Қоңыр дәптерге қонған ойлар (жалғасы)
Ей, жол үстіндегі жолаушы! Адам өміріндегі алғашқы қадамның бәрі, алдымен - санадан. Кеселді жеңу үшін кісіде: «Сол кеселді жеңемін!» деген сенім болуы керек дейді дәрігерлер. Плацебо тәсілі. Бұл сана күшінің денеге әсері. Сананың материяға әсері. Яғни, кванттық физика жаңалығы. Бұл пайым бойынша адам санасы ғаламдық санамен тікелей байланыста. Ғаламдық сана адам санасына қалай әсер етсе, адам санасы да ғаламдық санаға солай әсер етеді. Өйткені, адам жаны ғаламдық жанның бір бөлшегі. Дін бойынша да адам жаны Алланың аманаты. Тән өлгеннен кейін жан ғаламдық рухқа қосылады. Ғылым шынтуайтында тән де өлмейді дейді. ДНК денгейінде топырақта сақталады дейді. Клондау арқылы оны тірілтуге болады дейді. Дін де осыны айтады. Таңдамақшарда Жаратушы әхлі адамзатты тірілтіп алады дейді.
ххх
Ей жол үстіндегі жолаушы!
Бүгінгі әңгімеміз: «Бізді кім жаратқан?» деген бала жастан бізді мазалаған бір сұраққа жауап іздеуден басталған еді. Бүгін осынау сұраққа, кім-кімді де бейжай қалдырмайтын сұраққа өз әл-қадарымызша жауабымызды жария еттік. Байқағаныңыздай бұл жауап жоғарыдағы сойқан сұраққа жалғыз біздің берген жауабымыз емес, бұл сол сұраққа бүгінгі ғылым мен діннің бірігіп берген жауабы дерлік.
Бұл сұрапыл сұраққа адам пенде ес жиып, етек жапқалы сабылып жауап іздепті. Дін жолымен де, ғылым жолымен де. Бұл екі жол үш ғасыр ұдай бірін-бірі жоққа шығарып келген. Сөйтіп, бұл екі жол, екі жолаушы ақыры өрмелеп Ақиқаттың асуына шыққаны туралы американдық ғалым Р.Джестроу бейнелі түрде былай айтыпты:
«Білім биігіне ұмтылған ғалым осы жолға бүкіл ғұмырын сарп етіп, «мойны ырғайдай, биті торғайдай» болып, ақыры Ақиқаттың ең соңғы асуына аяқ ілдіріпті. «Аспанмен таласқан Ақиқат шыңына ақыры бірінші болып жеттім бе, «ух!» деп, еңсе көтеріпті. Көзі шың басында отырған бір топ қауымды көреді. Сөйтсе, бір топ әулие Ақиқат шыңының басына баяғыда жетіп бұ жерде атамзаманнан бері отырған болып шықты!» дейді.
Ендеше, бір нәрсе анық. Бүгінгі адамзат Ақиқат шыңына қай жолмен жетсе де Аллатану әліпбиінде жүргені анық. Құдайтану кіріспесінде жүргені анық.
ххх
Бұ Дүние - екі жол
Бірі - оң да, бір - сол.
Бірі шәк те, бірі – Хақ.
Бірін тапсаң бірі жоқ.
ххх
Ей жол үстіндегі жолаушы!
Құдайтануда дін иелеріне бір көп қойылатын сұрақ бар. Ол мынадай сұрақ:
-Құдайсыз қурай сынбайтын болса, тағдырдың бәрі туылғаннан пешенемізге жазылатын болса, онда, біз мына тіршілікте неге тыртаңдаймыз, ананы істейміз, мынаны істейміз деп?! Бәрібір Құдайдың жазғаны болады емес пе?! - деген сұрақ.
Ғаламторға қарап отырсақ бұ сұрақты қоюшылар христиндар арасында да, мұсылмандар арасында да жетеді екен. Бұл сұрақты қоюшылар мәселені одан әрмен ушықтыра түсу үшін тағы да былай дейді:
-Құдайсыз қурай сынбайтын болса, адам жасайтын қылмыстардың бәрі пешенемізге обастан жазылып қойылған болса, онда, біз неге Қиямет Күні күнәларымыз үшін Құдай алдында жауап береміз?! Біздің пешенемізге сол күнәларды баттитып жазып қойған Құдай жауап беруге тиіс емес пе?!- дейді.
Бұл сұраққа да дін иелері өздерінше жауап беріп жатады. Бірақ, қалай, қайтып жауап бергендері есімізде жоқ. Бұл сұраққа біз де жауап іздедік. Өз әл-қадарымызша, әрине.Алдымен, қолымызға Ибн Касирдің 1301 жылы жазылған «Пайғамбарлар қиссасы» түсті. Бұ кітап Аллатағаланың ең алғаш Қалам мен Лаухул- Маһфузды жаратқанынан басталады екен. Мухаммед с.ғ.с:
«Аллаһтың ең алғаш жаратқан нәрсесі Қалам. Сосын оған «Жаз!» деді. Ол сол уақытта Қиямет Күніне дейін болатын нәрселерді жазды» деген.
