастады!
Оны да тоқтату керек - дінді әр адамның жүрегіндегі «жекеменшік мешітіне» қайта тығу керек.
Әрі қарай оның, яғни діннің мәселесін ол адамның өзі шеше жатады...
Ал, қазір біздің халықты, мемлекетті «Тіл, Ұлттық болмыс, Унитарлы мемлекеттілік, Тәуелсіз экономика мен технология, Ұлттық ғылым мен Ұлттық тәрбие, Ұлтаралық қатынаста диаспоралардың қазақ мәдениетіне интеграциялау» сияқты өзекті мәселелер алқымнан алып тұр...
Со кезде тынысты тарылтып жатқан кедергілерді қорықпай аластайтын уақыт қақпаны қағып тұр...
Әбдірашит Бәкірұлы,
философ, «Қазақ әлемі» РҚБ құрылтайшысы
Abai.kz