ЖОО-да қазақ тілі қалай оқытылып жүр?
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі
Саясат Нұрбектің назарына!
Қазір елімізде не қазақ, не орыс тілінде немесе өзге тілдерде білім беретін жоғарғы оқу орнындарындағы қазақ тілінің бағдарламасына көңілің толмайды.
Әуелі, өзге тілдерде оқитын студенттерге «Тәжірибелік қазақ тілі» деген оқытылады. Бірақ оның ана тіліміздің құтын қашырып, 100 пайыз нәтиже бермейтін пәнге айналғаны өмір шындығы. Осы білім ошақтарында білім алып жатқан студенттерге қазақ фонетикасын, лексикасын және жазу мәдениетін не орыс, не өзге тілде оқытатын жеке-жеке үш курсқа арналған оқулық керек. Оны жазатын тәжірибелі тілшілер бар. Тек осы курстардың жеке пән ретінде оқытылуына құлқымыз ғана жоқ. Әрі бұл курстар – болашақ зиялылардың қазақ тілін терең білуге деген құлшынысын тудыратын басты фактор. Олар «Тәжірибелі қазақ тілінің» оқытылуынан зәтте болғандар. Мектепте 11 жыл оқығандарын тотықұсша қайталайтын, пәнге салқын қарайтындары да жасырын емес. 10 жыл осы пәннен берген ұстаздардың өзге ұлттан шыққан 100 шәкіртімен қазақша сөйлесіп тұрғаны фантастика! Ұзаса, екі қолдың саусағын бүгіп, санап шыққанда 10-ға толса, еңбегің еш болмаған екен деп қуанар едік, ондай нәтижеге қол жеткізген ұстазға!?
Иә, қазіргі қазақ тіліндегі және өзге тілдегі қазақ тілін оқыту барып тұрған көз бояушылық, ұлт болып ұйысуға кедергі келтіретін басты фактордың бірі. Қазіргі қалыптасып отырған осы бір қауіпті құбылыстан құтылудың жолы орыс тілінде қазақ фонетикасынан, лексикасынан және Қазақ жазуы (орхон, төте жазу, кіріл және латын жазуының екі нұсқасы: бір әріп – бір таңба және qwerty-лік) сапалы оқулыққа ЖОО ұстаздары арасында конкурс жариялау.
Қазақ тілді студенттерге оқытылып келе жатқан қазақ тілі жайында сөз еткенде көңіліміз күпті болады. Мектепте оқып келгендері қайталанып, түк терең білім бермей, тек өздері оқып жатқан негізгі пәндеріне кедергі келтіріп, студенттер ақыр соңы 1 курстан соң емтихан тапсырып, «ух» деп, мәшиненің бесінші доңғалағы болған пәннен құтылады.
Фонетикадан – С. Мырзабековтің, лексикологиядан – Ә.Болғанбаевтың дайын оқулықтарын, «Қазақ жазуы», «Ұлттық жазудағы тыныс белгілері» және «Іс-қағаздарын жүргізу» пәндерінің филолог емес студенттерге арналған оқулықтарын қазіргі жастардың АІ мен ІТ заманының перзенттері екенін ескеріп жазып шығуымыз керек. Бұған ЖОО оқытушыларының қарымы да, қабілеті де жетеді. Тек осыны министрлік құптап, оқулық жазатын ұстаздарға қаржылай жағдай жасауы керек. Әрі оқулық көп болса, білім де сапалы болады.
Ең бастысы қазақ тілі 1 курспен шектелмей, баклаврлық білім алатын студенттерге 4 жыл бойы өз шуағын төгетін болады.
Әбіл-Серік Әбілқасымұлы Әліәкбар
Abai.kz