Бұл Убада ибн Самит жеткізген хадистен. Демек, Алланың әмірімен тағдыр кітабы Лаухул-Маһфузге Қиямет-Қайымға дейінгі жаратылыс, тіршілік тағдыры түгел жазылып қойылған. Оның ішінде өмірге әлі келмегендер тағдыры да бүге-шүгесіне дейін жазылып қойылған. Соған қарағанда, тағдыр кітабы Лаухул-Маһфуз бүгінгі біздің тілімен айтқанда - суперкомпьютер. Оған Алланың әмірімен күллі жаратылыс пен күллі тіршілік тағдырлары толық жазылып түгел сыйып кеткен.
Адам баласына Аллатағала бұ жалғанда өз қалауынша әрекет етіп өмір сүруге ерік бергені де белгілі болатын бізге қасиетті кітаптардан. Сондықтан да, Таңда Мақшарда әр пендеден жеке-жеке жауап алынатыны белгілі болатын. Ойлап қарасақ, адам басына ерік берілмей, ол тек Құдай қалауымен жүріп-тұрар болса, онда ол адамды Құдайтағала қалай жазаламақ?
Демек, Құдайтағаланың адам баласына ерік бергені, және, Құранда айтылғандай, бұ жалғаншының адам баласына сынақ үшін берілгені ақиқат. Осы ақиқаттан тағы бір заңды сұрақ туады. Әр адам өзіне берілген еріктің арқасында білгенін істейтін болса, онда, әр адамның болашақ әрекетін Құдайтағала қалайша алдын-ала хаттап жазып қойған деген сұрақ туады. Яғни:
- Аллатағала біздің болашақ тағдырымзды түгел түгендеп қалайша Лаухул-Маһфузға жазып қойды?- деген сұрақ туады.
Міне, осы сұрақтың өзі біздің ойлау жүйеміздің шектеулі екенін көрсетеді. Біздің ойлау жүйеміз шектеулі болғандықтан да Құдайтағаланың шектеусіз болмысын зерделей алмаймыз. Болмысты тек өз биігімізден бағалаймыз. Аллатағала құдіретін ойша қамти алмаймыз. Сондықтан да, тағлыр кітабы Лаухул-Маһфузға адам баласының барлық болашағы жазылып қойылуы біз үшін ақылға сыймайтын нәрсе. Бірақ, біз бірнәрсені ұмытып кетеміз. Болашақты болжағыш пенде көрсек тоқтай қалып құлақ түретінімізді ұмытып кетеміз.Болашақты болжау Құдай тұрмақ Құдайдың талай құлдарының да қолынан келгенін ұмытып кетеміз. Тарихта заманын тамсантқан талай әулие көріпкелдер болғанын ұмытып кетеміз. Сөйте тұра, біздің болашағымыз жазып қойған Құдайтағаланың Лаухул- Маһфуз кітабына сенбейміз?! Сенбейтініміз ақылымызға сыймайды.
Тоқтаңыз, біздің ақылымызға сыйса ол Құдайтағала боларма еді?! Құдайтағала шексіз. Біздің ақылымыз шектеулі емес пе еді?! Осы сұраққа кезінде Абай хәкім де бас қатырып: «Аллатағала – өлшеусіз, біздің ақылымыз өлшеулі. Өлшеулімен өлшеусізді білуге болмайды!» деп, жазып кетпеп пе еді?!
Демек, адамды жаратуды білген Құдайға оның болашағын білу, болашақ тағдырын білу, сөйтіп, оны тағдыр кітабы «Лаухул-Маһбузға» жазып қою қиын болды дейсіз бе? Ол деген сөз Құдайтағала адам баласының тағдырын пешенесіне таңбалап жазып қойды деген сөз болмаса керек. Ол деген сөз әр адам баласы болашақта не істеп, не қоятынын Құдайтағала өз хикметінің арқасында біледі деген сөз. Құдайтағаланың Қиямет-Қайымда әділет таразысын құрып әр адамнан Бұ Жалғандағы әрбір амалы туралы, оның күнә, сауаптары туралы түптеп, тәптіштеп, түбегейлі есеп алатыны сондықтан. Ей, жол үстіндегі жолаушы! Раббыңыз – әділ. Ол өз құлдарына қылдай да қиянат жасамайды.
ххх
Барлық қозғалыстар ой қозғалысынан басталады. 19 ғасырда бірер ойшылдың басына келген ой, түптің түбінде тарихты төңкеріп түгел адамзаттың түбіне жете жаздады.
Ол қандай ой еді? Оны қозғаған қімдер еді?
19 ғасырдың бірінші жартысында «адамзат санының өсуі Жер бетінде адамзатты үлкен экономикалық дағдарысқа ұшыратады» деп ой толғаған ағылшын ойшылы Мальтус адамзаттың көбеюіне аттандап алғаш қарсы шыққан ойшыл болды. Атағы дүр ете түсті. Күллі Еуропа елең етті.
19 ғасырдың екінші ортасында болса «тіршілікте тек күштілер ғана өмір сүруге тиіс, өйткені, оларды табиғаттың өзі солай сұрыптаған» деп, «Джунгли заңын» өмірге әкелген жаратылыстанушы ағылшын Дарвин адамшылықтан аттауда Мальтусты асып түсті.
Бұлардан кейін 19 ғасыр соңында ой сахнасына ырғып неміс философы Ницше шықты. Ол анау-мынау емес, Құдайдың өзінің жағасынан ала кетті. Құдайды «өлді» деп жариялап Мальтусті де, Дарвинді де шаң қаптырып кетті.
Сөйтіп, 19 ғасыр бойы Құдаймен қоштасып, Сайтанмен достасқан Еуропа осылайша адамзаттың қас жауы фашизмді толғатты.
Ницшені қолдаушылар бірінші болып Германиядан табылды. Партия құрды. Сөйтіп, 1920 жылы Германияда Ұрдажық нацизм партиясы өмірге келді. 1921 жылы осы партия басшылығына Гитлер сайланды. 1933 жылы осы партия Германияда билік басына келді. Гитлер ұлт фюреріне айналды.
Гитлер Ницше архивін зерттеуге 3 рет келген дейді. Әрине, иман іздеп келмегені анық. Имансыздық іздеп келгені анық. Гитлер Ницше архивінен іздегенін табады. Әйгілі философтың «Заратуштра осылай деген», «Билікке ұмтылу» атты атышулы еңбектерін фюрер бір емес, бірнеше рет оқығаны байқалады. Оны қалай байқадық. Фашизм ұранына айналған «Үстем адам» теориясынан байқадық. «Үстем адам» - Ницше философиясының кілті болды. Ницше адамдарды екіге бөлді. «Үстем адамдар», және, «құл адамдар» деп. Фашизм «құл адамдар» құрымай қоғам оңбайды деді. «Құл адамдар» кімдер? Олар – әлсіздер, аурулар, мүгедектер, немесе, адам еместер. Фашизм «адам еместер» қатарына түгел бір халықты да жатқыза салды. «Адам еместерді» қыру «үстем адамның» міндеті, қоғамды тазалау үшін деп білді. «Үстем адамдар» қатарына арийлар жатқызылды.
Гитлер Ницшеден қоғамды бақытты етудің тағы бір жолын үйренді. Гитлер қоғамды бақытты етудің төте жолы соғыс деді. «Үстем адам» соғыс үшін туған деді. Бұл да - Ницшеден. «Үстем адам» өз мақсаты жолында ешнәрседен аянбауға тиіс. Құл –құтандар құрығанша соғысуға тиіс. Аяушылық, мейрім, қайырымдылық дегендерді ұмытуға тиіс. «мен сіздерді ар-ұят деген құбыжықтардан құтқарушымын!» Сонда ғана сіздер «үстем адам» бола аласыздар! – деді. Ницше философиясының да кілті осы. Ницшені пір тұтқан Гитлер идеологиясының да кілті осы.
Осыдан келіп біз «барлық қозғалыстар ой қозғалысынан басталады» деп отырмыз. Бүгінгі әлемге көз салсақ та болып жатқан қантөгістер барлық қозғалыстардың авторы бар екенін көрсетеді. Бүгінгі соғыстардың да билік басында отырған бүгінгі фюрерлердің ой қозғалысынан туғанын көрсетеді.
Ей, жол үстіндегі жолаушы! Ендеше, ой қозғалысынан сақ болуымыз керек екен. Әсіресе, билік басындағылар ой қозғалысына сақ болуы керек екен.
ххх
Философияда «трансцендентті» деген термин бар.Жалпақ тілмен айтқанда қолмен ұстап, көзбен көруге болмайтын адамның сезім мүшелері арқылы қабылданбайтын құбылыстар. «Мистика», «ғайып» деуге де келеді.
19 ғасырдан бастап осынау көзге көрінбейтін, қолға ұстауға болмайтынның бәріне тәкаппар ғалымдар қолды бір сілтеді, надандық деп. Тәкаппар ғалымдар, сөйтіп, көзге көрінбейтіннің бәрінің маңдайына, яғни, Құдай, дін, аруақ дегендердің маңдайына «дін - апиын» деп таңба басып тарих қоқысына тастады.Мешіт, шіркеулерді сүрді. Қожа молдалардың соңына шам алып түсті. Сөйтіп, құдайсыз қоғам құрды.
Алайда, 20 ғасыр басында тәкаппар ғалымдардың күйсеуі өзгере бастады. Себеп, бұл ғалымдар тереңнің тереңіне үңілген еді. Материяның ең кіші бөлшегі атом болса ғылым сол атомның ядросына шұқшиды. Сол атом ядросындағы элементар бөлшектерге үңілді. Ол бөлшектер протон, нейтрон және оларды айналып жүретін электрон еді. Яғни, анау көктегі алып планеталардан бастап мына Жердегі биттей бізге дейін осы атомдардан тұрады екенбіз. Мінеки, сол тәкаппар ғалымдардың бірі атом ішіне үңіліп шошып кетті. Өйткені, оның назары түскенде атом ішіндегі элементар бөлшектер жүрісінен жаңылып дірдектеп кеткен еді. Ғалым назарын аударып әкетті. Сол-ақ екен элементар бөлшектер бұрынғы қалпына қайта түсті.Ғалым өз көзіне өзі сенбеді. Атом ішіне микроскоппен қайта үңілді. Элементар бөлшектер тағы да дірдектеп кетті. Осыған дейін дүниені материя билейді деп келген ғалым таңданғаннан естен танып қалды. Өйткені ол, өзі айтып жүргендей материяның санаға емес, керісінше сананың материяға ықпалын өз көзімен көрді. Материяны қозғап тұрған Құдірет сана екенін көрді. Яғни, жаратылыстағы бірінші Құдірет сана екенін көрді. Квант механикасы аталатын бұл жаңалықтан кейін 20 ғасыр басында құдайсыз ғылымның күйсеуі күрт өзгерді.
20 ғасыр басында тәкаппар материалистерге кванттық физика тағы бір «тосын сый» жасады. Тіршілік иелері, яғни, біздер атом жиынтығынан құралған молекулалардан тұратынымыз белгілі. Енді, тәкаппар ғылым сол молекулаларды екіге бөліп бірін бір құрылықта қалдырып, екіншісін екінші құрылыққа апарып тастады. Содан кейін, бірінші құрылықтағы молекуланы түртіп қалып еді, екінші құрылықтағы оған туыс молекула шоршып түсті. Тәкаппар ғалымдар таң қалғаннан тағы да талып қалды. Өйткені, екі құрылыққа бөлінген екі туыс молекулалардың арасын не байланыстырып тұрғанын білмегендіктен естен танды. Ақыры есін жиып екі құрылыққа бөлінген туыстас молекулалардың бірін тағы түртті. Молекулалар Жердің екі шетінде тұрса да бөлінбеген бір ағза тәрізді тағы да бір мезгілде шоршып түсті. Табиғаттың бұл сырын түсіндіруге тәкаппар ғылымның миы жетпеді. Сондықтан, олар табиғаттың бұл сырын «кванттық күрмеу» деп таңбалады.
Осы оқиғадан кейін 20 ғасырда тәкаппар ғылым өзгере бастады. Жаратылыста адамның миы жетпес құпия жететінін мойындай бастады. Ғылым заманауи өркениетке дейін адамзат тарихында айтылумен келе жатқан, бірақ, өздері өз қолымен «дін - апиын» деп қоқысқа лақтырған трансцендентті құбылыстарға енді қайта мән бере бастады. Қараса, бұлар енді ашқан ғылыми жаңалықты адамзат баласы атамзаманнан іс жүзінде қолданып келіпті. Әулиелер бір құрылықта тұрып-ақ екінші құрылықтағы Қағбада намаз оқи беріпті. Ғылым бұны телепортация дейді. Аруақтар ана дүниеде жүріп те, мына дүниедегі жақындары жалбарынып шақырғанда жанынан табылыпты. Сондықтан, қазақ жауға шапқанда квантсыз-ақ «Аруақ!» «Аруақ!» деп ұран салыпты.
Бұл ақиқатқа халық көзі ғылымсыз-ақ Құдайға деген сенім арқылы жетіпті. Тәкаппар ғылымдай мұрынын шүйіріп Құдайдан безбепті. 20 ғасырда, соныңмен, асқақтағандарды уақыттың өзі тәубесіне келтірді. Ғылым мен дін, сөйтіп, 21 ғасыр табалдырығын қол ұстасып бірге аттады. «Дінсіз ғылым - ақсақ. Ғылымсыз дін – соқыр» деген Эйнштейннің айтқаны келді.
(Жалғасы бар)
Смағұл Елубай,
Қазақстан халық жазушысы, Түркі дүниесі әдеби сыйлығының лауреаты
Abai.kz